Жергілікті университет 2003 жылдан бастап академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың есімімен аталады. Жыл сайын әр елден ғалымдар келіп, қазақтың белгілі тарихшысын еске алып, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынады. Биыл оқу орнында ғалымның туған күніне орай Манаш Қозыбаевтың 93 жылдығына арналған “Қозыбаев оқулары 2024: Қазақстан және уақыттың заманауи сын-қатерлері” атты халықаралық конференция өтті.
Конференцияға Қазақстан, Түркия, Польша, Ресей, Қырғызстаннан келген меймандар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, еліміздің Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің археология және этнография институтының өкілдері қатысып, 230-дан астам баяндама келіп түсті.
Ғалымның әріптестері, шәкірттері академикке құрмет көрсетіп, алдымен Манаш Қозыбаевтың мүсініне гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, білім ошағының бұрынғы ректорлары Оңдасын Әшімов пен Серік Өмірбаев сөз сөйлеп, ғалымның есімін жастар арасында кеңінен насихаттаудың маңызды екенін айтты.
“Бізді оқу орнының республикада ғана емес, бүкіл әлемде танылып келе жатқаны қуантады. Менің баяндамам тарихи тұлғаларға арналды. Жалпы елімізде тұлғатану саласының жақсы дамығанын айтқанымыз дұрыс. Алайда біраз ақтаңдақтар бар екенін жасырмауымыз керек. Мен соңғы 20 жыл ішінде бірнеше университетте қызмет еттім. М. Қозыбаевтың атын иеленген жоғары оқу орнының жылдан-жылға көркейіп, материалдық базасының нығайып келе жатқаны аңғарылады”, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілияс Манашұлы.
Шарада университеттің басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев ғалымның ізденістері мен оның азаматтық ұстанымы жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуында елеулі рөл атқарғанын айтты. Пленарлық отырыста Қазақстан тарихы, М.Қозыбаев мұрасы, абылайтануға қатысты мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар конференцияда мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің ірі жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және мәдени орталықтардың басшылары сөз сөйледі.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау лебіздері тыңдалды. Кейін университеттің қалыптасуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін марапаттау рәсімі өтті. М.Қозыбаев атындағы университеттің “Құрметті профессоры” атағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлына және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тлеген Садықовқа берілді. “Академик Манаш Қозыбаев медалін” Кастамону университетінің (Түркия) профессоры Орхан Сойлемез бен ғалым Оңдасын Әшімов алды.
Конференция қарсаңында университеттің 50-ден астам студенті М.Қозыбаевтың шығармашылық мұрасына арналған эссе байқауына қатысты. Іс-шарада жеңімпаздар мен жүлдегерлерге салтанатты түрде дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл байқауда Салтанат Қоспанова үздік атанды. Қонақтар білім ошағының жаңа оқу-зертханалық корпусымен, 1200 орындық заманауи студенттер үйімен танысты.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиа-орталығының бас редакторы.