М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің залында дәстүрлі әндерді заман талабына сай орындап жүрген “Алатау серілері” тобының концерті өтті. Аталмыш іс-шара “TAUEKEL” көші-қон қоғамдық ұйымының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Өнерлі жігіттердің рухты әндерін тыңдауға жиналған қызылжарлықтардың қатары қалың болды.
Алатау баурайынан келген өнерпаздарға тіл жанашыры Жапар Төлегенов солтүстікқазақстандықтардың атынан ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
“Боз жорға”, “Хас жүйрікте сын болмас”, “Молдабай”, “Алаш ұраны”, “16 қыз”, “Домбыра” әндерін көрермендер ерекше ықыласпен тыңдады.
– Қызылжарға алғаш рет осыдан 3 жыл бұрын келген едік. Көрермендермен қауышу сәті бүгін түсіпті. Халықтың көрсеткен қошеметіне көңіліміз марқайып, жанымыз жадырап қалды, – дейді “Алатау серілері” тобының мүшесі Қуаныш Алтыбай.
Рухани кеште Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншілері Біржан Есжан мен Еркебұлан Қарыпов та ән шырқап, шараның шырайын кіргізе түсті.
– Ән кеші өте жоғары деңгейде өтті. Ұлттық рухты оятатын туындыларды насихаттап жүрген топқа шығармашылық табыс тілейміз. “TAUEKEL” көші-қон қоғамдық ұйымы алдағы уақытта да мұндай игі іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Ондағы мақсатымыз – жастардың бойына елжандылық, отансүйгіштік сияқты көркем қасиеттерді ұялату, – дейді концертті ұйымдастырушы Бурахан Дақанов.
“Елім дегендер, қамын жегендер
Адал өрендер, намысы қайнағандар
Елі үшін, ары үшін.
Қайратын қайрағандар
Қазақтың бағы үшін”, – деп өрілетін өлең жолдары бар ән шырқалғанда көрермендер орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. Елдің сый-құрметіне бөленген “Алатау серілері” Қызылжарға алдағы уақытта жиі келіп тұратындарын айтты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.