«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР ТАСЫ — ТАРИХ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ даласы – ежелгі мәдениеттің ошағы. Археологтер жас шәкірттерімен бірге жаз маусымында күнге күйіп, жауында қалып, кейбір салқын күндері дірдектеп тоңып жүріп, ежелгі мәдениеттің артефактілерін тауып, жер тарихы, ел тарихы туралы адамдардың білімін жетілдіреді.

Сондай археолог ға­лымдар­дың бірі – Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ К.Ақышев атындағы архео­ло­гия ҒЗИ-дің директоры, про­фессор Марал Хабдуллина. Пет­ропавлдың педагогикалық инс­титутын бітірген соң ол КСРО ҒА Археология институтының аспи­ран­ту­расын аяқтап, көп жыл бойы өзі оқыған жоғары оқу орнында оқытушы болып жұмыс істейді. Кейін Ә.Марғұлан атындағы Ар­хеоло­гия институтында қызмет етіп, ұста­зы К.Ақышевтің же­тек­шілігі­мен тарих ғылымдарының канди­даты ғылыми атағын қорға­ған. 215 ғылыми еңбектің, соның ішінде 7 монография мен 5 оқу-әдістемелік құралдың авторы.

КСРО тарап, темір шымылдық түрілген жылдардан бастап ол өзінің сүйікті ісі – археологиялық қаз­ба жұмысымен айналысып, көптеген қала, бекініс орындарын ашуға қатысқан. Соның бірі – Ша­ға­лалы өзені бо­йын­дағы (қазір­гі Астана қала­сының маңы) Бозоқ қалашығы болса, тағы бірі – Есіл өзені жағасындағы Пет­ропавл қаласының маңынан табылған Ақтау бекінісінің орны. Қола дәуі­рі, яғни осыдан 2500 жыл бұрын­ғы бекініс – сақтар заманынан қал­ған белгі. Ақтау аталуының басты себебі – осы маңнан кейін адам­дар құрылыс салуға әк, ақбал­шық­тар алған екен. Тастары да бозғылт, бір замандарда ақ бол­ғанға ұқсайды.

Осы Ақтау бекінісі, Ботай қыс­тағы, “Қызыл оба” – Алтын Ор­да ханда­рының пантеоны. Солтүстік Қа­зақстан жерін ежелден адам­дар қоныстанып, мұн­да үлкен өр­кениет ізі қалғанын дәлелдейді. Кеңес одағы жылдарында мұндай археологиялық қазба жұмыста­рын жүргізуге тыйым салынды. Өйт­кені ресми идеология қазақ даласын жабайы мекен, бұрын алдындағы малымен бірге көшіп-қонып жүре­тін адамдар ғана қо­ныстанған, тек орыс саяхатшыла­ры келіп, жорықшылары бекініс­тер, қала салған деген сияқты насихатты жүргізіп, адамдарға теріс түсінік қалыптастырды.

Құдайға шүкір, тәуелсіздік жылдарынан бері қазақ даласы ежелден белгілі өркениеттің ор­талығы екені дәлелденіп жа­тыр. Осы қатарда археологтердің тап­қан жаңалықтары орасан зор. Қан­шама шетелдік археоло­гиялық экспедициялар да келіп, өздерін көптен күпті қылған сұрақ­тарға жауап тапты.

Жуырда Қызылжардағы Қожа­берген жырау атындағы №6 қазақ орта мектеп атақты археолог Ма­рал Хабдуллинаны шақырып, кез­десу өткізді. Өйткені осы мектеп­тің оқушылары ғалымның еңбе­гін жалғастырып, оның Петропавл тү­біндегі Солнечный шағынауда­ны­нан тапқан “Ақтау” бекі­нісін одан әрі қазып, ғылыми жобаларын іс­ке асырған екен. Жобаның же­тек­шісі – “Асыл мұра” орталығының ғы­лыми қыз­меткері, белгілі өлке­та­нушы Дәстен Баймұқанов. Бұл кездесуге қаланың өлкетану­шы­лары, мектептердің тарих пәнде­рінің мұғалімдері, жергілікті ар­хео­лог ғалым Анатолий Плеша­ков, университеттің тарихшы сту­дент­тері қатысты.

Кездесуді ашқан мектеп ди­рек­торы Айнагүл Есқалиева оқу­шылардың Ақтау бекінісін қазу жо­ба­сына белсене кірісіп, көп жұмыс істегенін, тіпті оның ма­ке­тін жаса­ғандарын айтып, зерт­теуші оқу­шылар арасынан Айым Шешті­баева мен Алина Тұяқова баян­дама жасады. Оқу­шылар екі жыл­ға жуық бекіністің орнын қазып, көптеген артефакті тап­қанын айтты. Олардың арасын­да ұр­шық­тастар, пышақтың, қан­жар­дың, қылыштың сынық­тары, же­бе­нің, найзаның ұштары бар. Қа­зылған жер көлемі 1 700 шаршы метрді құрайды. “Ұр­шықтастар сол кездегі адамдар­дың малдың жүндерін өңдей алғанын көрсе­теді. Сонымен бір­ге найзаның ұшын, қылыштың жү­зін қайрай­тын арнаулы тастары болған. Тіпті ассуларын салқын жерде ұстау үшін жертөлелер де қазып алған”, – деді ол.

Табылған артефактілердің бә­рі Дәстен Баймұқановтың бас­шылығы­мен облыстық өлкетану музейі­нің экспонаттар қорына қосылып­ты. “Біздің мақсат – осы алаңды үстіне құрылыс жүріп кетуден сақтау үшін этноауылға айналдыру. Он­дай ұсынысымыз­ды жергілікті билікке жеткізетін бо­ламыз”, – деді Дәстен Абылай­ұлы.

Балалардың да археология­мен айналысуға талабы зор екен. Қазба жұмыстарына қатысқандар жазғы демалыстың тезірек бол­ғанын күтіп жүрген көрінеді.

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp