«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жас отбасыларға – жақсы мүмкіндік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Түркістан облысы, Отырар ауданы Шәуілдір ауылында туып-өстім. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті тамамдайтын жылы солтүстік өңірден үгіт-насихат өткізуге мамандар келді. Олар “өңірге жастар қажет, мамандар жетіспей жатыр” дегесін тәуекел етіп, 2018 жылы осы жаққа бет алдым. Сол жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне магистратураға “химия-биология” пәндері бойынша оқуға түстім. Еңбек бағдарламасы бойынша құжаттарымды тапсырып, келісімге қол қойылғаннан кейін, мемлекет тарапынан берілетін бір реттік көмекті алдым. Ай сайынғы пәтерақы төленіп отырды.

Осы уақыт ішінде университеттің қолдауымен тәжірибе алмасу мақсатында Ресей мемлекетінің Екатеринбург қаласына барып, бір жыл білім алдым. Қазіргі таңда биотехнология мамандығы бойынша халықаралық дәрежедегі магистрантпын.

2019 жылы отбасын құрып, жарым Ырысжанды ертіп, Қызылжарға көшіп келдім. Мемлекет тарапынан жастарға жалдамалы пәтер берілетінін естіп, құжат тапсырдым. Бізге бір бөлмелі пәтер бұйырды. Петропавл қаласындағы №17 мектепке және Ермек Серкебаев атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжіне жұмысқа орналастым. Жергілікті мектептің мұғалімдері мені жылы қабылдады. Зайыбым да осы қаладағы орта мектептің біріне ұстаздық қызметке орналасты.

Қызылжар өңірі мен үшін өте ыстық, еңбек жолымды осында бастағаныма еш өкінбеймін. Себебі жас отбасылар үшін мұнда мүмкіндіктер өте көп. Біз бір орнында тұрып қалмай, әрқашан дамығанды жақсы көреміз. Қазір зайыбым жергілікті университетте магистратурада оқиды. Қыздарым Айша мен Жұлдыз мемлекеттік балабақшаға барады.

2022 жылы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің директоры Роза Кашеневаның қолдауымен мектеп-интернат директорының оқу ісі бойынша орынбасары лауазымына орналасып, содан бері осы қызметте еңбек етіп келемін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды.

“Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы жастар үшін өте қолайлы. Бірақ соны түсінетіндер аз. Жастар келеді де, дені жарты жылдан кейін кері қайтады. Адам бір жерде көгеру керек. Мен осы бағдарламаның игілігін көрдім. Сондықтан басқа өңірдегі жастар бұл бағдарламаның тиімді екенін түсінсе деймін.

Нұрмұхамед ҚАЙБІЛДА,

Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp