С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы, драматург Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына арналған “Қазақ прозасының хас шебері” атты әдеби кеш өтті.
Отырысқа қатысқан зиялы қауым өкілдері, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушылары, әскери академияның курсанттары, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қаламгердің өмірі мен шығармашылығына терең бойлап, Алаш ардақтысының артына қалдырған мол мұрасына шолу жасады.
– Бейімбет Майлин қанды репрессия жылдары 44 жасында атылып кетті. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды жерлес жазушылар ол кісіні Биаға деп атаған. Ол әдебиеттің барлық жанрына қалам тербеген өте талантты тұлға болатын. Оның қаламынан туған типтік образдардың дені қазіргі қоғамдағы құбылыстармен, адамдардың мінез-құлықтарымен астасып жатады. Мысалы, Мырқымбай бейнесінен қыңыр, қолынан түк келмейтін жандардың іс-әрекетін көруге болады, – деді журналист Жақсыбай Самрат.
Сөз кезегін алған Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Назгүл Әміржанова Бейімбет Майлиннің шығармашылығы туралы баяндама жасаса, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев жазушы жайлы өз ойымен бөлісті.
– Бейімбет Майлин – қазақ әдебиетінің негізін қалаған алыптардың бірі. Кеңестік қызыл империя саясатының құрбаны болды. Өзінің шығармашылық жолын ақындықтан бастады. Оның атағын шығарған – “Шұғаның белгісі” повесі. Бұл Бейімбет шығармашылығының ең биік шыңы, – деді Қарақат Шалабаев.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Серік Әбілғазынов Бейімбет Майлиннің “Елге барғанда”, Қуандық Бөлекбаев “Кедейге” атты өлеңін оқып берді. Шараға әскери академияның курсанттары да белсенді қатысып, жазушының шағын әңгімелерін жаттағандарын айта кеткеніміз жөн. Жиын соңында жиналғандар “Алыптар тобының ақиығы” атты кітап көрмесін тамашалады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.