«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІНЕ АЙНАЛУҒА ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті. Осынау іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан аса адам жиналды. Форумға агрохолдингтердің өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен инвесторлар қатысты.

Он жылдағы рекордтық көрсеткіш

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ жəне өңдеу өнеркəсібі қызметкерлері күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде əлемдегі астықты елдердің біріне айналды. Бұл ретте ол алғашқы тыңгерлердің жəне олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше бағалады.

– Қазақстан егіс алқабы жəне жайылымдық жер көлемі жағынан əлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терімде 26,7 млн. тонна дақыл жиналды. Бұл – кейінгі он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мəнінде, диқандарымыз тамаша нəтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын жəне баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Президент.

Президент жүйелі жұмыстардың нəтижесінде инфляция деңгейі төмендегенін, ал ұлттық экономиканың өсімі биылғы қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асқанын жеткізді. Оның айтуынша, мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркəсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек.

– Қазақстан шетелдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте “Moody’s” агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін “Тұрақты” деңгейіне көтерді. Бұл – Тəуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нəтиже. Инвестиция экономиканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылды. Өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруді басып озды əрі үздіксіз өсіп келеді (өнеркəсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47 пайызды құрайды). Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы жыл соңында жалпы құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылатынын хабарлады. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), “Chevrolet Onix” автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) жəне қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді.

Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен “жасыл” сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай жəне сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кəсіпорындар құрылып жатыр.

Бұдан соң Президент əлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын, осы мақсатта “Отау”, “Наурыз” жəне “Асыл мекен” жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылғанын, сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мың-нан аса отбасының баспана мəлесі шешімін тапқанын атап өтті.

– Агроөнеркəсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде еліміздің Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бəсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркəсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, – деді ол.

Жеңілдетілген несие ертерек беріледі

Президент алдағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Оның біріншісі – агроөнеркəсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет агроөнеркəсіп кешеніне бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырғанын, пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі əрі көлеңкелі жүйесінен бас тартқанын айтты.

– Диқандар енді көктемгі егін егу жəне жиын-терім жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты трлн. теңгеден асты (580 млрд. теңге, бұған дейін 180 млрд. теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш 1,5 трлн. теңгеге дейін жеткізіледі. Дəнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады.  Бұл – көпжылдық орташа көрсеткіштерден əлдеқайда жоғары. Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Бидай сапасы мен балауызының деңгейі – (32 пайыз) жоғары. Бұған заманауи агротехнологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту арқылы қол жеткіздік. Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау жəне оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы жəне Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз еткені жөн. Бұл істе облыс əкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нəтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады, – деді Мемлекет басшысы.

Ол халыққа арнаған Жолдауында аталған салаға жеке инвестициялар тарту керек екенін айтқанын еске салды. Бұл ретте Президент агроөнеркəсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандыруды алға тартып, отандық қаржы институттары агрокəсіпорындарға ұзақ мерзімді əрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс екенін атап өтті.

 Екінші бағыт – агроөнеркəсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру. Бұл ретте Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында үш жылдың ішінде агроөнеркəсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойғанын, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тəуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырыла бастағанын мəлімдеді. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы-сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 млн. жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды.

Ауыл шаруашылығын өркендететін тетіктер

Үшінші – ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету. Президент атап өткен бұл бағыттың маңызы зор. Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бəсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мəн беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі.

 – Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Осындай мəселелерді шұғыл шешу қажет. Биыл Дəнді дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни элиталық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тəжірибесін зерттеген жөн. Мен жақында француз кəсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырдым, – деді Мемлекет басшысы.

Жылқы шаруашылығы институты құрылады

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жылқы тұқымын сақтау, санымен қатар сапасын да арттыру мəселелерін қозғады. Осы орайда ол жуырда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарында сол елдің басшысымен екі көшпенді халықтың ұрпағы ретінде жылқы туралы əңгімелескенін, моңғол жылқылары аласа болғанымен, өте төзімді əрі ұзаққа шабатынын айта кетті.

 – Біз – “Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы” деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мəлім. Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 млн. жылқының 40 мыңы ғана – асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мəн берген жөн. Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім жəне Мұғалжар тұқымдары қосылды. Əрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны əлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бəйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр (небəрі 280 бас қалды). Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау жəне көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мəселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы мəн берген төртінші бағыт – ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу. Осы орайда ол алдымен минералды тыңайтқыштар мəселесіне тоқталды. Бұл – отандық агросектордағы өзекті мəселе. Биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілді. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Бірақ біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Сондықтан импортқа тəуелді болуды азайту керек. Өзімізде шығарылатын тыңайтқыштар ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді. Қазір елімізде құны 4 млрд. доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 7 млн. тонна минералды тыңайтқыш өндірілмек. Осылайша ішкі нарықты толық қамтамасыз етеміз, ал артығын экспортқа шығаруға мүмкіндік туады. Бұған қоса органикалық тыңайтқыш өндірісін дамыту маңызды. Халықаралық тəжірибеге қарасақ, қойдың жүнін суармалы жерге тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалануға болады.

– Агроөнеркəсіп кешенін одан əрі цифрландыру мен автоматтандыру мəселесі ұдайы назарда болуға тиіс. Бұл бағытта қазірдің өзінде жақсы нəтижелер бар. Кейінгі бес жылда еліміздегі цифрлы фермерлік шаруашылықтар саны алты есеге жуық өсіп, бүгінде 200-ден асты. Бұл – шын мəніндегі болашақтың кəсіпорындары. Онда озық технологиялар жаппай енгізіледі. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Аталған саладағы қызметтер мен үдерістерді толығымен электронды форматқа көшіруді жеделдету қажет. Субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлерге барынша қарапайым жəне түсінікті болуы керек. Бұл туралы ақпараттардың формалары мен мазмұны барынша қолжетімді болғаны жөн. Жасанды интеллект пен “үлкен деректерді” пайдалану арқылы ғана өндірістің барлық кезеңінде дəл есептеу, бақылау мен болжау мүмкін болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бесінші – ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігі маңызды. Бұл бағытта Президент ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойғанын, осы мақсатқа 120 млрд. теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда 8 ірі бірлескен кəсіпорын, соның ішінде “Клаас” неміс концерні мен ресейлік “Ростсельмаш” компаниясы табысты жұмыс жасап жатыр. Биыл шамамен 160 млрд. теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан аса трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі “Клаас” компаниясына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнімділігін арттыруға, импортталатын қосалқы бөлшектерді локализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдауға жəне тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мəн беруі керек.

Алтыншы бағыт – ауыл шаруашылығының экспорттық əлеуетін күшейту. Осы орайда Мемлекет басшысы көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіретінін айтты. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс жəне жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс. Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Еліміз дəстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты əртараптандыруы тиіс.

Жалпы биыл Қазақстанның экспортқа 12 млн. тонна астық шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл – өте көп өнім жəне зор жауапкершілік. Диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету – Үкіметтің басты міндеті. Экспорттық əлеуетімізді арттыра түсу үшін əлемдік нарықта сұранысқа ие бағалы дақылдарды көбірек өсіру қажет. Сонымен қатар ішкі нарыққа өткізудің ұтымды жолдарын барынша пайдалану керек. Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен іргелес аймақтардағы диқандардың мол мүмкіндігі бар. Осы орайда Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың “азық-түлік белдеуі” деген атқа лайық екенін дəлелдеді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нəтиже. Сондықтан ауқымды ішкі нарығы бар қалалармен шектесетін басқа да аймақтар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек.

 Қазақстанда сан түрлі азық-түлік өнімі шығарылады. Жұрт өз өнімдерімізді көбірек сатып алу үшін оны елге танытып, кеңінен насихаттау керек.

Қазақты сақтау үшін ауылды сақтауымыз керек

 – Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұратынын білесіздер. Агроөнеркəсіп кешені бүкіл елдің, əсіресе ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей əсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мəн беремін. Бұған сайлау алдындағы тұғырнамада ерекше назар аудардым. Президент сайлауынан кейін алғашқы Жарлығым ауылды дамытуға арналды. Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы əзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нəтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан аса нысан салынды. “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Кейінгі бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нəтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент бұрын жабылып қалған кейбір аудандар былтыр өз тапсырмасымен қайта құрылғанын, бұл, əсіресе шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам, “Қуатты аймақтар – қуатты ел” деген сөз екенін айтып, баршаға үндеу тастады.

– Ауыл – бəріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дəстүрі, тілі мен ділі, бəрі де ауылда сақталған. Жаһандану дəуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Мен табысқа жеткен əр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін. Бүгін ортамызда “Қазақстанның Еңбек Ері” Иван Адамович Сауэр отыр. Ол жетекшілік ететін “Родина” агрофирмасы ауыл шаруашылығында бизнесті оңтайлы жүргізудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге жəне облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып қана қой-май, өзінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қамын ойлайтын озық кəсіпорын. Сыр бойындағы Нағи Ілиясов жəне Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі. Əр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кəсіпкерлер одан əлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын. Адал еңбекпен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуға үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жанашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясы да осындай құндылықтарға негізделген. Жоба аясында елді мекендеріміз тазарып, жаңаша келбетке ие бола бастады. Қоршаған ортаға қамқорлық қоғамдық мəдениеттің арқауына айналды. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Президент тапсырмасымен Үкімет арнайы тұжырымдама қабылдады. Басты мақсат – халықтың экологиялық мəдениетін одан əрі арттыру.

Президент өз Жолдауында Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар отандық бизнеске, шетелдік инвесторларға жол ашуы керек екенін тапсырғанын, ауыл тұрғындарына қолұшын созып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кəсіпкерлер мен шаруа қожалықтары мемлекеттің көмегіне жүгіне алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет пен əкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы əлеуметтік мəселелерді шешуге атүсті қарайтындарға тосқауыл қоюға тиіс. Жауапкершілігі мол кəсіпкерлер мен инвесторлар ғана елдегі оң өзгерістердің нағыз көшбасшысы бола алады. Осы орайда Мемлекет басшысы мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін бұл форумды жыл сайын өткізуді ұсынды.

Күн тəртібіндегі мəселелер кешіктірілмей шешілуі қажет

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сəтті пайдалана отырып, күн тəртібіндегі өзекті мəселелерге қатысты ойын жеткізді. Бұл қатарда мектеп асханаларындағы тамақ сапасы, Маңғыстау облысында балалардың астан уланғаны сияқты жағдайлардың қайталануына жол бермеу, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау мəселесі сөз болды. Мұның шешімі ретінде балаларды тамақтандырудың халықаралық стандарттарына ұмтылу, мектептерде дұрыс та-мақтандыру мəдениетін қалыптастыру үшін агроөнеркəсіп кешенін білім беру орындарының серіктесіне айналдыру қадамдары айтылды.

– Жылыту маусымын мінсіз өткізу – өзекті мəселелердің бірі. Бұл менің ерекше бақылауымда. Саран қаласы ауа райының суытуына дайын болмай шықты. Мұндағы үйлер жақында ғана жылу жүйесіне қосылған еді. Кемшілікке жол берген жауапты тұлғалар тиісті жазасын алды. Бұл барлық əкімге сабақ болуы керек. Жылыту маусымына дайын болмау басшылардың өз қызметіне сай келмейтінін көрсетеді. Дегенмен биыл ел аумағында энергия көздері мен жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қоймалардағы отын қоры жеткілікті. Бірақ қамсыз отыруға болмайды. Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік басқару жүйесінің алдында қазір нақты міндеттер мен едəуір сын-қатер тұр. Оқыс оқиғаларға дер кезінде үн қату, жағдайды ушықтырмау, дəл болжам жасау, қоғамның талап-тілегіне құлақ асу маңызды. Барлық мемлекеттік орган, коммуналдық жəне басқа да қызметтер үйлесімді əрекет етуі керек. Алайда күнделікті шаруамен айналысып жүріп, стратегиялық мақсаттарды ұмыт қалдырмау қажет. Алға қарай ұмтылып, кең ауқымды перспективаны бағыт еткеніміз жөн. Проблеманың уақытша шешімін іздемей, оның түпкі себептерін жоюымыз қажет, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бюджет саясатында прагматизм қағидаты басты орында болуы керек екенін, бірақ əлеуметтік шығындардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жəрдемақыдан үнемдеуге болмайтынын мəлімдеді. Оның айтуынша, азаматтардың əл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс. Зейнетақы жүйесінің əлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тəсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің əлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 75 жастан асты.

 Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салынатыны туралы мəселенің қызу талқыланғанына мəн берді.

– Қаржы министрлігі оған тыйым салуға негіз жоқ екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары. Олардың табысы айтарлықтай көп емес. Кей кездері түнімен жұмыста отырады. Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар. Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бəсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мəселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын, – деді ол.

Президент өз сөзінде Үкімет азаматтарға əлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек екенін айтты. Мемлекеттен берілетін атаулы əлеуметтік көмекті шын мəнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс. Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасынан бірнеше адам атаулы əлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай, ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жəрдемге сенеді. Бұл, əрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай əрекет əлеуметтік масылдықты туғызып отыр.

– Біз Əділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мəн-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан аса адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кəсіпкерлер жəне осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мəселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі жəне финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мəліметтер базасы пайда болды. Қаржы жəне салық бақылауы күшейді. Демек, осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мəселені жан-жақты пысықтауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент реформалар тоқтап қалмайтынын нақты айтып, соған сай жаңа бастамалар жүзеге асатынын, мұны келесі жылы халыққа ұсынатынын, кейбір бастаманы əдеттегідей Ұлттық құрылтайда жариялайтынын атап өтті. Осы орайда Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Бурабайда өтетіні хабарланды.

Маңдай тер мен қажырлы қызметтің жемісі

– Мен Жолдауда жұмысшы мамандық иелеріне, өнертапқыштар мен ғалымдарға құрметті атақ беруді ұсындым. Мемлекеттік марапаттар жүйесін 9 құрметті атақпен толықтыру жоспарланып отыр. Соның ішінде “Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері” атағы бар. Бұл – елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне шынайы құрметтің белгісі. Қазір депутаттар тиісті заңдарға өзгеріс енгізу мəселесін қарастырып жатыр.

Келесі жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Жыл бойы біз нағыз еңбек адамдарын жоғары деңгейде ұлықтаймыз. Бұл қоғамда еңбекқорлық пен кəсіби құндылықтарды дəріптеу жылы болмақ. Жақында мен Ақордада өткен мемлекеттік марапаттар тапсыру рəсіміне түрлі еңбек əулеттерінің өкілдерін шақырдым. Білім мен тəжірибенің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны жайында көптеп мысал келтіруге болады. Мұндай сабақтастық шын мəнінде өз ісіне берілген кəсіби мамандарды қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы саласында да үлгі тұтатын еңбек əулеттері жетерлік. Несібесін қара жерден айырып отырған ауыл тұрғындары отбасы құндылықтарын ерекше сақтайды. Үлкендердің айтқанына құлақ асып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайды. Мықты фермерлік шаруашылық, əдетте бірнеше ұрпақтың еңбегі арқылы құрылады. Бұл салада табысқа тез жету қиын. Бірақ шаруалар қажырлы еңбек пен төзімнің қайтарымы болатынын жақсы біледі.

Оның жарқын мысалы – Зенченко əулеті. Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченко өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Новоникольское ауылындағы фермерлік шаруашылықты сақтап, тіршілігіне қан жүгіртті. Бүгінде бұл – 20 кəсіпорыннан тұратын əрі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын ірі компания. Ел арасында Зенченко десе, еңбекқорлық пен сапалы өнім еске түседі. Компания əлеуметтік жобаларды қаржыландырып, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасап отыр. Жауапкершілігі мол бизнес дегеніміз – осы. Геннадий Ивановичтің ісін ұрпағы абыроймен жалғастырып келеді. Мен осы еңбек династиясының ұзақ жылғы еңбегін ескеріп, компания директоры Геннадий Геннадьевич Зенченконы жоғары дəрежелі ерекшелік белгісі “Қазақстанның Еңбек Ері” атағымен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Сондай-ақ бүгін Жамбыл облысындағы шаруа қожалығының сауыншысы Бақтыгүл Дүйсебекова жəне Абай облысындағы серіктестіктің шопаны Рымхан Сыдықов үшінші дəрежелі “Еңбек Даңқы” орденімен наградталады. Атырау облысы Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативтің түйешісі Берік Салауов та осы марапатқа лайық деп танылды. Қостанайлық мал дəрігері Валерий Козлович “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталады. Мемлекеттік награда алған азаматтардың қатарында зоотехник, шопан, технолог, комбайншы сияқты мамандар бар. Жалпы Қазақстан бойынша 100-ден аса адам марапатталатын болды. Міне, осындай нағыз еңбек адамдары жастарға үлгі-өнеге болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Аталған форумда Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ жəне өңдеу өнеркəсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркəсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылығы инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Атап айтқанда, “Қазақстанның Еңбек Ері” атағы мен “Отан” ордені “Зенченко жəне К” серіктестігінің бас директоры Геннадий Геннадьевич Зенченкоға берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының бір топ еңбеккері ІІ жəне ІІІ дəрежелі “Барыс”, “Парасат”, “Құрмет”, III дəрежелі “Еңбек Даңқы” ордендерімен жəне “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.

Форум аясында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесін тамашалады. Көрмеде терең өңделген өнімдер, заманауи агротехнологиялар, инвестициялық, соның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ұсынылған. Президентке егін жəне мал шаруашылықтарындағы, басқа да маңызды бағыттардағы инновациялық шешімдер мен жетістіктер таныстырылды.

(“Egemen Qazaqstan”,

16 қараша 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp