Петропавлда ардагерлер арасында шахматтан облыстық турнир өтті. Жарысқа барлығы 16 ардагер қатысты.
Іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесі мен “Барыс” балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бірлесіп ұйымдастырған.
– Алдағы жылы Жеңістің 80 жылдығы тойланады. Оның аясында ардагерлер спортын дамыту бағытында көптеген шара ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Бұл турнир ауқымды шараның бастамасы ғана. Оны өткізу үшін бізге “Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының” мамандары қолдау көрсетіп отыр. Шахмат – ақыл мен ой, ми мен жүрек қуаты таразыға түсетін спорт ойындарының төресі. Өңірде шахмат турнирлеріне тұрақты қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген аға буын өкілдері аз емес, – дейді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников.
Ойынға спорт ардагері Александр Новичков төрелік етті. Ол қатысушыларға барлық ережені түсіндіріп, жарыс барысында тәртіпті қадағалап отырды.
Турнирді өткізудегі мақсаттардың бірі – аға буын өкілдерін облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатыстыру, олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру. Аталмыш жарыс биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Турнирге әр ауданнан ең үздік, бір шахматшыдан келген.
– Шахмат ойнаған кезде миымыз жаттығады деуге болады. Деменция, тағы да басқа ауруларға ұшырамау үшін бұл ойынның пайдасы зор. Жалпы ойынға келетін болсақ, өзіңе қарсылас ойыншыны сыйлай білуің керек. Шахмат сонысымен де құнды деп ойлаймын, – дейді Қызылжар ауданының атынан қатысқан ардагер ұстаз Сансызбай Жүнісов.
Сайыс жеңімпаздары мен барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.