«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Экономиканың ең басты өлшемі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақша – экономиканың ең басты өлшемі. Өндірілген тауар, көрсетілген қызметтің құны ақша арқылы анықталады. Кәсіпорыннан бір ине шығарылса да оның нарықтағы бағасы белгіленеді. Басқаша айтқанда экономика ел дамуының күретамыры болса, ақша – оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп тұрған басты ресурс.

Қаржы – басқаруы қиын эко­номикалық құралдардың бірі. Қазіргідей қиын кезде қолда бар­ды еселеу емес, сол қалпын сақ­тап қалу да оңайға соқпайды. Осы шаруаның бәрін ұршықша иіріп, есеп-қисаптан жаңылмай, ел қазынасының сақшысы болып келе жатқан қаржы саласы мамандарының жұмысы құрметке лайық.

Халықтың жайлы тұрмысы мен әл-ауқаты ел қазынасының кіріс-шығысына байланысты. Қаржының қай салаға қанша мөлшерде жұмсалатыны, уақы­тында игерілуі қашан да қоғам назарында. Өңірде бұл жұмыс­тарды облыстық қаржы басқар­масының мамандары атқарып келеді. Басқарма қызметі облыс аумағында бюджеттің атқары­луын бақылау, қаржыны басқа­руда мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асы­руға бағытталған.

– Осы жылдың үш тоқсанын­да облыс қазынасына 89,5 млрд. теңге қаржы түсті. Оның 37,4 млрд. теңгесі аудандарға бағытталып отыр. Біз бөлінген қаржының уақытылы игерілуіне де талдау жүргіземіз. Тоғыз ай­да өңір бюджетінің 52 млрд. теңгесі, қала, аудан бюджеттері 107 пайызға игерілген. Алайда бөлінген қаражаттың тиісті ба­ғытта жұмсалуы кешеуілдеп жа­татын жағдайлар да кездеседі. Қазан айының басындағы жағ­дай бойынша 6,88 млрд. теңге игерілмеген. Оның 6,39 млрд. теңгесі – Ұлттық қордан бөлін­ген ақша. Көп жағдайда жоба­ларды жүзеге асырудағы әкім­шілік ба­қылаудың жоқтығынан жоспар уақытында орындалмай жата­ды, – дейді басқарма бас­шысы Наталья Дышкант.

Бұл күні сала мамандары, бюд­жетке жауапты мемлекеттік қызметшілер, қаржыгерлер мен банк қызметкерлері өз кәсіби ме­рекесін атап өтеді. Қаржы қыз­мет­кер­лері күні барлығы үшін ор­тақ мереке. Осы ретте елдің ақ­шасын сақтап, халықтың сеніп тапсырған аманатына жауапкер­ші­лікпен қарап жүрген екінші дең­гейлі банк қызметкерлері де ес­керусіз қалмауы керек. Бүгінде жұртшылықтың бір ғана қосым­ша арқылы аударым жасап, де­по­зит ашып, сауда жасап, тіпті құнды қағаздар сатып алып, мем­лекеттік қызметтерге қол жеткізіп отырғаны елдегі банк жүйесінің елеулі жетістігі саналады. Жыл­да­ғы үрдіске сай облыс орталы­ғында екінші деңгейлі банк қыз­меткерлерінің басын қосқан шара өтті. Мерекелік шараға жи­налғандар арнайы сыйлықтарға ие болды.

– Іс-шараға “ForteBank”, “Қа­зақстан Халық Банкі”, “Отбасы банк” және “Банк ЦентрКредит” сынды қаржы ұйымдарының ма­мандары келді. Негізгі мақсат – сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл күй сый­лау. Аздаған жыл ішінде еліміздің банк жүйесі жетіліп, жаңа дең­гейге жетті. Кәсіби мерекеге орай жиналғандар арасында шағын байқау өткізіп, жеңімпаздарға құн­ды сыйлықтар табыстадық, – дей­ді шараны ұйымдастырушылар­дың бірі Анжелика Белескаева.

Қаржы саласы қызметкерлері күнінің 15 қарашаға қойылуы да те­гін емес. Өйткені, 1993 жылы дәл осы күні еліміздің ұлттық ва­лютасы айналымға енгізілген. Со­дан бері төл теңгеміз тәуелсіздігі­міздің айғағы, экономикалық ер­кіндігіміздің кепілі болып келеді. Мемлекетіміздің әлеуеті теңгенің тұрақтылығы мен валюта нары­ғындағы құнына байланысты. Қа­зақстанда өндірілген әр тауар тең­гемізді қуаттап, бағасын арт­тырады. Жеке валютамыздың сәтті қолданысқа енгізілуі – елі­міз­дің егемендік жылдарындағы елеу­лі жетістігі.

– Валютамыздың теңге деп аталуында да үлкен мән бар. Бұл – көшпенділер өркениеті кезінде пайда болған сөз. Бірнеше ғасыр бұрын қазақ даласындағы көне шаһарларда теңге соғу өнері қарқынды дамыған. Қалалардың жұрттарынан ескі теңгелер жиі табылады. Қазақтың “теңге ілу” ойыны да бұл сөзімді айғақтай­ды. Тіпті кей тарихшылар орыс­тың “деньги” сөзінің шығуын да теңгеге апарып тірейді. Дала­мызда билік құрған әр билеуші өз тең­гесін соқтырып отырған. Бұл өнер, әсіресе, Алтын орда кезе­ңінде өркендеді. 1993 жылы ақ­ша­мызды “сом”, “алтын” деп атау туралы ұсыныстар болды. Алай­да теңге ұлттық валютамыздың өткенмен сабақтастығын көрсе­те­тін атау еді. Содан бері ақша­ның құны да, дизайны да көп өз­герді. Бүгінде қазақ теңгесі әсем­дігі, қауіпсіздігі жағынан да дү­ние­жүзінде алдыңғы сатыда, – дейді Назарбаев зияткерлік мек­те­бі тарих пәнінің мұғалімі Сары­хан Кәрімжанұлы.

Теңге дегенде ойға Оралхан Бөкейдің “Бес тиын” әңгімесі ора­лады. Туындыда ауылдың есеп-қисабына жауапты Зәкең атты кейіпкер туралы айтылады. Жұ­мыс тәртібінен жаңылмай, өз ұс­танымынан айнымайтын жанды біреулер қызметінен түсірмек бо­лып ауылға тексеріс шақырады. Тек­серушілер ақша айналымын ары санап, бері санап небәрі 5 тиын ғана жетіспейтінін анықтап, бастарын шайқайды. Келгендер­дің бәрі есепшінің тыңғылықты жұмысын мақтасып жатқанда Зә­кең әлгі жетіспейтін 5 тиынның есе­бін ойлаумен болады. Ақыры балтамен үстелінің тақтайын ашып қалғанда арасынан 5 тиы­нын тауып, көңілі орнына түседі. Қа­рашада меншікті мерекесін атап өтетін қаржы мамандары­ның бәрі де елдің сеніп тапсыр­ған ақшасына осы Зәкеңдей тия­нақты қарап, тиынына дейін игі­лікті іске жұмсаса дейміз.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp