Парламент Сенатының экономикалық, саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев бастаған бір топ депутат және Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов пен Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келіп, жергілікті жердің индустриялық, инвестициялық әлеуетімен танысты.
Халық қалаулылары алдымен “Зеленый Север” ЖШС-ға қарасты инновациялық жылыжай кешені мен қағаз өнімдерін шығаратын фабрикада болды.
Кәсіпорын директоры Екатерина Асаёнок меймандарды ғимараттың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Нысан ішін аралаған депутаттар жобаға оң бағасын берді. Мемлекеттің қолдауымен “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бөлген 5,8 млрд. теңгеге тұрғызылған жылыжай тұрғындарды жыл бойы дәруменге бай көкөніспен қамтамасыз етеді. Орнатылған құрал-жабдықтар да, қияр тұқымы да Голландиядан әкелінген. Қазір серіктестікте 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бір айда орташа есеппен 300 тоннадай қияр жиналып, жергілікті сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Жылдық қуаттылығы 3 мың тоннаны құрайды. Автоматты климаттық бақылау, тамшылатып суару жүйесі енгізілген.
“Радуга” ЖШС бас директорының орынбасары Дәурен Қатранов Сенат депутаттарын жүзеге асырылып жатқан тың жобалармен таныстырды. Қоқыс қалдықтарының өзі тиімді пайдаланылып, леген, шелек, киім ілгіштер, тағы басқа бұйымдар жасалады.
Кәсіпорын 2013 жылдан бері шикізат қалдықтарын өңдеумен тұрақты түрде айналысады. Жылдық қуаттылығы 4 мың тоннаға жуық. Сабынға деген сұраныс жоғары. Өндіріс цехтарында жарты мыңдай адам еңбек етеді.
“С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында Қазақстанда баламасы жоқ тауарлар өндіріледі. Мұнда халық қалаулыларына озық инновациялық бағдарламаларды өндіріске кеңінен енгізу бағдарламалары ұсынылды. Сенат депутаттары ірі өндіріс ошағының еліміздің қорғаныс саласына қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Бұдан кейін астаналық қонақтар №2 Петропавл жылу электр орталығына аялдап, қаланы жылумен жабдықтау жайымен танысты. Энергетика саласында қордаланған проблемаларды шешу жолдары талқыланды. “СевКазЭнерго” АҚ бас директорының орынбасары Петр Богданов диаметрі 20 метрлік мұржаның қабырғасының қалыңдығы 2,8 метрді құрайтынын, жалпы салмағы 15 мың тонна болатынын айтты. Жоба құны – 2 млрд. теңге. Құрылысы 73 күнге созылған мұржа келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, ескірген тағы бір мұржаның орнына жаңасы компания есебінен тұрғызылмақ. Қазандықтар жаңартылуда. Кадр тапшылығы ескеріліп, жалақы 30 пайызға көбейтілген.
ЖЭО-ның мәжіліс залында өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, өңірде 755 млрд. теңгенің 46 инвестжобасы қолға алынған. Жүк тиеу жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникалары, нан өнімдері, керамикалық кірпіш, тағы басқа салаларға басымдық беріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Сенат депутаттары Есіл ауданында болып, барлық деңгейдегі автомобиль жолдарының сапасын тексерді.
“Биыл республика бойынша 4 мың шақырым жергілікті, 8 мың шақырым республикалық жолдарға жөндеу жүргізіледі. Оның 421 шақырымы Жезқазған-Петропавл трассасына тиесілі”, – деді Сәтжан Аблалиев.
Кездесуді қорытындылаған Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтығұтов бағалы ұсыныстардың қолдау табатынын атап өтті.
Басқосуда кадр саясаты, қаржыландыру, құрылыс жұмыстарының сапасы, нысандарды пайдалануға беру мәселелері де талқыланды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.