Ел экономикасындағы елеулі салалардың бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Төрт түлік бағып, жайқалтып егін егу атакәсіп болғандықтан, дәстүрлі шаруашылықтың дамуы ширақ. Топырағы құнарлы, жайлауы кең, шөбі шүйгін қазақ даласында ауыл шаруашылығын өркендетудің жолы сан алуан.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында “Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор”, – деген болатын. Әлемде көл-көсір кені мен шикізаты, өзен-көлі мен кең даласы біздікіндей болмаса да жерге соқа салып-ақ алдыңғы қатарға шыққан елдер көп. Жер ресурсы бай Қазақстанда да шаруашылықты дамыту арқылы халық табысын арттырудың мүмкіндігі мол. Саладағы күрделі мәселелерді шешіп, әртараптандыруды қолға алу арқылы жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесін бүгінгіден де қомақты етуге болады.
Елдегі аграрлық саланың басым бағыты – өсімдік шаруашылығы. Аталған сала қаратопырақты солтүстік өңірлерде жақсы дамыған. Қатал климатқа қарамастан мұндағы облыстарда дәнді, майлы, бұршақты дақылдардан мол өнім алуға болады. Соның арқасында Қазақстан бидайдың әлемдегі ең ірі экспортшыларының біріне айналды.
Аталған жетістіктердің бәрі солтүстікқазақстандық шаруаларға да ортақ. Әсіресе, биыл мол өнімге кенеліп, күткендегіден көп астық орған серіктестіктер көп. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Анастасия Харламованың сөзінше, 3,3 млн. гектар жерден жиналған дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 18,6 центнерден айналған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 10 гектардың айналасында болған екен. Өткен жылы қамбаға 3,5 млн. тонна астық құйылса, биылғы өнім 6 миллионнан асады. Ел бойынша жиналған 24 млн. тонна дәнді дақылдың төрттен бірі Қызылжар даласында өскен.
– Күзгі жиын-терім қорытындысы бойынша мақтанатын көрсеткіштер аз емес. Жекелеген шаруашылықтарда өнімділік әлдеқайда жоғары. Мысалы Тимирязев ауданындағы “Baiterek SK” серіктестігінде гектарынан 30,1, Аққайыңдағы “Симаргл” серіктестігінде 39,2, Мамлюттегі “Руслан” қожалығында 40, Айыртаудағы “Шангал” серіктестігінде 50 центнерден өнім алынған, – дейді Анастасия Харламова.
Жылдағы маңызды науқанның Жамбыл ауданындағы көрсеткіштері де жаман емес. Мұндағы алдыңғы қатарлы серіктестіктерде гектар берекелігі 40 центнерден асады. Сондай агроқұрылымдардың бірі – Баян ауылындағы “Ақ жер” серіктестігі. Серіктестікті ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан Александр Хитровтың сөзінше, мұның бәрі тек қолайлы ауа райының арқасында мүмкін болып отырған жетістік емес.
– Биыл 14 мың гектар жерге тұқым септік. 7,5 мың гектар жерден бидай, 3 мың гектардан рапс жинадық. 3,5 мың гектарды алып жатқан күнбағыс алқаптарындағы нәтижелі жұмыс көңіл көншітеді. Құрғақшылық жылдары биылғы жылмен салыстырғанда екі, кейде үш есе аз өнім алатынбыз. Биыл бидайдың әр гектарынан 42, рапстан 27, күнбағыстан 26 центнерден өнім жиналды, – дейді Александр Хитров.
Серіктестік астықтың бір бөлігін өзінде сақтаса, қалғанын элеваторларға өткізіп жатыр. Бұған дейін Жамбыл ауданындағы Бауманға тасыса, бүгінде өнімді Тайынша қаласына жөнелтуде. “Ақ жердің” алқаптарында жұмыс істейтін техника да жаңа. Соңғы 7 жылда мұндағы машина-трактор паркі түгел жаңарған. Жаңғыртуға берілетін мемлекет субсидиясы диқанға зор демеу. Алайда мұндағылар осымен шектеліп қалмай соңғы үлгідегі техника алуды жалғастырып келеді. Серіктестікте жалпы саны 115 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың 60 пайызы Баян ауылының өз тұрғындары. Қалғандары Жамбыл ауданының басқа елді мекендерінен келіп жұмыс істейді. Ауылда қызметкерлерге арнап жатақхана мен асхана салынған. Жерін сеніп тапсырған серіктестікке ауылдағы ағайынның да көзқарасы түзу.
– Шаруаларға тек күннің шуағы мен жаңбырдың тамшысына сеніп отыра беруге болмайды. Ауыл шаруашылығының сын-қатері көп. Егер бәрін тиімді ұйымдастырып, өзгелермен бірдей адымдамасаң, көш соңында қалуың ғажап емес. Қазіргі заманауи техника, ғылым, қолдау шаралары жоғары жетістіктерге жол ашып отыр. Тыңайтқыш енгізуге, өсімдік ауруларының, арамшөптің алдын алуға көңіл бөлеміз. Дамыған агроқұрылымдар шаруашылық барысын климаттың жағдайлардан барынша тәуелсіз етуге тырысуы керек. Бұрынғы тәсілдерден бас тартпай, ескі сүрлеумен жүруді қалайтындар үшін жұмыс істеу қиындай береді, – дейді Александар Андреевич.
Биылғы астықтың қаншалықты мол екенін осындағы комбайн тізгіндегендердің көрсеткішіне қарап-ақ бағамдай беруге болады. Мысалы “Ақ жер” серіктестігінің бір механизаторы осы күнге дейін төрт жарым мың тоннаға жуық астық бастырып үлгерген. Жұмысшылардың алатын ақшасы да жинаған өніміне байланысты. Бүгінде күнбағыс алқабында комбайн тізгіндеген механизатордың жеке көрсеткішін 5 мың тоннадан асыратын мүмкіндігі бар.
– Осы ауылда туып, туған жерде еңбек ету бақыты бұйырыпты. Іс білетін кісіге ауылда да жоғары табыс табуға болады. Күз басталғалы бері дәнді, майлы дақылдарды жинауға шықтым. Оқуымды аяқтағаннан кейін бірден осында жұмысқа тұрып, содан бері тер төгіп келемін. Жиын-терім кезінде табыс артады. Еңбегімізге қарай ақы аламыз. Бір механизатордың орташа кірісі 700-800 мың теңге, – дейді озат механизатор Дәурен Маратбеков.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.