Өңірдегі тұрақтандыру қорында қазіргі уақытта 12 мың тоннаға жуық өнім бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің басым бөлігі – жергілікті тауар өндірушілердің өнімі. Қорды толықтыруға биыл облыстық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінген.
“Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 14-і енген. Қыс мезгілінде көкөністер “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи қоймасында сақталады. Нысанда көкөністі мамыр-маусым айларына дейін бұзбай сақтауға мүмкіндік беретін қажетті жағдай жасалған. Температураны бақылайтын, желдететін құрылғылар орнатылған. Қор сөресіндегі қант, күріш және тұз сияқты өнімдер өзге өңірлерден жеткізіледі. Олардың бағасын мамандар ерекше бақылауға алған.
Азық-түлік тұрақтандыру қорының сауда орындарына күн сайын жөнелтіледі. Ал ірі супермаркеттерге аптасына үш рет жеткізу қызметі қарастырылған. Тұрақтандыру қорымен ауылдардағы дүкендер де жұмыс істейді. Өтінімдерді аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдері қабылдайды.
“Қорға 11,7 мың тонна өнім, 5 млн. данадан астам жұмыртқа сатып алынды. Қоймада 1247 тонна картоп, 450 тонна пияз, 470 тонна қырыққабат, 477 тонна сәбіз бар. Сондай-ақ 4,5 мың тонна бидай ұны жеткізілді. Тұрақтандыру қорының өнімдері облыс орталығының және барлық аудандардың дүкендерінде сатылады”, – деді “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Гамали Жұмашов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.