«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Құтыдан шыққан” бала

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Аңсаған сәби” экстракорпо­раль­ды ұрықтандыру бағдарла­масы аясында елімізде сәбилі болған ерлі-зайыптылардың саны жылдан-жылға көбеюде. Өңір­дің бас репродуктологы Виктор Проценконың айтуынша, ЭКҰ Ал­матыда “Экомед” медициналық орталығында алғаш 1996 жылы қол­ға алынған. Біздің облыста бұл бағдарлама 2010 жылы жү­зеге асырыла бастапты. Бастап­қы­да ел бойынша небәрі 100 кво­та бөлінген, 2010 жылдан бастап олардың саны бірнеше есе ұлғайған.

“Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша 2021 жылдан бастап республикаға 7 мың, облысқа 200 квота беріліп келеді. Төрт жылда біздің облысқа 777 квота бөлінген. Аталмыш бағдарлама аясында алғашқылардың бірі болып дүние есігін ашқан сәби биыл 28 жасқа толды.

Маман “Аңсаған сәби” бағдар­ламасының өз талаптары бар екенін айтты. “Бұл бағдарлама міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру аясында тегін жүр­гізіледі. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, жасы 42-ден ас­қандар, аталық ұрығы жоқ ер адамдар және овариалды резерві төмен әйелдер бағдарламаға қатыса алмайды. Егер спермог­рамма аталық ұрықтың жоқтығын көр­сет­се, онда ер адамға “Micro-TESE” отасын жасату ұсыны­лады. Бұл – еркектің белсіздігін жоғары техно­логиялық емдеу әдісі. Хирургия­лық жолмен мик­роскопиялық тех­никаны пайда­лана отыра аталық ұрықтан өмір­ге қабілетті жыныс­тық жасуша алынып, оны кейін мамандар ЭКҰ арқылы қолданады. Бірақ ата-ана баласының жы­нысын таңдай ал­майды, елімізде заң бойынша бұған тыйым салынған”, – дейді дәрігер.

Әйелдің жатыры болмаса, жасы 42-ден асып кетсе және жа­сына қарай гормоналды өзгеріс­терге ұшыраса, дәрігер көмек­тесе алмайды. Ол адамның ба­лалы бола алу қабі­леті шектеулі екенін жеткізді. Ерлі-зайыпты бір жыл­дан артық бала көтермесе, ма­манға барып, тек­серілгені жөн. Бала сүйгісі келген әйелдің жасы 35-тен жоғары бол­са, мұндайда жылдан жылға оның аналық бе­зінде овариалды резерві төмен­дей береді екен.

Көпшіліктің ЭКҰ-ға қатысты пікірі кереғар. Халықтың арасында “құтыдан шыққан” бала аурушаң болып келеді деген сенім қа­лыптасқан. Маманның айтуынша, бұл – жалған ақпарат.

“ЭКҰ генетикалық материалды өңдеумен айналыспайды, біз оған араласа алмаймыз. Бұл тәсіл барынша ұрықтану және одан кейінгі кезеңде әйел ағзасында болатын табиғи процесті қайта­лауға тырысады. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, табиғи жолмен және экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы туған бала­лардың еш айырмашылығы жоқ”, – дейді өңірдің бас реп­родуктологы Виктор Проценко.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp