“Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдардың бірі – атқарушылық іс жүргізу. Оның басты мәні – борышкерден атқарушылық санкциясын, атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату. Өндіріп алушы мен борышкер іс жүргізу тараптары саналады. Өз пайдасына немесе мүдделеріне атқарушылық құжат берілген жеке немесе заңды тұлға – өндіріп алушы, ал атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға міндетті жеке немесе заңды тұлға – борышкер санатына жатады. Атқарушылық іс жүргізуге бірнеше өндіріп алушы немесе борышкер – әрқайсысы дербес қатыса алады. Атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзі ғана орындай алатын міндеттер (жеке міндеттер) жүктелген жағдайларды қоспағанда, бірге қатысушы атқарушылық іс жүргізуде өз мүдделерін қорғауды, басқа бірге қатысушыға оның келісімімен тапсыруы мүмкін. Атқарушылық іс жүргізу тараптары атқарушылық іс жүргізу материалдарымен, оның ішінде электрондық нысанда танысуға, олардан үзінді көшірмелер жасауға, көшірмелерін алуға, қосымша материалдар беруге, өтініш білдіруге, атқарушылық іс-әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесінде ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге, атқарушылық іс-әрекеттер процесінде туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдері мен пікірлерін айтуға, атқарушылық іс жүргізуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдері мен өтініштеріне қарсылық білдіруге, бас тартатынын мәлімдеуге, атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Атқарушылық іс жүргізу тараптары өздеріне берілген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ осы заңның талаптарын орындауға, борышкер жұмыс орнының, тұрғылықты және орналасқан жерінің өзгергені, сонымен бірге жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша хабарлауға, атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейін айына бір рет, шақырған жағдайларда сот орындаушысына келуге міндетті. Келмеуі заң нормаларына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстанның азаматы атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысса, сот орындаушы құзыретін иелене алады. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасау кезіндегі құқықтары мен міндеттері заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, орындауға қатысты мәселелер шеңберінде қаулылар шығаруға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға, құпия мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, қажетті ақпаратты, түсініктемелер мен анықтамаларды алуға, атқарушылық құжаттар түсініксіз болған жағдайда түсінік алу үшін сотқа немесе басқа да органдарға жүгінуге, орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту тұрғысынан сотқа ұсыныстар енгізуге, іс жүргізіліп жатқан атқарушылық құжаттар бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға, ұйымдарда атқарушылық құжаттардың орындалуын тексеруге, борышкерлер, сондай-ақ оларда борышкерге тиесілі мүліктің тұрғанын растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесілі үй-жайлар мен қоймаларға кіруге, қажет болған жағдайда, борышкердің қатысуынсыз мәжбүрлеп ашуға, куәгерлердің қатысуымен тексерулер жүргізуге, мүліктің кімге тиесілі екенін анықтағанға дейін оған уақытша тыйым салуға, қылмыстық қудалау органына сот актілерін орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту жөнінде ұсыныс енгізуге құқылы.
Ақмарал ӘБІЛМӘЖІНОВА,
жеке сот орындаушы.