«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙГЕ КӨШУГЕ НИЕТТІЛЕР КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“TAUEKEL” ұйымының құрылғанына үш жылдан асты, содан бері ішкі-сыртқы көші-қон мәселелеріне белсенді түрде араласып келеміз. Бұл бағытта әжептәуір істің тындырылғанын өңірлерді жиі аралайтын іссапарлар барысынан-ақ аңғаруға болады. Бұл жолы шырайлы Шымкент жаққа барып қайттық.

Қазақ тығыз қоныстанған Түр­кістан төріне ат оздыруымыз бірінші рет емес. Бұған дейін де Түркістан, Қызылорда, Тараз, Маңғыстау өлкелерін аралап, бір жағынан қасиетті жерлермен таныса жүріп, теріскей жаққа көшу жайына басымдық берілген болатын. Әрине, кіндік қаны там­ған мекеннен Қазақстанның бір түкпіріне көшу, тонның ішкі ба­уын­дай біте араласып кету – ай­туға ғана оңай. Өзіндік қиындық­тары мен ерекшеліктері аз емес. Сіңісе алмай, кері кетіп қалған­дарды да білемін. Бірі кемі алты ай ақ көрпесін жамылып жататын қытымыр қысы мен үскірік ая­зына шыдай алмаса, енді бірінің денсаулығы сыр беруі, болмаса қалыпты әлеуметтік жағдай кемшін түсуі мүмкін. Себептері әрқалай ғой. Оларға кінә артудан аулақпын. Қалай десек те, жан қиналмай іс бітпесі анық, ең бастысы, шындап ниет қойса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Оған Қызылжар өңіріне түпкілікті орнығып, байырғы тұр­ғындардың қатарын толықты­рып, мал өсіріп, егін егіп, жеке кәсіп­керлікпен айналысып жүрген от­басылар дәлел.

“Оңтүстіктен – Солтүстікке!” мемлекеттік бағдарламасы қа­былданғалы Қызылжар өңіріне 18 мыңға жуық адам қоныс ау­дарыпты. Солардың кем де­генде 60-70 пайызы – киелі Түр­кістан жерінің тумалары. Кейде “донорсыңдар, “инвестор облыс­сыңдар” деп қалжыңдап қоямыз. Ақиқаты – осы! Түркістандық отбасылардың арқасында ауыл тұрғындарының, мектеп оқу­шыларының саны артты. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, мәдени құн­дылықтарымыз орнықты. Қол­дағы деректерге жүгінсек, Ре­сейге көшіп жатқандар арасында қаншама өз ағайындарымыз бар­шылық. Олардың да айтар сыл­таулары таусылмайды. “Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар?” – демекші, жанға жайлы қо­ныс іздеушілерді кінәлау артық­. Төрт құбыласының бірі кем болып тұрса, Отанға, елге деген жалындап тұрған патриоттық се­зім күту – күпірлік. Күн сайын құ­былған мына қымбатшылық за­манда “қарыны тоқтық, көйлегі көктік” алдыңғы орынға шыққанын несіне жасырамыз? Бірақ қо­ныс аудару әркімнің жеке таң­дауы десек те, мемлекеттік мә­селеден бөле-жара қарауға бол­майды. Аулаға 10 ағаш ексек, со­ның алтауы көктеп, бүр жарса – ең­бектің ақталғаны.

Десек те, теріскейдегі демо­графиялық ахуалға тоқмейілсуге әлі ерте. Өңірдегі 575 мың тұр­ғынның 200 мыңнан астамы облыс орталығында тұрады. Қал­ғандары 13 ауданда шоғыр­ланған. Салыстыру үшін айта­йын, Түркістан облысының Сай­рам ауданын 240 мыңға жуық адам мекен етеді. Ал Солтүстік Қазақстандағы мақтаулы деген аудан халқының саны 25 мың­ның төңірегінде. Мәселен, Ти­мирязев ауданында 12 мыңға жуық адам тұрады деген цифр оңтүстіктегілерді таңғалдыруы ықтимал. Демографиялық ахуа­лымыздың күрделі жай-күйін осы­дан-ақ аңғара беруге болады. Республика күні қарсаңында Шал ақын ауданында 5 көпба­лалы анаға “Алтын алқа” және “Күміс алқа” табыс етілді. Оның үшеуі – Түркістан облысынан көшіп келгендер. Сондықтан осы салаға барынша мүдделілік танытуы­мыз тиіс.

Арнайы бағдарламалар бо­йынша қоныс аударғандарға әлеу­меттік көмектер қал-қадірінше көрсетіліп келеді. Отбасы­ның әр мүшесіне 260 000 теңге мөлшерінде бір реттік өтемақы төленеді. Бұған дейін оларға арнап үй салынатын. Енді “Ұт­қырлық сертификаты” жобасы бойынша үй сатып алатын бол­са, 50 пайызы Үкімет есебінен өте­ліп, белгілі уақыттан кейін от­басының атына аударылады. Жергілікті билік жұмысқа орна­ластыруға, жер телімдерімен көмектесуге міндетті. Теріскей жақта дәрігер, мұғалім, по­лиция қызметкері, өрт сөндіруші, тағы басқа мамандықтар тапшы. Кейде ауылдық әкімдіктегі қыз­метке де кадр табылмай жатады. Білім-біліктілігі талапқа сай бол­са, жұмыссыз қалмайды. Әрі қа­рай өз ісін дөңгелетіп алып кету әркімнің жеке қарым-қабілетіне, ұмтылысына, ерік-жігеріне байланысты. Тек жеке бастың ғана қамын ойлап, жоғары жалақыға қызығып келетіндер қателеседі. Қызылжар – ауыл шаруашы­лы­ғына өте қолайлы өңір. Кәсіппен нәпақасын табамын деген­дерге мүмкіндік мол. Мал бақ, сауда жаса, егіншілікпен айна­лыс, бәсекелестік дамыған жер­де ерінбегеннің еңбегі жанады.

Жалпы елімізде болашағы бұлыңғыр, экономикалық әлеуе­ті төмен, тараудың аз-ақ алдын­да тұрған елді мекендер аз емес. Қанша дабыл қағылса да, мем­лекеттің қолдауынсыз жағдай­дың түзеліп кетуі екіталай. Бұл бағытта жүзеге асырылып жат­қан озық жобалар баршылық. “Оңтүстіктен – Солтүстікке!” бағ­дарламасының өзі неге тұрады? Сезіне білгенге – үлкен демеу. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – оңтүстіктегі артық жұ­мыс күштерін теріскей жаққа әкеліп, демографиялық теңсіз­дікті жою, шекаралық аймақ­тарды нығайту, қазақ ауылдарын сақтап қалу. Бұл бастамаларға ұлтым, жерім деген азаматтар көбірек үн қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

Соңғы кезде бәз біреулер көші-қонмен қатар “солтүстікті қазақыландыру” деген тіркесті қоса айтып жүр. Өз басым мұн­дай ұстанымды құптамаймын. Себебі, Қызылжар өңірінде ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрлердің қаймағы бұзылма­ған қазақ ауылдары жетерлік. Сондықтан солтүстікті қазақы­лан­дыру деген дұрыс емес. Он­сыз да қазақ жері екені бесе­неден белгілі.

Мұның алдында солтүс­тік­қазақстандық делегация Түркіс­тан облысында үгіт-насихат жүр­гізіп, бір автобус адамды алып келген болатынбыз. Оларға өңірдің шұрайлы жерлері көрсетіліп, мәдени-тарихи орындары та­ныс­тырылған еді. Мұның өзі көші-қон науқанына үлкен жар­нама жасағаны бар. Әлеуметтік желілерде көптеген бейнежаз­балар жарияланды. Нәти­же­сінде ондаған отбасы көшіп келіп орналасты. Осы жолы да ау­дан орталықтары мен қала­ларды аралап, көшіп барушы­ларға қандай көмектер көрсе­тілетіні жөнінде толыққанды ақ­параттар берілді. Халықтың ын­та-ықыласы жақсы. Көшуге ниет­тілер көп. Жасыратыны жоқ, кө­шіп келуге тайсақтайтындар да кездесті.

“Тәуекел түбі жел қайық – өте­сің де кетесің, Уайым түбі тұң­ғиық – батасың да кетесің”, – деп бабаларымыз текке айтпаған. Келешектен үміт күтіп, “нар тә­уекел” деп білекті сыбана әре­кет ету – қазаққа тән қажырлы қа­сиет. Тәуекелшіл жан әркез мақ­сатына жетеді. Ер жолдасы – тә­уекел екенін ұмытпайық.

Бурахан ДАҚАНОВ,

“TAUEKEL” көші-қон қоғамдық ұйымының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp