“Көш кері кетсе, ақсақ түйе жол бастайды” дегендей, қоғамда көп нәрсе кері кетіп жатыр. Халықтың барометрі болған, қоғамның айнасы – ақын-жазушылардың жағдайы мәз емес. Керісінше мән-мағынасы жоқ әндер мен халықтың санасын улап жатқан, пәтуасыз шоулар мен нашар әншілер сахнаны жаулап алды. Тұрмыстары да жаман емес. Біздің мәртебеміз оларға қарағанда төмендеп кетті. Содан кейін кәсіби журналистер тасада қалып, блогер дегендер ақпарат құралдарын жаулап алды. Оларға ауыздық жоқ. Өтірік-шынды араластырып, жұрттың санасын улауда. Болсын-болмасын, сенсация жасауға құмар. Айтқандары өтірік болып жатса да, жауапқа тартылмайды.
Оқитын кітап көп, оқылатыны аз. Қазір өлең жазудан кітап шығару оңай болып кетті. Сондай шығарған кітабын сыйлайтындар көбейді. Кейде уақыт шығын қылмай, бұрынырақ жазылған кітаптарды оқимын. Халықтың мінезі өзгерді. Төзімсіз, ашушаң, қит етсе, кінәліні іздеу, өзінен өзгені жек көру сияқты мизантропиялық кезеңге өтіп кеткендейміз. Адамның адамға құрметі, бауырдың бауырға деген ықыласы, баланың әке-шеше алдындағы парызы тіптен төменгі деңгейге жеткендігін байқаймыз. Жағдайды қалай түзейміз? Менің ойымша жалғыз жол бар. Ол – ұлттық идеологияға оралу. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы идеология негізін қалап кетті. Ендігі іздену, жаңа жолымызды айқындау ғалымдарымыз бен ұлт зиялыларына байланысты.
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,
ақын.