“Аңсаған сәби” экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы аясында елімізде сәбилі болған ерлі-зайыптылардың саны жылдан-жылға көбеюде. Өңірдің бас репродуктологы Виктор Проценконың айтуынша, ЭКҰ Алматыда “Экомед” медициналық орталығында алғаш 1996 жылы қолға алынған. Біздің облыста бұл бағдарлама 2010 жылы жүзеге асырыла бастапты. Бастапқыда ел бойынша небәрі 100 квота бөлінген, 2010 жылдан бастап олардың саны бірнеше есе ұлғайған.
“Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша 2021 жылдан бастап республикаға 7 мың, облысқа 200 квота беріліп келеді. Төрт жылда біздің облысқа 777 квота бөлінген. Аталмыш бағдарлама аясында алғашқылардың бірі болып дүние есігін ашқан сәби биыл 28 жасқа толды.
Маман “Аңсаған сәби” бағдарламасының өз талаптары бар екенін айтты. “Бұл бағдарлама міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, жасы 42-ден асқандар, аталық ұрығы жоқ ер адамдар және овариалды резерві төмен әйелдер бағдарламаға қатыса алмайды. Егер спермограмма аталық ұрықтың жоқтығын көрсетсе, онда ер адамға “Micro-TESE” отасын жасату ұсынылады. Бұл – еркектің белсіздігін жоғары технологиялық емдеу әдісі. Хирургиялық жолмен микроскопиялық техниканы пайдалана отыра аталық ұрықтан өмірге қабілетті жыныстық жасуша алынып, оны кейін мамандар ЭКҰ арқылы қолданады. Бірақ ата-ана баласының жынысын таңдай алмайды, елімізде заң бойынша бұған тыйым салынған”, – дейді дәрігер.
Әйелдің жатыры болмаса, жасы 42-ден асып кетсе және жасына қарай гормоналды өзгерістерге ұшыраса, дәрігер көмектесе алмайды. Ол адамның балалы бола алу қабілеті шектеулі екенін жеткізді. Ерлі-зайыпты бір жылдан артық бала көтермесе, маманға барып, тексерілгені жөн. Бала сүйгісі келген әйелдің жасы 35-тен жоғары болса, мұндайда жылдан жылға оның аналық безінде овариалды резерві төмендей береді екен.
Көпшіліктің ЭКҰ-ға қатысты пікірі кереғар. Халықтың арасында “құтыдан шыққан” бала аурушаң болып келеді деген сенім қалыптасқан. Маманның айтуынша, бұл – жалған ақпарат.
“ЭКҰ генетикалық материалды өңдеумен айналыспайды, біз оған араласа алмаймыз. Бұл тәсіл барынша ұрықтану және одан кейінгі кезеңде әйел ағзасында болатын табиғи процесті қайталауға тырысады. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, табиғи жолмен және экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы туған балалардың еш айырмашылығы жоқ”, – дейді өңірдің бас репродуктологы Виктор Проценко.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.