Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілер үшін мінез-құлық нормаларын айқындайтын құжат болып табылады. Әдеп кодексін сақтау –мемлекеттік қызметшілердің беделінің ажырамас бөлігі. Онда белгіленген мінез-құлық нормалары жалпы қабылданған моральдық-әдептілік қағидаттарымен бірдей, заңға бағынатын азамат ұғымымен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметші өзінің мінез-құлқын айқындайтын адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану сынды қағидаттарды ұстануы тиіс.
Әдеп нормаларын сақтау мемлекеттік қызметшінің де, бүкіл мемлекеттің де оң беделінің кепілі саналады. Оны сақтайтын мемлекеттік қызметшілер өз міндеттерін кәсіби деңгейде орындайды және қоғамдық мүдделерге қызмет етеді.
Әдеп нормаларын тек жұмыс уақытында ғана емес, жеке өмірде де сақтау керек екенін атап өткен жөн. Мемлекеттік қызметші жұмыста ғана емес, қызметтен тыс уақытта да адалдықтың, әдептілік пен адамгершіліктің үлгісі болуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы “Адал азамат” идеясының призмасы арқылы мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаттарын одан әрі жетілдіру жолын айқындайды. Сондай-ақ ел мүддесіне адалдық сезімі, оның алдындағы борышты сезіну, патриотизм, мемлекеттік қызметтегі кәсібилік сияқты негізгі құндылықтарды да анықтайды.
Департамент тұрақты негізде облыстың мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормаларын сақтауын бақылау бойынша жұмыс жүргізеді. Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Оның жұмысы, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілердің этикалық теріс қылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға бағытталған. Бүгінде жоғарыда аталған кеңес – мемлекеттік қызмет институтының өзін-өзі реттеудің тиімді тетігі. Ол қызметтік әдепті бұзудың ықтимал жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, көрнекті қоғам қайраткерлерінің, БАҚ өкілдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының кеңеске мүшелік етуі оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері әдеп кодексін бұзса, мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне сұрақтар немесе шағымдар туындаған жағдайда департаментке 8(7152)46-58-89, 8(7152)46-06-81 нөмірлері арқылы хабарласуыңызды сұраймыз.
Асқар БАЙМҰҚАНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі.