«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақ прозасының хас шебері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы, драматург Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына арналған “Қазақ прозасының хас шебері” атты әдеби кеш өтті.

Отырысқа қатысқан зиялы қауым өкілдері, Әбу Досмұхам­бетов атындағы дарынды бала­ларға мамандандырылған гим­назия-интернатының оқушыла­ры, әскери академияның кур­санттары, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қаламгердің өмірі мен шығар­машылығына терең бойлап, Алаш ардақтысының артына қал­дырған мол мұрасына шолу жасады.

– Бейімбет Майлин қанды репрессия жылдары 44 жа­сын­да атылып кетті. Сәбит Мұ­қанов, Ғабит Мүсірепов сынды жерлес жазушылар ол кісіні Биаға деп атаған. Ол әдебиеттің барлық жанрына қалам тербе­ген өте талантты тұлға болатын. Оның қаламы­нан туған типтік об­раздардың дені қазіргі қоғамда­ғы құбылыс­тар­мен, адамдар­дың мінез-құ­лықтарымен аста­сып жатады. Мысалы, Мыр­қым­бай бейнесінен қыңыр, қолынан түк кел­мейтін жандардың іс-әрекетін көруге болады, – деді журна­лист Жақсыбай Самрат.

Сөз кезегін алған Са­фуан Шаймерденов атындағы қала­лық классикалық гимназия­ның қазақ тілі мен әдебиеті пән­де­рінің мұғалімі Назгүл Әміржа­нова Бейімбет Майлиннің шы­ғармашылығы туралы баянда­ма жасаса, арда­гер ұстаз Қа­рақат Шалабаев жа­зушы жайлы өз ойымен бөлісті.

– Бейімбет Майлин – қазақ әдебиетінің негізін қалаған алыптардың бірі. Кеңестік қы­зыл империя саясатының құр­баны болды. Өзінің шығарма­шылық жолын ақындықтан бас­тады. Оның атағын шығарған – “Шұғаның белгісі” повесі. Бұл Бейімбет шығармашылығының ең биік шыңы, – деді Қарақат Ша­лабаев.

Облыстық полиция департа­мен­тінің қызметкерлері Серік Әбілғазынов Бейімбет Майлин­нің “Елге барғанда”, Қуандық Бө­лекбаев “Кедейге” атты өлеңін оқып берді. Шараға әскери ака­демияның курсанттары да бел­сенді қатысып, жазушының ша­ғын әңгімелерін жаттағандарын айта кеткеніміз жөн. Жиын со­ңында жиналғандар “Алыптар то­бының ақиығы” атты кітап көрмесін тамашалады.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp