– Ерлан Бейсенұлы, 14 жыл “Qyzyljar” телеарнасын басқарып, жақында жергілікті университетке қызмет ауыстырған екенсіз. Телеарнаның өзіңіз басқарған уақыттағы жетістіктері мен кемшіліктері жайлы айта кетсеңіз.
– Өзіндік бай тарихы бар телеарнаны басқару – үлкен мәртебе. Директорлыққа тағайындалмас бұрын 2003 жылдан бастап сонда қызмет еткенмін. “Қазақстан – 2030”, “Өнерпаз болсаң…”, “Бес асыл іс” сынды көптеген бағдарламалардың авторы болдым. Саяси тақырыптағы жобаларды жүзеге асырдым. Журналистік қабілетімді байқап, жұмысқа шақырған Жарасбай Сүлейменов, Кәрібай Мұсырман ағаларыма алғысымды білдіремін. Шынында да телевизия – мен үшін үлкен мектеп. Кейін облыстық әкімдікке баспасөз қызметіне кетіп, араға уақыт салып қайтып келгенде, бұл ұжыммен жұмыс істеу маған оңайырақ болды.
Мен басшылыққа келгенде қазақша хабарлардың үлес салмағы өз деңгейіне (сол кезде елу де елу деген талап болды) көтеріле алмай, бекітілген межеге жете алмай, Астанадағы басшылықтан қазақ тіліндегі хабарлардың аздығы туралы ескерту де алатынбыз. Сосын қазақша бағдарламалардың санын арттыруды алғашқы мақсат қылып қойдық.
Тағы бір жетістігіміз – “Қазақстан – Петропавл” атауының “QYZYLJAR” деп ауысуы. Бұған сол кезде “Қазақстан” корпорациясын басқарған Ерлан Қаринның қосқан үлесі орасан зор екенін айтпай кету мүмкін емес.
Әрине кемшіліктеріміз де бар. Негізгі кемшілігіміз – үлкен жобаларды іске асыруға қаражаттың дұрыс бөлінбеуі. Облыстың айнасына айналған телеарнаға аз мөлшерде қаржының бөлінуі – ақылға сыймайтын дүние. Өңірдегі басқа телеарналарға қарағанда мемлекеттік тапсырысты аз алатыны адамды ойландырмай қоймайды. “Қаражат көптеу бөлінгенде бұдан да жақсы жобаларды қолға алар едік” деген әттеген-айларымыз бар. Болашақта барлығы түзеліп, телеарнамыздың биіктерден көрінуіне тілектеспін.
– “Баспасөзге еркіндік берілсе, оның ұстанымы, бет-келбеті өзгереді. Бәсекелестік артып, халықтың сеніміне ие болады. Заманның шынайы талабы да осы”, – деп сұхбаттарыңыздың бірінде пікір білдірген екенсіз. Бүгінгі баспасөздегі еркіндік көңілден шыға ма?
– Бүгінгі таңда аузымызды ешкім жауып отырған жоқ. Айтам деген дүниелеріңді кез келген жерде айта аласың. Мысалы, АЭС-ке қатысты пікірталасты алсақ, қарсы жақ өз қарсылығын, жақтайтындар өз пайымдарын ашық айтып, ойларын ортаға салды. Соның бәрін телеарнадан көрсеттік. Шынын айтсақ, көптеген мемлекетте мұндай еркіндік жоқ.
Еркіндік деген ойымызға келгеннің бәрін айта беру емес. Бірдеңені жазардан бұрын, мемлекетшілдікті алға тартқанымыз жөн болар. Еліміздің, жеріміздің тұтастығын қаперімізден шығармайық. Айтқан пікірімізден елімізді қалай сүйетініміз көрініп тұратынын ұмытпайық.
Жалпы өз ойымызды бұғып қалмай, ашық айтқаннан ұтылмаймыз, ұтамыз. Сыни пікір айтылуы керек. Сын ескерілген жерде билік те мәртебелі, журналист те абыройлы. Еркіндік те керек. Еркін сөйлейміз деп арандап қалмауымыз қажет. Сынап отырсақ та, мемлекет келешегінің кемел болуына себепкер болуды көздегеніміз абзал.
– Өздерін тәуелсіз санайтын кейбір телеарна өкілдері шоу-бизнес жұлдыздарының ішкен-жегенін ғана түгендеп, жастардың азғындыққа баруына түрткі болғанын байқаған жоқсыз ба?
– Экранды шоу-бизнес өкілдерінің жайлап кеткені, әзіл әлемінде жүргендерді дәріптеп, эфирден әншілердің түспегені жастарымызды жеңіл жолмен мал табуға итермелейтіні рас. Алайда көпке топырақ шашқанымыз да дұрыс емес. “Міржақып. Оян қазақ”, “Ахмет. Ұлт ұстазы”, “Тәшенев. Тайталас”, “Қаныш. Қазына”, “Мағжан. Мен жастарға сенемін!” сынды жобалар жарыққа шығып, жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Бұл – көп сыннан кейін туындаған идеялар. Осы бағыттан таймай, келешекке із болып қалатындай, келер ұрпақ үлгі-өнеге алатындай дүние жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.
– Қазақстан Журналистер одағының облыстағы бөлімшесін басқарасыз. Қолына қалам алмаса да, екі сөздің басын қоса алмаса да, куәлігін көрсетіп, одақтың мәртебесіне көлеңке түсіретіндер бар. Олар қалай одаққа мүше болып жүр?
– Жасыратын түгі жоқ. Одақтың мүшелерді қабылдау ережесі бар. Сол ережеге сәйкес, одаққа мүше болғысы келген тілші баспа бетіне шыққан мақалаларын, телеарнаға шыққан сюжеттерін әкеліп, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен екі журналистен “болашағынан зор үміт күттіретінін, одаққа өтуіне болатынын” растайтын кепілдеме әкелсе, біз қабылдауға міндеттіміз.
Сауаттылығына қатысты ештеңе айта алмаймын, себебі газетке шыққан немесе эфирге берілген материалдарын әкеліп тұрады. Мүмкін редакторы қызыл сиямен жүз рет сызып, мың рет түзеген шығар. Ол жағы маған беймәлім.
Дегенмен де соңғы уақытта қызыл куәлікті көрсетіп, барған жерінің есігін теуіп кіретіндер барын естіп қалып жүрміз. Мұндай бір-екі оқиға бүкіл журналист атаулыға кір келтіріп, оның абыройын түсірмеуі керек.
Алдағы уақытта Алматыда “Қазақ журналистикасының келешегі” тақырыбында үлкен конференция өткізіледі. Өңірлердегі филиалдардың басшыларын, сарапшыларды, Мәжіліс депутаттарын шақырып, ауқымды іс-шара ұйымдастырылады. Сол жиында да осы мәселені қозғайтын боламыз. Одаққа қабылдаудың талаптарын қатайтуды көздеп отырмыз.
– М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректорының кеңесшісі қызметіне орналастыңыз. Журналистикадан білім беру саласына ауысу қандай әсер қалдырды?
– Журналистикадан кетсем де, одан қол үзбеймін. Бұндай жауапкершілігі зор қызметке лайық көрген университет басшылығына ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта университеттің қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасын ұлғайтып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, үлкен серпіліс әкелуге ниеттеніп отырмын. Университетте қоғамның кез келген саласының майталмандарымен кездесу ұйымдастырып, жастардың мүмкіндіктерін арттырмақпыз. Ардагерлер кеңесінің өкілдерін әкеліп, жоғары оқу орнының атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырамыз. Журналистер одағының мүшелері мен ректордың кездесуі күн тәртібінде тұр. “Қазақ тілі” қоғамымен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін бірнеше игі істі қолға алмақпыз.
– Жастардың ғаламтордан бас алмайтынын сынайтындар көп. Болашақ маман боламын деп кәсіптік білім алып жүрген студенттердің іс-әрекетіне көзқарасыңызды білдірсеңіз.
– Тоқсаныншы жылдардың басында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде оқып жүргенде өңірлік газетке алғашқы мақалаларымызды апарғанда, шимай-шатпағымызды жыртып, “Сен иттен журналист шықпайды” деп бетімізге лақтыратынды. Ағалардың көңілдері інілерге әркез тола бермейді. Үлкендердің сөккенінен жаман болған жоқпыз. Айтқан сындарынан сабақ алдық, журналистикада жеткен жетістігімді алдыңғы толқынның арқасы деп білемін.
Біз де кейінгі толқынға мін тағамыз. Істегендеріне жоғары баға бере алмаймыз. Жас тілшілердің тақырыпты аша алмайтынын, дұрыстап ақпарат бермейтінін талқыға саламыз. Интернетке сеніп алғанын, сол жақтан көшіргенді жақсы көретінін айтамыз. Қарап отырсақ, баяғыдай бір сұхбат алу үшін 300-400 шақырым жердегі елді мекендерге барып, қой-қозыны санап жүрмейміз. Замандастарымыздың айтатын сыны да жас әріптестеріміздің алған ақпаратын тексермегенінде. Кез келген ақпарды тексеріп, сүзгіден өткізу керек. Мысалы сенің жіберген бір қателігіңнің кесірінен газеттің мыңдаған оқырманы шатасуы мүмкін. Сондықтан жазарда ерінбей, оқырманды адастырмай, көптен сөз естімеу үшін беретін дүниеңді анықтап, сараптама жүргізгенің дұрыс. Жауапкершілігіңнің салмағын сезінсең ғана мықты журналист боласың.
– Бүгінгі қоғам өкілдері “Өзіңе ғана көңіл бөл” деген оймен өмір сүреді. Бұрынғылар адамгершілік, рухани құндылықтарды алдыңғы орынға қоятын. Заман өзгерді ме? Адам өзгерді ме?
– Қазіргі таңда ұятты ұмытқандаймыз. “Алмай өс алдыңғының аяғынан”, – деп Шәкәрім ғұлама айтқан жоқ па? Бірақ үлкенді беттен алып, аруақтарға тіл тигізіп, атын шығаруды көздеп, оқырмандарын көбейту мақсатында қуған хайптың соңы айып, ұсақ пиардың аяғы бос қиял болғанын көргенде жаным ауырады. Бір ауыз сөзі үшін 25 жастағы жігіттің ел алдында әкесіне тізе бүктіргені ұлт болашағына көлеңке түсірмей қоймайды. Бірақ “Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүргендерді көріп, биіктерден көрінген, олимп шыңдарын бағындырған замандастарымызды ұмытып кетпейік.
Жабыла жамандағаннан ештеңе ұтпаймыз. Бір-бірімізді асқақтата білейік. Жас буын өкілдері саналатын ақын Нұржан Өмірбай мен композитор Жарасқан Төлеубай бірлесіп шығарған, әнші Қуандық Рахым орындап жүрген “Мен қазақпын” әніндегідей “Сүйеу болсын, тіреу болсын мың қазақ, сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ”.
– Марапат мәселесіне тоқталайықшы. Кейбір ағалар жасы келгенін желеулетіп, атақ сұрап жатады. Жалпы марапаттың дәрежесін түсіріп алған жоқпыз ба?
– БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында одақтың тапсырмасы бойынша өңірімізден бір адамға ғана “Қазақстанның құрметті журналисі” атағы беріледі. Одақтың осы ұстанымы ұнайды. Бәрі “құрметті” бола берсе, марапатта не қадір қалады?
Мемлекеттік марапатқа келсек, көптің көңілі толмайтыны бесенеден белгілі. 28 жыл бойы баспасөз саласында жүрсем де, “Ақпарат саласының үздігі” деген атақты әлі алған жоқпын. Үлкен өмірді жаңадан бастаған 20 жастағы бауырларымыз осындай құрметке бөленіп жатқанына күлкім келеді.
Мерекелік шаралардағы марапаттарға бет бұрсақ. Бұның барлығы ұйымдастыру комитетіне тікелей байланысты. Мысалы, мерейтойын тойлаған ұжымға барып, он шақты төсбелгі, медаль бере салады. Бұл қате. Көңілге қарап берілген марапат өз құнын түсіреді. Әр нәрсенің өз орны болу керек.
Менің бір түсінбейтінім – бір адамның жылда марапатталатыны. Басқарма басшыларынан, аудан әкімдерінен бір журналиске жылда “Алғыс хат”, “Құрмет грамотасы” келе береді, келе береді. Осының тәртібі болса деймін. Бір мадақтаманы жылда беру міндет емес. Және тек журналистер мерекесінде ғана марапаттамай, басқа кезде де сый-құрмет көрсеткен жөн болар.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
Оймақтай ой
Еркіндік деген ойымызға келгеннің бәрін айта беру емес. Бірдеңені жазардан бұрын, мемлекетшілдікті алға тартқанымыз жөн болар. Еліміздің, жеріміздің тұтастығын қаперімізден шығармайық. Айтқан пікірімізден елімізді қалай сүйетініміз көрініп тұратынын ұмытпайық. Жалпы өз ойымызды бұғып қалмай, ашық айтқаннан ұтылмаймыз, ұтамыз. Сыни пікір айтылуы керек. Сын ескерілген жерде билік те мәртебелі, журналист те абыройлы. Еркіндік те керек. Еркін сөйлейміз деп арандап қалмауымыз қажет. Сынап отырсақ та, мемлекет келешегінің кемел болуына себепкер болуды көздегеніміз абзал.
Өмірдерек
Туған жылы: 5 мамыр 1977 жыл.
Туған жері: Қарағанды облысы, Шет ауданы, Өспен ауылы.
Марапаты: Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты.
Қызметі: М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректорының кеңесшісі, Қазақстан Журналистер одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.