«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғалымның ғибратты мұрасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жергілікті университет 2003 жылдан бастап академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың есімімен аталады. Жыл сайын әр елден ғалымдар келіп, қазақтың белгілі тарихшысын еске алып, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынады. Биыл оқу орнында ғалымның туған күніне орай Манаш Қозыбаевтың 93 жылдығына арналған “Қозыбаев оқулары 2024: Қазақстан және уақыттың заманауи сын-қатерлері” атты халықаралық конференция өтті.

Конференцияға Қазақстан, Түркия, Польша, Ресей, Қыр­ғызстаннан келген меймандар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, еліміздің Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Ғылым ака­демиясының Сібір бөлімшесінің археология және этнография институтының өкілдері қаты­сып, 230-дан астам баяндама келіп түсті.

Ғалымның әріптестері, шә­кірт­тері академикке құрмет көр­сетіп, алдымен Манаш Қозыбаевтың мүсініне гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, білім ошағының бұрынғы ректорлары Оңдасын Әшімов пен Серік Өмірбаев сөз сөйлеп, ғалымның есімін жастар арасында ке­ңінен насихаттаудың маңызды екенін айтты.

“Бізді оқу орнының респуб­ли­када ғана емес, бүкіл әлемде танылып келе жатқаны қуанта­ды. Менің баяндамам тарихи тұл­ғаларға арналды. Жалпы елі­міз­де тұлғатану саласының жақсы дамығанын айтқанымыз дұрыс. Алайда біраз ақтаңдақ­тар бар екенін жасырмауы­мыз керек. Мен соңғы 20 жыл ішін­де бірне­ше университетте қызмет еттім. М. Қозыбаевтың атын иеленген жоғары оқу орнының жылдан-жылға көрке­йіп, материалдық базасының нығайып келе жатқаны аңғарылады”, – деді Қазақ­станның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Ілияс Манашұлы.

Шарада университеттің бас­қарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев ғалымның ізденістері мен оның азаматтық ұстанымы жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуында елеулі рөл атқарға­нын айтты. Пленарлық отырыс­та Қазақстан тарихы, М.Қозыбаев мұрасы, абылайтануға қа­тысты мәселелер бойынша баян­дамалар тыңдалды. Соны­мен қатар конференцияда мем­лекет және қоғам қайраткерле­рі, еліміздің ірі жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және мәдени орталықтардың басшылары сөз сөй­леді.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хам­­бетов пен Ғылым және жо­ғары білім министрі Саясат Нұр­бектің құттықтау лебіздері тыңдалды. Кейін университеттің қалыптасуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен қоғам қайрат­керлерін марапаттау рәсімі өтті. М.Қозыбаев атындағы университеттің “Құрметті профессоры” атағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлына және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тлеген Садықовқа берілді. “Академик Манаш Қозыбаев медалін” Кастамону университетінің (Түркия) профессоры Орхан Сойлемез бен ғалым Оңдасын Әшімов алды.

Конференция қарсаңында университеттің 50-ден астам студенті М.Қозыбаевтың шы­ғар­машылық мұрасына арнал­ған эссе байқауына қатысты. Іс-шарада жеңімпаздар мен жүл­дегерлерге салтанатты түрде дип­ломдар мен ақшалай сый­лықтар табысталды. Бұл бай­қауда Салтанат Қоспанова үздік атанды. Қонақтар білім ошағының жаңа оқу-зертханалық кор­пусымен, 1200 орындық зама­науи студенттер үйімен танысты.

Диана ХАЛИМОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиа-орталығының бас редакторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp