«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақтың Қанышы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжардағы креативті орталықта зерттеуші, “Отбасы хрестоматиясы” жобасының жетекшісі Санжар Керімбаймен кездесу өтті. Шарада жастарға жоба аясында жарық көрген кітаптар таныстырылып, Қаныш Сәтбаевтың қазақ ғылымының өркендеуіне қосқан үлесі туралы айтылды. Өрендер рухани әңгімеге сусындап, қазақтың маңдайына біткен асыл ерлердің ерен еңбегі туралы білді.

Қаныш Сәтбаев – қазіргі қазақ ғылымының іргетасын қалап, ұлтының жоғын түгендеп, саналы ғұмырында халқына пана болып, елдің жүгін арқалаған нар тұлға. Ес білген шағынан бастап ел ісіне араласып, ғылым мен мәдениеттің жоғары сатыға көтеріліп, өзгелермен қазақтың терезесін тең ету үшін жан алысып, жан беріскен тұлғаның есімі ұрпақ жадынан өшіп, көмескі тарта бастағаны жасырын емес. Бұған өткен ғасырдағы теріс саясаттың салқыны да тиді. Осылайша кейінгі буын әлем мойындаған Қаныш Сәтбаевтай алыптың өмірінен бейхабар болып келді. Осы олқылықтың орнын толтырып, жастарды дұрыс жолға бағыттау мақсатында “Отбасы хрестоматиясы” жобасының жетекшілері бұрын басуға рұқсат берілмеген, басылса да таралуына шектеу қойылған, көп оқырманның қолы жетпей жүрген Қаныш Сәтбаев туралы кітаптарды қайта жарыққа шығарды. Төкен Оразовтың “Қаныштың жастық шағы”, Ебіней Бөкетовтің “Жас Қаныш”, Медеу Сәрсекенің “Қуғындалған Сәтбаев” кітаптарына қоса Санжар Керімбайдың “Қаныш және ғылыми майдан” еңбегі де сатылымға шықты. Бұған қоса Қаныш Сәтбаев тұлғасының қалыптасуына әсер еткен әдеби туындылар да бірнеше кітаптық топтама ретінде кішкентай оқырмандарға ұсынылып отыр. Кеште аталған кітаптарды сатып алып, қолтаңба алып жатқан жастар көп болды.

– Шекара маңындағы облыстарда тіліміз тұғырына шығып, ұлттық мәдениетіміз жеткілікті дәрежеде насихатталып жатқан жоқ. Сондықтан Қызылжарда бірнеше рет болып, әр шыққан кітабымызды таныстырып отырамыз. Қуыскеуде дерті белең алған қазіргі ғасырда ұрпақ тәрбиесі кері кетіп барады. Бұлай жалғаса берсе, жастарымыздың бәрі мансап пен байлық қуалап, бордай тозып кетеміз. Мұндайда кейінгі буынға үлгі болар бірден бір тұлға –Қаныш Сәтбаев. Қазақ халқы Қаныштың қандай дәрежедегі алпауыт тұлға екенін әлі бағамдап болған жоқ, – дейді Санжар Керімбай.

Кітап авторының сөзінше, кешегі Алаш арыстары қуғындалғаннан кейін олардың аманатын арқалап, ісін жалғастырғандар Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов болған. Осы қос тұлғаның жанкештілігінің арқасында қазақ мәдениеті өткен ғасырдың ортасына дейін өркендеп, небір ұлттық жобалар жүзеге асқан. Алайда екі алып дүниеден өткеннен кейін қазақ қоғамында кері кету басталады. Бүгінгі қоғамдағы адам күйінетін әрекеттер мен ұлтқа жабысқан кертартпа мінездің бәрі сол кездегі солақай саясаттың салдары.

– Қазіргі көп жастың арманы – беделді жоғары оқу орнын тамамдап, лауазымды қызметке орналасып, шалқып өмір сүру. Ата-аналар да перзентінің құлағына осыны құйып жатыр. Қазақ қоғамына Қаныштай қайраткерлер керек. Ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, ел үшін жауапкершілік арқаламаған жастар ата-анасына қамқор болмақ түгіл, өз өмірінен мән таппай, мал тапқаннан басқаны білмейтін болады. Сондықтан әр адам өзгерісті алдымен өзінен, өз отбасынан, жастардың тәрбиесінен бастауы керек, – дейді Санжар Керімбай.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp