«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҒЫЗЫНШЫ ОРЫН: СЕНІМ АҚТАЛМАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының соңғы тур ойындары өтті. Биылғы маусым тартысқа толы болды деп айтуға толық хақымыз бар. Себебі чемпион соңғы сәтке дейін анықталмады.

Биылғы біріншілікте бес бірдей команда соңғы турға дейін алтын жүлдеден үмітті болды. Алматының “Қайрат” командасы соңғы ойында “Атырауға” пенальтиден гол соғып, алтыннан алқа тағынды. “Астана” клубы “Жетісуды” ойсырата жеңгенімен, бірінші орынға шыға алмады. Себебі алматылық жігіттер турнирлік кестеде Григорий Бабаянның шәкірттеріне жалғыз ұпай жеткізбей кетті. Үздік үштікті “Ақтөбе” түйіндеді.

Қазақстан премьер-лигасының соңғы турында “Қызылжар” командасы сырт алаңда “Жеңіспен” кездесті. Тартысқа толы ойында теріскейлік команда 0-1 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голдың авторы – Мәди Хасейн.

– Соңғы ойын нәтижесі негізінен ерік-жігерге байланысты болды. Алаң сапасы кедергі келтірді, сондықтан физикалық тұрғыдан дайын болу керек еді. Жігіттерге, бүкіл ұжымға, “Қызылжар” клубының бапкерлеріне және әкімшілік құрамына дайындық үшін, командамен және ойыншылармен бірге болғаны үшін алғыс айтамын. Бұл жеңіс өте маңызды болды, өйткені ойын сапасы біз турнир кестесінде жоғары бола алатынымызды дәлелдеді. Қиын сәтте қасымызда болып, соңғы турға дейін күресуімізге көмектескені үшін жанкүйерлерімізге алғыс айтамын, – деді ойын аяқталған соң команданың бас бапкері Әли Әлиев.

Петропавлдық команданың алдында биыл жүлделі орын иелену туралы міндет қойылған болатын. Клубтың бюджеті де аз емес еді. Өткен маусымда бесінші орынға тұрақтаған командаға биыл жанкүйерлер де үмітпен қарағаны анық. Алайда сенім ақталмады. Жүлде былай тұрсын, “Қызылжар” соңғы турда 9-шы орын үшін таласты және дегендеріне жетті. Жалпы алғанда, команда маусымды сәтті бастағанымен чемпионат барысында турнирлік кестенің жоғары жағында қалуға әлеуеті жетпеді. Бұл жайт бірнеше маусым бойы қайталануда. Команда комбинациялық футбол көрсетеді, допқа иелік етеді, бірақ гол салуға келгенде білгендерінен жаңылады. Әли Әлиев команданы үшінші маусым қатарынан баптап келе жатқанын айта кеткен жөн.

Жанкүйерлердің дауыс беруі нәтижесінде команданың биылғы маусымдағы үздік ойыншысы болып Евгений Березкин таңдалды. Ол жеті голмен көзге түсті.

Марат Шынтеміров.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp