Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өңір ұстаздарының басын қосқан семинар өтті. Алқалы жиын ұл-қыздарға қосымша білім беретін мұғалімдерге арналды. Шарада облыс орталығында сәндік-қолданбалы өнер, музыка, домбыра, би сияқты үйірмелерге жетекшілік ететін жандардың басы қосылды.
Жиылған 100-ге жуық маманның жиырмасының педагог-зерттеуші дәрежесі бар. Білікті мамандар әріптестеріне шеберлік сабағын өткізіп, өз жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды. Дәстүрлі семинар мамандықтың қыр-сырын жақынырақ тануға жол ашпақ. Бұл түптің түбінде ұстаздардан тәлім алатын балаларға оң әсерін тигізеді.
– Біз қосымша білім беру саласындағы үздік педагогтарға өз тәжірибелерімен бөлісу мүмкіндігін беріп отырмыз. Осылайша әр қатысушы педагогикалық технология, әдістеме тұрғысынан білімін кеңейтеді. Семинарда “Жас дарын” өнер мектебінің, “Айналайын” ансамблінің педагогтары көрген-білгенін ортаға салды, – дейді облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Ирина Колодаева.
Семинар бірнеше бағытты қамтыды. Қолданбалы өнер, хореография, вокал, музыка пәндерінің тәжірибелі педагогтары өз әріптестерімен ортақ тақырыптарды талқылады. Шара соңында семинар қатысушыларының шәкірттері концерт қойды.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.