«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИТАН ҮШІН ТАЛАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аты шулы “Тиолайн” ЖШС-ның құрылтайшылары арасындағы дүрдараздық 13 жылға созылып, ақыры компанияның тең иелерінің бірі – Виктор Долгалевтың қамауға алынуымен аяқталып отыр. Биыл 3 ақпан күні облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда, оған жер қойнауын рұқсат­сыз пайдаланды, заңсыз табыс тапты, салық төлеуден қасақана жалтарды деген айыптар тағылып, соттың санкциясымен тұтқындалған. Қылмыстық істі тергеп-тексеру қаржылық тергеу департаментіне жүктелген. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттарға зер салсақ, В. Долгалев туралы пікірлердің екіге жарылғанын аңғару қиын емес. Оны қолдаушылар жарты мыңға жуық адам еңбек ететін ірі өндіріс ошағы басшысының қарамағындағыларға жан-жақты әлеуметтік қамқорлық жасағанын, оны қос тарап талас-тартысының құрбаны, нақақтан нақақ зардап шегуші ретінде жамырай жазса, қарсы жақ заң талаптарын талай рет белден басқанын алға тартады. Қоғамды әрлі-берлі ой сергелдеңіне салып қойған мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатымен журналистік зерттеу жүргізген едік.

Зымыран жасауда қолданылады

Тайынша ауданының аумағында орналасқан Обухов титан-цирконий кен орны 1958 жылы табылып, барлау жұмыстары жүргізілгенімен, түрлі себептерге байланысты игеру кешеуілдей берген. Мұндай кен орны Ақтөбе мен Шығыс Қазақстанда ғана кездеседі. Обухов – ең ірілерінің бірі. Кен орнының жалпы қоры –7,2 млн. текше метр. Кен минералдарының құрамы мынадай (кг/м3): ильменит – 82,09, рутил – 21,36, лейкоксен – 5,74, цирконий – 80,41, монацит– 0,-5-10. Қазба байлықтарының мұндай мол қоры әлемде Австралияда ғана бар көрінеді. Өндірілетін шикізат құм сықылды өте ұсақ болғандықтан, қалдықсыз ұқсату оңай. Титан-цирконий атом энергетикасында, электроникада, зымыран жасау саласында, смартфон өндірісінде кеңінен қолданылады. Рутил-цирконий концентратын сату көлемі бойынша бұл кен орнының жүз халықаралық компания ішіне кіруі, бұдан бөлек, Қазақстанның Еуропаның титанға деген қажеттілігінің үштен бірін өтейтіні біраз жайтты аңғартса керек.

Алтын көрсе, періште жолдан таяды

Енді “жігітті ел мақтаған – қыз жақтаған” демекші, кейбіреулердің аузының суы құрып, жылы сөзін қарша боратып жүрген Виктор Долгалев деген кім? Қысқаша тоқтала кетейік. 1999 жылы ол қызмет ететін Лисаков тау-кен байыту комбинаты банкрот деп танылып, комбинаттың басым бөлігін “Арсенал Миттал Теміртау” сатып алады. Тарату комиссиясының құрамына енген Долгалев мырза нәпақадан құр қалмайды, Лисаков титан-цирконий зауытын өз атына рәсімдеп алады. Бірде Тайынша ауданына сайтандай сап ете қалған жылпос қу жеке кәсіпорын құруға бел байлайды. Бірақ көзінің құртына айналған кен орнын майшелпекше соруға қаржысы жетпей, ескі таныстары – ресейлік кәсіпкерлерге қолқа салады. Содан Дмитрий Пяткин және Александр Фрайман деген инвесторлармен келісімшарт жасасып, ол екеуі 5 млн.доллар көлемінде қаржы құяды. Осының арқасында “Тиолайн” кәсіпорны ресми түрде тіркеліп, сол кездегі Энергетика және минералды ресурстар министрлігі жер қойнауын пайдалану жөнінде жазбаша рұқсатын береді. Компанияға 6 құрылтайшы (қайтыс болған біреуін есептемегенде) иелік етеді. Біреуі – Долгалев, қалғандары – Ресей азаматтары. Алайда, құрылтайшылардың ауызбірлігі ұзаққа бармайды. Неге екені белгісіз, “алтын көрсе, періште жолдан таяды” дегендей тараптар арасында қаржыға қатысты дау туындап, өзара ымыраға келе алмайды. Үлестерін бөлісу үшін талай соттың табалдырығын тоздырады. Ақыры “тоқсаны жабылып, тоқты жыққан батыр” құсап Долгалевтың жарғыдағы капиталын 20 пайыздан 0,049 пайызға дейін қысқартып, бизнестен ығыстырады, орынтағынан тайдырады.

Салық төлеуден жалтарған

Өмірдің талай “тар жол, тайғақ кешуінен” өткен сыралғы экс-басшы ұлы Даниилмен бірлесіп, “Обуховский ГОК” деген даулы серіктестік құрады. “Даулы” деп отырғанымыз, жер қойнауын пайдалану жөнінде құқығы жоқ бола тұра титан-цирконийді заңсыз өндіру ісімен айналысқан. Сол-ақ екен, детективті кинодан аумайтын бір-бірімен жұдырықтасу, ұрыс-төбелес, атыс-шабыс, топтасып қоқан-лоққы көрсету, түрлі жарақат алу, жалған құжат жасау сияқты іс-әрекеттер жауыннан кейінгі саңырауқұлақ сықылды қаптап сала берген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2006 жылы берілген лицезияны кері қайтарып алу себептерін келісімшарт талабының, жағдайды тез арада түзету ескертпелерінің орындалмауымен түсіндірді. Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпорынның салықты төлеуді күрт тоқтатқанын, осыған орай мәжбүрлі шаралар қолданылғанын мәлімдеді. 2020 жылы 1 маусымдағы сот шешімімен Долгалевке “Тиолайн” компаниясының мүлкін басқаруға тыйым салынғанына қарамастан өзінің бақылауындағы құрылымдар арқылы заңсыз тау-кен өндірісін жалғастырып,  Қытайға және басқа елдерге шикізат экспорттап отырған. Тек үш жыл ішінде ғана (2021-2023 ж.) 113 мың тоннаға жуық кен жөнелткен. Қылмыстық табыстың жалпы мөлшері 26 млрд. теңгеден асқан. Бұл қаражатқа еншілес тұлғалар арқылы кен орнына іргелес жатқан 7,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатып алып, жер асты байлығын шүлен таратқандай оңды-солды шашқан. Осылайша 2 млрд. теңге бюджетке төленетін салықтар мен төлемдерден жалтару фактілері анықталған.

Әкімдік айналысатын іс емес

Біз 2021 жылы “Обухов” кен байыту комбинаты жұмысшыларының бейбіт шеруге шыққанына куә болып, 160 шақырым жерден облыс орталығына ат терлетіп келген арнайы топтың жиынына қатысқан едік. Онда сол кездегі өңір басшысы Құмар Ақсақалов: “Жеке кәсіпкерлердің арасында бітпейтін сот процестері ұзақ жылдардан бері келе жатыр. Ол – құрылтайшылар арасындағы жеке мәселе. “Тиолайн” компаниясы Обухов кен орнын ашып, министрліктен қазба байлықтарын өндіру жөнінде лицензия алған. Былтыр құзырлы орган нысанда тексеріс жұмыстарын жүргізген еді. Серіктестік келісімшарт алған кезінде көрсетілген міндеттемелер орындалған жоқ. Құжатта қанша қазба байлығы өндірілетіні, салынатын инвестиция, төленетін салық көлемі көрсетіледі. Олар толыққанды жүзеге асырылған жоқ. Министрлік олқылықты жоюға уақыт берді. Өкінішке қарай, компания бір жылдың ішінде барлық міндеттемелерді орындамады. Өтелмеген қаржылық және инвестициялық міндеттемелер мөлшері 38 млрд. теңгені құрады. Соған байланысты келісім бұзылып жатыр. Комбинат басшылығы мен жұмысшылары бізден іске араласуды талап етіп отыр. Бірақ бұл облыс әкімдігінің құзіретіндегі мәселе емес. Оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шешеді. Біз проблеманы жан-жақты зерттеп, не істеуге болатынын қарастырамыз”, – деген болатын.

Іле-шала Тайынша аудандық полициясымен хабарласып, өндірісте “Тиолайн” серіктестігінің құрылтайшысына (Долгалев) сот шешімін орындамау фактісі бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқанын білдік. Оған сәйкес, аталған компания аумағынан ештеңе шығаруға болмайды. Обухов кен байыту орындарының бірінен 80 тонна цирконий тасымалданып, темір жол арқылы шетелге өткізуге әрекеттенген. Бұдан бөлек, 17 млн. теңгенің тауарының жолы кесілген.

Егістікті де қазып тастаған

Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2021 жылға дейін әкелі-балалы Долгалевтар кенді өндіріп, өндірілген концентратты сатудан тұрақты кіріс алып отырған. Соған қарамастан олар келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындамаған. Бұл 2021 жылдың 19 наурызында шарттың мерзімінен бұрын тоқтатылуына түрткі болған. 10 сәуірде барлық өндіру опарацияларына тыйым салынып, бұл туралы хабардар етілген. Бірақ “Обуховский ГОК” кәсіпорны ешбір шешімді елемеген. Тіпті кен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден өндіріліп, бұл агроқұрылымдардың наразылығын тудырған. 2023 жылы 11 шілдеде Жоғарғы сот алқасы 2021 жылғы 19 наурыздағы келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуды заңды деп таныса да, Долгалев мойынұсынбаған. Тек 6 айдан кейін 2024 жылдың 15 қаңтарында бұл заңсыздық әрекетке соңғы нүкте қойылған. Мемлекетке келтірілген шығын 4 трлн. теңгеге жуық. Екі жыл 9 айдың ішінде 1,6 млн. тонна титан-цирконий өндірілген. Өнімнің көп бөлігі Қытайға жіберілген. Күмәнді жеке шоттарға 23,3 млрд. теңге аударылған.

Айыпталушының айтар уәжі бар

Танымал адвокат Мақыш Есқараев “Adal Adam” You Tube арнасына берген сұхбатында “ГОК ісі” бойынша В.Долгалевке қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпас шара қабылданғанын мәлімдеді.

“2005 жылы “Тиолайн” ЖШС құрылғанда Долгалевтың үлесі 44 пайыз болған. Санкт-Петербургтың соты компанияда Долгалевтың үлесі жоқ деген шешім шығарған. Оны қалай түсінуге болады? Оның 2007 жылдан 2016 жылға дейін соттасып жүріп, 20 пайыз үлесін қайтадан қалпына келтіргені, құрылтайшылар қатарына енгені неге ескерілмеген? Ресейліктердің 46 млн. бюджет берешегі өтелді. Жұмысшылар саны 35-тен 352-ге, жалақы 82 мыңнан 615 мыңға, концентрат шығару 200 мың тоннаға дейін өсті. Жұмыс орны көбейді. Сонда да компанияны тартып алғысы келеді. Бірінші сәби дүниеге келсе, 1,5 млн., екінші балаға – 3 млн., төртінші балаға 4 млн. теңге төлеп тұрды. Обухов – әлемдегі бірегей кен орны болғандықтан, аяқтан шалушылар көп. Мұның артында олигархтар тұр”,– дейді адвокат.

Бүгінде “Башқұрт сода” компаниясы “Тиолайнның” активтерін сатып алуға мүдделі, қызығушылық танытып отыр деген жорамал басым. Оны уақыт көрсетеді.

Жақында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Обухов кен орнында пайдалы қазба өндіруге электрондық аукцион жариялап, үш жер телімі сатуға шығарылды. Бастапқы мөлшері –1,7 млн. теңге. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыға жұмыс орындарын, әлеуметтік пакет пен жалақыны сақтау міндеттелді. Бұдан бөлек, өңірдің дамуына жыл сайын кемі 38 мың АЕК (140 млн.теңге) көлемінде қаржы салуы шарт. Зауыт тұрғызу, шикізат шығару – қосымша талаптар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp