«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заманауи жұмыс кеңістігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Білім – қазіргі заманның басты құндылығы. Бүгінде жаңа білімге құмартқан жастар көп. Ондай жандардың бас қосып, ортақ идеяларды талқылайтын ортасы да бар. Қазіргі білімнің берілу форматы да өзгеріп келеді. Жастар жаңа нәрсені партада отырып қана емес, қатарластарымен кофе ішіп отырып та ала беруге болатынына сенеді. Ал мұндай жаңашылдықтар жүзеге асу үшін соған лайық кеңістік болуы керек. Ондай кеңістік коворкинг деп аталады.

Бұған дейін Қызылжарда коворкинг орталықтар тек білім ордалары мен кітапханадарда ғана болса, енді жекеменшік орталықтар да пайда бола бастаған. Бұл – Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда қалыптасқан үрдіс. Жастар жиналып бірге жұмыс істейтін жер іздеп жатпайды. Қажет болса коворкингтер тәулік бойы жұмыс істей береді.

Ал қызылжарлық жастар “SMART PEOPLE” зияткерлік академиясының коворкингінде бас қоса алады. Бүгінгі күннің өзінде бұл жер жастар ғана емес аға буын өкілдері арасында да танымал орынға айналған.

2019 жылы құрылған академия білім беру және консалтингтік қызметтермен айналысады. Академия мамандары халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттілігін түсініп, мұндай білім алу үшін ең қолайлы кезең – жастық шақ екендігін анықтаған. Сондықтан да мектеп оқушылары мен студенттердің басын қосып, түрлі курстар өткізуді қолға алған. Бұл идея 2019 жылдың тамызында Петропавлдағы Оқушылар сарайында ашылған болашақ жасөспірімдер бизнес мектебінің негізі болды.

Көп ұзамай шеберлік сабақтары мен оқу іс-шараларын өткізу үшін бар қажеттімен жабдықталған кеңістік құру қажеттігі туындады. 2024 жылдың қараша айында “SMART PEOPLE” зияткерлік академиясы “Content Lab” бірінші офлайн оқу курсын іске қосты. Академия компьютерлік, кеңсе техникасы мен жиһаз сатып алуға “Қазақстан Халық банкі” арқылы несие алды. Ал “Даму” қоры несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаған.

– Біз алғашында Оқушылар сарайындағы кабинетте жұмыс істедік. Тамыз айында қала орталығындағы басқа кең ғимаратқа көштік. Қазір мұнда “She comerce 2.0” курсын жүргізіп жатырмыз. Жастарға арналған курс екі модульден тұрады. Бірінші модульге қатысушылар компьютерлік сауатын арттырып, түрлі бағдарламалармен жұмыс істеуді үйренсе, екіншісінде электронды сату құралдарын меңгермек. Мұнда жүзеге асатын жобалар көп. Басым бөлігі – білім беру және ІТ саласындағы бастамалар. Бұған дейін бірнеше айға созылған бизнес-лагерьде жүзге жуық жас оқыды, – дейді білім беру бағдарламаларының директоры Зулфия Тухватуллина.

Курстардан бөлек мұнда жұмыс істеуге де мүмкіндік бар. Бұл жердің қызмет құны да жастар үшін қолжетімді. Керектінің бәрімен жабдықталған заманауи ғимаратта шағын кездесулерден бастап топтық іс-шараларға дейін өткізуге болады. Келушілердің қалауына қарай мұнда екі зал бар. Бір-бірінен айнымайтын күнделікті жұмыс пен жиындар жалықтырған жастар осында келіп, шығармашылықпен, оқу немесе жұмыспен еркін айналысу мүмкіндігіне ие.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp