Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы “Өз кәсібінің үздігі” байқауын өткізді. Оған қатысқан 27 полиция қызметкері дене шынықтыру, атыс даярлығы және жауынгерлік күрес әдістерін меңгеруден сынақ тапсырып, заңнаманы білу бойынша тестілеуден өтті.
Байқау барысында шымыр, білікті және тәжірибелі қызметкерлер жеңіске жетті. Учаскелік инспекторлар арасында Мамлют аудандық полиция бөлімінің қызметкері Александр Рогачев жеңімпаз атанды. Ал патрульдік полицейлер арасынан облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Антон Сұлтангелдинов көш бастады. Ювеналдық полицейлердің ішінде Қызылжар ауданының полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға инспекторы Жамбыл Кәкжанов жеңіске жетті.
– Мен ішкі істер органдарында 2007 жылдан бері жұмыс істеймін. Қызметтік міндетім – кәмелетке толмағандарға қарсы немесе олар жасауы мүмкін құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Байқаудың аудандық, облыстық кезеңінде үздік атандым. Енді республикалық кезеңде өңір намысын қорғаймын, – деді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға инспекторы Жамбыл Кәкжанов.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.