Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы С.Мұқановтың Алматыдағы музей-үйі 1978 жылы 21 қарашада ашылған. Музей әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Жазушының төрт мыңға жуық кітап қоры сақталған кітапханасында сирек, аса құнды туындылар да бар. Сондай құнды кітаптың бірі – қаламгердің зерттеу еңбегі.
С.Мұқановтың “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті /І бөлім/ (ұлтшылдық, байшылдық дәуірі)” атты әдеби-зерттеу еңбегі ең алғаш Қызылорда қаласында 1932 жылы жарық көрді. Бірақ өкінішке қарай, сол кездегі саясаттың өткір сынына ұшырап, бұл туындыны оқуға, қайта басуға тыйым салынды. Шығарма еліміз тәуелсіз ел атанғаннан кейін арада біраз жыл өткен соң ғана, нақтырақ айтсақ 2008 жылы “Атамұра” баспасынан қайта басылды.
Бұл қабырғалы қаламгердің Алаш азаматтарының өмірі мен шығармашылығына арналған елеулі еңбегі еді. Жазушы зерттеу еңбегін “Ұлт деген не?”, “Ұлтшылдық неден шықты?”, “Қазақтың ұлтшыл оқығандары”, “Ұлтшылдықтың өркендеуі”, “Алашорда”, “Төңкеріске қарсылық”, “Ұлтшыл-байшыл дәуірдің ақын-жазушылары” деп аталатын бөлімдерге бөлген. Алаш ақын-жазушылары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, О.Қарашұлы, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Б.Күлеев, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтардың өмірі мен шығармашылығына жеке-жеке тоқталып, мол мәліметтер береді. “…Ұлтшылдық бағытта жүргендердің ол кездегі ірі мақсаттарының біреуі қазақ халқын ағарту, оқуландыру еді. Қазақты оқытып саналандырып алғаннан кейін, орыс отаршылдығына қарсы көтеру еді. Осы мақсатпен ұлтшылдар ауылында қазақ тілінде мектептер ашуды ойлады. Мектеп ашқан уақытта татар, араб, парсы, орыс тілдерінің қазаққа қанағат бола алмайтынын біліп, жаңадан қазақ тілінде оқу кітаптарын жазуға кірісті, тіл мәселесі қолға алынды. Мектеп кітаптарын ескерумен қатар, қазақтың көңілін оятып, өз тілектеріне бұқараны баулу үшін қазақша газет, жорнал дегенді қолға алды”, – деген пікірін білдіреді.
Жазушы бұл еңбегінде Алаш арыстарының ағартушылық қызметі мен білім беруге сіңірген еңбегіне оң баға береді. Кітаптағы бір сөзінде “…Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектептерінің іргесін қалаған, алғашқы адам – Ахмет Байтұрсынов. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес”, – десе, Мағжан туралы “Ақындық жағынан келгенде Мағжан, әрине қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ”, – дейді. Ал қазақтың алғашқы романы жайлы: “Бақытсыз Жамал” – үлкен тарихи маңызы бар роман. Бұл роман арқылы Міржақып қазақтың өсіп келе жатқан капиталистерінің ескі феодалдық өмірге қарсылығын көрсетті”, – деп шынайы бағасын береді. “…Жүсіпбек Аймауытовтың соңғы кезде шыққан күрделі еңбектері “Ақбілек” дейтін ұзақ романы мен “Күнекейдің жазығы” деген ұзақ әңгімесі. “Ақбілек” ерте кезде “Әйел теңдігі” журналында басылып жүрді. Бірақ түгел басылған жоқ. Әйткенмен, оның толығын мен Жүсіпбектің өзінен оқыған едім”, – деген естеліктерімен бөліседі.
Жасыратыны жоқ, Сәбит Мұқанов зерттеу еңбегін сол кездегі идеологияның әсерімен таптық көзқараста жазған. Бұл туралы әдебиетші ғалым, сыншы, профессорлар Тұрсынбек Кәкішев пен Күләш Ахмет кітаптың 2008 жылы шыққан басылымының алғысөзінде былай дейді: “…Мәскеуде қызыл профессорлар институтында керемет қиыншылықпен оқып жатқан Сәбиттің осы кітапта аты аталғандардың ағайын-туыстарына, жақтастарына, әріптестеріне жек көрінішті боларын біле тұрып 458 беттік еңбекті жазуында керемет көрегендік бар. Біріншіден, әдебиетке өзінің қолтаңбасын қалдырғандарды тарих бетіне сақтап қалу болса, екінші, әдебиет түгіл, өмірге қайтіп оралар-оралмасы беймәлім сотталып, жер аударылған дарындардың Сұлтанмахмұт пен Ахметтен басқасы жөнінде рецензия жазылмаған, тіпті жеке мақалаға арқау болмағандардың шығармашылығын зерттеп, тексеру, кейінгіге із қалдыру, аттарын өшіріп алмау мақсатын көздеген сияқты. Және оны сол кездегі таным-білікке негіздей жазбаса еңбегі еш болатынын сезген, сондықтан социологиялық ой мен сөзді еркін қолданған”.
Сәбең “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” атты еңбегін қайта бастыруға оқталып, 1963 жылдың 14-қаңтарында Қазақстан Жазушылар одағына хат жазады. Ол былайша өрілген:
“Менің 1929-1930 жылдары “ХХ-ғасырдағы қазақ әдебиеті” (байшыл-ұлтшыл дәуір) есімді көлемді еңбек жазғанымды, ол еңбектің 1932 жылы латын әрпімен қалың кітап боп (450 беттей) басылып шыққанын білесіздер. Кітаптың өз тұсында байшыл-ұлтшылдық идеологияны әшкерелеуде бірталай рөл ойнауы мәлім. Одан бері 30 жыл уақыт өтті. Кітап қайта басылған жоқ. Культтың белең алған кезінде “бұл кітапта байшыл-ұлтшылдарға трибуна берілді” деп мені біреулердің кінәлағанын да білесіз. Қазір менің осы кітапқа тағы да оралғым келеді, өйткені елеулі кемшіліктерімен қатар, кітап қазіргі “байшыл-ұлтшыл” дегеннің не екенін жақсы білмейтін жастарға пайдалы да сияқты. Кітапты қайта қарар алдында Жазушылар одағының жәрдемі керек, сондықтан, осы кітаптың бұрынғы редакциясын Жазушылар одағына оқытып, оның қандай сыны және талабы барын білгім келеді. Осы мақсатпен, кітаптың машинкаға орыс әрпімен басылған бір данасын Жазушылар одағына беруді мақұл көрдім. Ендігі сөз, одақтікі. Құрметпен: Сәбит Мұқанов 14.01.1963 жыл. Алматы”.
Филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет: “Өкінішке қарай, Сәбит Мұқановтың өтініші қазақтың ұлттық әдебиеті үшін өзекті болғанына қарамастан, одақ қолдамаған. Өтініш одақтан қолдау тауып, іске асса, ар жағында Алаш азаматтарын да ақтауға бір-ақ қадам емес пе? Себебі 1957 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталғаннан кейін алпысыншы жылдары Алаш азаматтарын ақтау жөніндегі мәселе Жазушылар одағында оқтын-оқтын көтеріліп отырған”, – деп жазады.
Сәбит Мұқанов қандай да бір теріс пікірде жазылған мақалаларындағы қателіктерді өзі мойындап, өзі қайта түзеп жазып отырған. Егер жазушы бұл еңбегін қайта жазғанда, Алаш азаматтары туралы пікірлерінің басқаша болары даусыз еді.
Заманның аумалы-төкпелі кезеңіне еріп, Сәбеңнің бұл еңбегі таптық көзқарас тұрғысынан жазылғанын жазушы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, С.Мұқановтың әдеби-мемориальдық музей-үйінің негізін қалаушылардың бірі Құлбек Ергөбек: “Кезеңдік кер саясатқа қарсы тұра алмаған, әрі өзінің дүниетанымы да коммунистік көзқарас тұрғысынан қалыптасқан С.Мұқанұлы Алашорда өкілдері өмірі мен әдеби шығармашылығын өз дүниетанымы тұрғысынан қарап талдады”, – деп атап өтеді.
Сәбит Мұқановтың “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” еңбегі сол кездегі жүйенің ықпалымен теріс көзқараста жазылса да, қазір де, болашақта да Алаш зерттеушілері үшін өз құнын жоғалтпайды деген ойдамыз.
Рашида ОТАР,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-кешенінің ғылыми қызметкері.
Алматы қаласы.