Айыртау аудандық білім бөлімінің есепшісіне қатысты сот үкімі шықты. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәліметінше, білім бөлімінің бухгалтері өзінің және бөлім қызметкерлерінің жалақыларын негізсіз өсіру арқылы 4,5 млн. теңге бюджет қаражатын қалтасына басқан. Сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Ол тергеу барысында мемлекетке келтірілген залалды толық көлемде өтеді.
Айыртау аудандық сотының үкімімен оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Экс-бухгалтер қаржы және мемлекеттік ұйымдарда жауапты қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Петропавл қалалық соты Тайынша ауданы әкімінің орынбасарын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысын пара алғаны үшін соттады. Оларға пара берген жеке кәсіпкер де жазасыз қалмады.
Аудан әкімінің орынбасары және бөлім басшысы аудандық маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 10 млн. теңге көлемінде пара алған. Сот үкімімен аудан әкімінің орынбасары 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы – 7 жылға, кәсіпкер – 3 жыл 6 айға сотталды. Сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.