«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қордың қолдауы қомақты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау – мемлекет дамуының басты бағдарының бірі. Бизнестің өркен­деуі үшін елде бірқатар бағдарламалар мен жобалар қолға алынған. Со­ның арқасында өз кәсібін дөңгелет­кісі келетіндер үшін аяққа нық тұрып, табысқа жетудің мүмкіндіктері мол.

Аталған қолдау шараларының бір бөлігі “Даму” қоры арқылы жүзеге асуда. Бұл жұмыстардың бірнеше мысалына “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында куә болдық. Шараға қатысқан жергілікті журналистер қор жұмысының бағыттарымен танысып, мемлекеттік қолдаудың арқасында қанатын кеңге жайған кәсіпкерлік нысандарын аралады.

“Даму” қорының ұзақ жылғы жұмысының нәтижесінде өңірдегі әр бесінші кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отыр. Бизнесті демеу шараларының арқасында ірі өндіріс орындары пайда болып, салық түсімдері артқан. Қор мамандарының есептеуінше, төленген субсидияның әр теңгесі ел қазынасына 9 есе көбейіп қайтқан екен.

Жыл басынан бері қор жалпы құны 101,8 млрд. теңге болатын 827 жобаны қаржыландырған. Атап айтқанда, 357 жобаға 16,9 млрд. теңгеге субсидия төленсе, 245 жобаға 18,2 млрд. теңгеге кепілдік берілген. Оған қоса 225 жоба бойынша 66,7 млрд. теңге жеңілдетілген несие мақұлданған.

– Бүгінде кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсететін бірнеше бағдарлама бар. Мұның бәрі жұмыс орындарының ашылып, салықтың артуына оң әсер етеді. 2013 жылдан бері өңірде мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер 7,1 мың жұмыс орнын ашып, бюджетке 277 млрд. теңге салық төледі. Солтүстік Қазақстан шекаралық өңір болғандықтан, жүк тасымалына қатысты жобалардың үлесі басым. Сауда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібін қолдауда да өсім бар. “Даму” қорының бағдарламалары шағын және орта бизнесті демеуге бағытталған, – деді “Даму” қоры облыстық филиалының директоры Гүлбаршын Дәулетбаева.

Қор қолдауының арқасында екінші тынысы ашылған кәсіпорындардың бірі – “KMI Engineering” серіктестігі. Серіктестік түрлі медициналық жабдықтар мен қаңылтыр бұйымдар шығарады. 2022 жылы компания арнайы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алған. “Даму” қоры пайыздық мөлшерлемені субсидиялап, қаржының бір бөлігіне кепілдік берген. Кәсіпорында тот баспайтын қаңылтырдан денсаулық сақтау, білім беру мекемелеріне қажетті жабдықтар шығарылады. Дайын өнім ел көлемінде сатылып келеді. Өңірдегі медициналық мекемелердегі темір жабдықтардың көбі осында шығарылады. Шикізат түрінде келген темір қаңылтырлар кесіліп, иіліп, дәнекерленіп, сырланып тұтынушыға жеткізіледі. Серіктестіктің бас директоры Сергей Рябчинский жоғары сапаның арқасында шетелдік өндірушілерді отандық нарықтан ығыстырып шығаруға ниетті екенін айтты.

Бұдан бөлек, БАҚ өкілдері жиһаз шығаратын “МЕБЕЛЬВАМ” жеке кәсіпкерлігі мен жастарға арналған “SMART PEOPLE” коворкинг орталығында болып, жұмысымен танысты. Бұл жобаларға да жеңілдетілген несиелер беріліп, қолдау шарасы бизнестің алға басуына оң ықпал еткен екен.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp