«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аралағаштықтарды алаңдатқан ахуал

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемендіктің елең-алаң шағында тапшылық пен жоқшылыққа еріксіз тап болған талай елді мекен тұрғындары тұрмысқа жайлы жер іздеп, үдере көшкені, облыс, аудан орталықтарын, ірі кенттерді сағалағаны белгілі.  Бұл кезеңді  тәуелсіз мемлекет ретінде ірге көтерген Қазақстанның уақытша қиындығы, ұлттық рухани жаңғыруға бет алған қадамы, қалыптасу жолы деп түсінгендердің бірі – аралағаштықтар қиындыққа қарсы тұра алатын тас-түйін бекемдігінен, бойларына ұйымшылдық, бірлік қасиеттері ұялаған мәрт мінезінен айнымады.

Аумалы-төкпелі уақытты ұлттық даму бағытын таңдап алған кез келген ел басынан өткеретін қалыпты құбылыс ретінде түсініп, Атығайдан тарайтын Жансүгір батырдың ұрпағы бір-бірінен ірге суытқан жоқ. Етек-жеңін жинап, ағайын-туысқа қал-қадірінше жәрдемдесіп, аяқтан тік тұрып кетудің, сөйтіп қасиетті шаңырақты сақтау қалудың қамын бір сәт те естен шығарған емес. Өңірімізге белгілі ұлағатты ұстаз Молдахмет Сұрағанұлы “Ауылым – алтын бесігім” естелік кітабында “Аралағаш кезінде қазақ руханиятының шағын аралы іспеттес болды. Бұл ауылдан Қазақстанның тұңғыш ішкі істер Халық комиссары Зікірия Мұқиұлы, Қазақстан ЛКЖО комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитов, Қаз-КСР Оқу-ағарту министрінің орынбасары Мұстақым Нұрғалиұлы секілді белгілі азаматтар шыққан. Бұлар – сталиндік зұлмат құрбандары”, – деп жазады. Жазушы Сапарғали Бегалин “Замана белестері” шығармасында Зікірияны “Бұл – бір адамның алыбы. Отыз пұт теңді иығына салып жүре береді. Оның жолдастары арасындағы лақап аты – “Қазбек гора”, – деп сипаттайды.

Бұл тізімге техника ғылымда­рының докторы, белгілі ғалым Қайырбек Оразовты, Голливудта алғаш қобыз тартқан қазақ ре­тінде есімі тарих бетіне хатталып қалған кәсіби маман Ерназар Ыбыраевты, Канн кинофестива­лін­де “Үздік әйел рөлі” аталымын жеңіп алған Самал Есләмованы, тағы басқаларын қоссақ, құнар­лы топырақта кіндік қаны тамған қоғам, мәдениет, өнер тарлан­дарының саны еселене түсері анық. Ең бастысы, тағылымды дәстүрдің тамыры үзілмей, өз жалғастығын тауып келе жатқа­ны қуантады.

Құтбереке қонған ауыл

Бүгінде Аралағаш – әлеуеті жо­ғары тірек елді мекендердің бірі. Жалпы аумағы 549 шаршы шақырым аумақты алып жатқан округ құрамына Аралағаш, Руб­левка, Амангелді ауылдары кіре­ді. Ішкі саясат бөліміне біраз жыл жетекшілік еткен Қайрат Баба­қовтың округ әкімі қызметіне ауыс­қанына көп бола қоймаса да, осы ауылдың тумасы ретінде жергілікті жағдайды жақсы біле­тіні бірден аңғарылады. Келе са­лысымен әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық мәселеле­ріне білек сыбана араласып, тұр­ғындарды толғандырған жайт­тарды бірінші кезекте шешуді басты мақсат еткен.

“Әлеуметтік мәселелерді жаңғыртуға барынша басымдық беріп отырмыз. Екі білім ошағын­да 167 оқушы оқиды, мектеп­ке дейінгі ұйымдарға 50 балдыр­ған барады. 2 медициналық пунктке, 150 орындық клубқа күр­делі жөндеу жүргізілді. Кітап­ханадағы кітап қоры 7 мыңға жуық. Шағын футбол алаңы, спорт залы жұмыс істейді”, – деген әкім төрт түлік өсіріп, ата кәсіпті дөңгелетіп отырған отба­сылар жайлы жан жадыратар мысалдар келтірді. Мәселен, қа­мал бұзар жасқа келген Қайрат Нұртазинов 20-30 жылқы, 50-60 қой өсіреді. Мұрат Мәлгаждаров та, оңтүстіктен қоныс аударған Бе­рік Раушанов та – малсақ, ең­бекқор.

Дегенмен, атқарылған кешен­ді шараларға қарамастан үш жыл ішінде округ тұрғындары­ның саны 1080-нен 972-ге дейін азайып кеткен. Зейнет жасы­нан асқандар – 152, көпба­лалы отбасылар – 17. Еңбекке қа­білетті жандардың 123-і – бюд­жет саласында, 597-і жеке ша­руашылықтарда еңбек етсе,  286-ы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыздар – үшеу ғана. Оның бірі – жоғары білімді мұға­лім. Ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлер 46 агроқұ­рылымға бекітіліп берілген, “Зен­ченко”, “Баянды СК”, “Олжа Агро”, “Сейдахметов” секілді се­ріктестіктердің жетістіктері қыруар.

Әкімнің айтуынша, тұрғын­дардың қатысуымен өткен кез­десулердің қорытындылары шы­ға­рылып, алдағы ағымдық мін­деттер айқындалған. Көпшіліктің “Ауыл – ел бесігі” бағдарлама­сына қатысудың пайдасы көп де­ген ұсыныстары жете ескерілген. Ауылдардың республикалық трас­саның бойында орналасуы жол бойындағы сервисті дамы­туға өте қолайлы екенін көрсе­те­ді. Дегенмен, мал дәрігері, меха­низатор, сауыншы, электрик ма­мандықтарының тапшылығы, та­биғи-климаттық өзгерістерге байланысты су ресурстарының жеткіліксіздігі ойландырмай қой­май­ды. Ауыл шаруашылығы нау­қандарының маусымдық сипаты ескеріліп, “Ауыл аманаты” жоба­сы аясында жылдық өсімі 2,5 па­йыздық жеңілдікті және тауар тү­ріндегі несие беру, қаржылық институттардың озық бағдарла­маларына қатысу, жергілікті қар­жылық ресурстар мөлшерін ұл­ғайту есебінен ауылдарды өр­кендетудің кешенді іс-қимыл жос­парын өзара үйлестіру жолдары ойластырылған. Осыған орай ауыл­ішілік жолдарды қалпына кел­­тіруге – 7,5 млн., көшелерді жа­рықтандыруға– 2,7 млн., жаңа жұ­мыс орындарын құруға – 2 млн., мал өлекселерін сақтай­тын полигон құрылысына 7 млн. теңге қарастырылған.

Былтыр еліміздегі ең ірі бай­ла­ныс операторларының бірі ра­диокөпір технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интер­нет­ті қосып, нәтижесінде тұрғындар заманауи цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие бол­ған. Абоненттердің үйлеріне жаб­дықты сымсыз сигналмен қамта­масыз ететін базалық станция ор­натылып, заманауи телекоммуникация қызметтеріне қол жеткізілген.

Зиратқа жету — бір мұң

Аралағашта жылына 10 мың тонна құс етін өндіретін, жобалық құны 7,4 млрд. теңге болатын кә­сіпорын 2022 жылы іске қосыл­ды. Ондағы мақсат – жергілікті на­рықта құс етіне сұраныстың ке­мінде 80 пайызын қанағаттанды­ру. Тауықтарға күтім жасау үде­рісі компьютер арқылы басқарылады. Мамандардың сөзіне қарағанда, шетелдерден әкелінетін балапандар 40-42 күннен кейін сойылып, сатуға жөнелті­леді. Бүгінде Аралағаштың он­нан астам тұрғыны осында нә­пақа тауып жүр.

Айтпағымыз басқа. Осы ақ­жолтай хабар жергілікті тұрғын­дардың қуанышын су сепкендей басып тастаған тәрізді. Редакция табалдырығын аттаған Жомарт Сұрағанов ауылда қайтыс бол­ған қадірменді қарияның мәйітін ата-бабалары мәңгі тыныстап жатқан Бөрібай қорымына жеткізе алмай, әбден сергелдеңге түскендерін қынжыла баяндады.

“Ауылда екі қорым бар. Бірі – жол жиегінде, екіншісі – Бөрібай зираты. Кезінде құс фабрикасы­ның бейітке тым жақын салынып жатқанына наразылық білдіріп, қанша дабыл қақсақ та, ешкім пікірімізді елемеді. Салдарынан бейітке бара­тын негізгі жолдың дәл үстіне кәсіпорын тұрғызы­лып, қорымға қатынау пышақ кескендей үзілді. Бұрын оған оң жақ қаптал ар­қылы баратынбыз. Ол жерге су тартылып, насос ор­натылған, мал кіреді деген “сақ­тықпен” ай­нала қазылып тас­талған. Қазір ор суға толып тұр. Ернеуінен асса, зиратқа қарай құйылуы ға­жап емес. Қыста шұңқырларды қар басып қалуы әбден кәдік. Сонда адам не мал мертігіп жат­са, кім жауап бер­мек? Сол жақ қаптал – ми батпақ, жүру еш мүм­кін емес”,– деген Жомарт Молдахметұлы кәсіп­орын басшылығына бірнеше рет арызданғанын айтты. Алайда жаз­да жолды қалпына келтіреміз деген уәде сиырқұйымшақтанып, сағызша созылып кеткен.

Астанадан арнайы хабарлас­қан осы ауылдың тумасы Ербол Ибраевтың айтуына қарағанда, бастапқыда инвестор аралағаш­тықтармен кездесіп, құс фабрикасын салу ұсынысы қолдауға ие болған.

“Фабриканың жұмыс істеп тұр­ға­нына ешқандай дауымыз жоқ. Бірқатар адамға тұрақты жұмыс тауып берді. Жолдарды тазалауға, көмірді үюге, отын-суға кө­мектеседі. Бірақ өндіріс орны­ның қай жерде бой көтеретіні нақты, ашық айтылмағандықтан, жағдайдың бұлай ушығып кететінін біз күткен жоқпыз. Жалпы санитарлық нормалар бойынша кәсіпорын мен бейіттің ара қашықтығы кемі 300 метр болуы шарт. Бұл талап сақталмаған, өрескел бұзылған. 65 адам қол қойып сол кездегі аудан әкіміне жолдаған хатымыз жауапсыз қалды. Кейін инвесторлар өз қателіктерін түсінді білем, қорымға дейінгі екі шақырым жолды ас­фальттап беруге сөз бергенімен, қоршауды жылжытуға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Сонда біздің әке-шешеміздің басына ба­рып, құран оқытып, дұға бағыш­тауға, марқұмдардың мүрдесін жерлеуге құқымыз жоқ па? Жолға қиыршық тас жарым-жар­тылай ғана төселген. Ол қа­шан тегістеледі? Қалай болса со­лай шашылып жатыр. Ең сорақысы, фабриканың қалдық заттары жақын маңдағы көлге төгілуде”– деді күйіне сөйлеген жер­лесіміз.

Құс фабрикасын салу жоба­сы­ның жетекшісі Талғат Мақтаев жерді әкімдік бөлгенін, сарапта­мадан өтіп, ұсыныстың қолдау тапқанын, санитарлық талаптардың бұзылмағанын мәлімдей ке­ліп, зират жақтағы 300 метр жерге ешнәрсе салынбайтынына, тек темір қоршау ғана орнатыла­тынына сендірген. Олай болса, нысанның белгіленген қызыл сызық ішіне тұрғызылуы, тыйым салынған кеңістікке кіріп кетуі қа­лай?

Біз де кезінде тұрғындардың өтініш-тілектерін “Солтүстік брой­лері” ЖШС директоры Берік Ақмұрзаевтың назарына ұсын­ғанда мәселенің жеделдетіп шешім табатынын айтқан бола­тын. Шамасы, биылғы көктемгі су тас­қынынан инкубаторға кел­ген ма­териалдық залал, нұқсан еңсе­ле­рін көтертпей, мұршала­ры болмай жатыр ма деген ой ке­леді. “Қараша сұраса, хан түйесін сояды” демекші, қалай десек те, тұрғындардың талабы орын­ды.

Пошта бөлімшесі жоқ округ

Облыстық “Soltüstık Qazaq­stan” газетіне жазылу науқанына орай ауданға жұмыс сапары ба­рысында Аралағаш ауылына ар­найы ат басын тіреуіміздің бір се­бебі – жасы 80-ді алқымдап қал­ған Қырғыз Қаңтарбаев ақсақал­дың “маған жолықсаңыз” – деген өті­ніші еді. Қария – өңірдегі ұлттық басылымның көп жылдан бергі тұ­рақты оқырманы, сырласы, жа­нашыры. “Soltüstık Qazaqstan” га­зетінен бөлек, тағы бірнеше ба­сылымды жаздырып алғанымен, уақтылы қолға тимейтініне қапа­лы. Округ әкімі де пошта қыз­ме­тіне көңілі толмайтынын ашық айтты.

“Жасыратыны жоқ, бір апта­ның хат-хабарын үйіп-төгіп бірақ әкеледі. Бұл – көп жерде кез­десетін және жылда қайталана­тын көрініс. Округ аумағында бір­де-бір пошта бөлімшесі жоқ. Амалсыздан адамдар Ленинс­кое ауылдық округіне болмаса ау­дан орталығына сабылып жүр­еді. Оған кез келгеннің жағдайы келе бермейді. Екіншіден, хат-хабар таратушыларға төленетін жалақы мүлдем мардымсыз. Күн көру түгіл, жол ақысына да жет­пейді”, – деді Қайрат Бабақов.

Қырғыз ақсақал осы мәселе­мен аудандық байланыс торабы басшылығына бірнеше рет бар­са да, маңдайы тасқа тигендей тауы шағылып оралыпты. Енді хат-хабар, газет-журнал аудан орталы­ғынан елді мекендерге аптасына бір рет қана жеткізіледі деген ше­шімнің алынғанына сенер-сенбесін білмей дал.

Осыдан бірнеше жыл бұрын “Қазпошта” АҚ-ның сол кездегі бас дирек­торы Бағдат Мусин өңі­рімізге жұ­мыс сапарымен кел­генде одан пошта тасымалына қатысты сали­қалы әңгіме күткен едік. Ол оның орнына мерзімді басылымдардың елді мекендер­ге жеткізу мерзімін төрт күннен үш күнге тү­сіру жөнінде екіжақты келісім жа­сағаны бәрімізді таң­ғалдырған. Шалғай ауылдарға тасымалдау ісі жөнге қойылады деген үмітіміз ақталмай, салы­мыз суға кет­кен­дей күй кешкен­біз. Газет-журнал мен хат-хабар аудан орталықтарына ертеңгі күні жеткізілгені­мен, әрі қарай та­рату ісін қалай үйлестіруге бола­ды, пошта қыз­меткерлерінің ең­бекақысы қа­шан өседі, тұрғын­дар саны аз елді мекендерде бай­ланыс бөлімшелерін сақтап қа­лудың жол­дары қандай, баспа­сөзге жазылу науқаны кезінде та­сымалдаушы кәсіпорын қызмет бағасын өсіріп жіберетіні қалай, қалалардағы көпқабатты үйлер­ге пошта жәшігін қою ойласты­рылған ба деген сауалдарға жал­пылама жауап берілгенді.

Біз аудандық байланыс торабының бастығы Елена Романен­комен сөйлескенімізде Қырғыз ақсақалдың дүдәмалы расталды. “Шешімді жоғарғы басшылық қа­былдайды, біз орындаушымыз”, – деп сөзін келте қайырды.

Аудан аумағындағы 5 ауыл­дық округ пошта тасымалының жылжымалы әдісіне көшіпті. 28 поштасының жалақысы әрқилы. Негі­зінен 0,1-0,9 ставка аралығында. Аралағаш, Рублевка, Амангелді ауылдарына қызмет көрсету Ле­нинское ауылдық округінің құзыретіне берілген.

Аралағашта хат-хабар тасу­шы болып істейтін Назгүл Кенже­баева 100 үйлі ауылға газет-жур­налды аптасына бір рет қана таратады. Айлық жалақысы–27-28 мың теңге мөлшерінде. Газет-журналға жазылған оқырман­дардан түскен қаржыны рәсімдеп, аптасына екі рет келетін инкассаторларды сарыла күтіп отырғаны. Солар арқылы беріп жі­беріп, түбіртекті солар арқылы алдыртады екен. “Өзіңіз үй-үйді аралап, жазылуға үгіттейсіз бе?” деген сауалымызға күмілжи жауап беруіне қарағанда қосымша атқаратын жұмыстары қол­байлау ма деп қалдық.

“Қазпошта” акционерлік қоға­мы облыстық филиалының қыз­меткері Әсемгүл Демесінованың сөзінше компания талабы бо­йын­ша ок­руг­те халықтың жалпы саны ке­мінде 2 мың адам болған жағ­дайда ғана бір стационарлық пошта байланысы бөлімшесі болуы тиіс. Қазір республикада 1985 ауылдық пошта байланысы бөлімшесі бар. Ондай құрылымдар жоқ елді мекендерге 103 жылжымалы пошта байланысы бө­лім­ше­лері көмекке асығады. Әбден монополист мекемеге ай­налып, еркінсіген, соған орай өз тарапынан қызмет көрсету сапасын жақсартудың орнына бағаны өз қалауынша өсіруді ғана бі­летін республикалық ведом­­ствоға “әй” дер әженің, “қой” дер қожаның” табылмай тұрғаны қынжылтады. Және де негізгі та­быс көзі саналатын тасымалға болмаса шетелге сәлем-сауқат жіберуге, қабылдауға әбден кәнігіп кеткені жасырын емес. Соның салдарынан газет-журналға жазылу, қазақ баспасөзіне қол­дау көрсету жайы шет қалғанға ұқсайды.

Бүгінде қалалық және ауылдық жерлерде 1300-ден астам газет-журнал таратылады. Ком­пания өкілдерінің мәлімдеуінше, басылымдарды тиісті жерлерге жеткізу басы артық шығын. Өйт­кені тарату тарифі 2017 жылдан бері көтерілмеген. Ал бөлінген субсидия шығынды толық өте­мейді деген уәжді алға тартады. “Қазпошта” АҚ электрондық ха­лықаралық пошта және транзиттік жөнелтімдерді, логистикалық үдерістерді жеңілдету үшін құ­жаттардың толық пакетін рәсімдеу, көліктік-логистикалық қыз­меттердің толық спектрін көрсету, электрондық сауданы кедендік рәсімдеу арқылы тауарларды жеткізу қызметтеріне баса көңіл бөліп, БАҚ-тың тиімсіз екенін ашық айтпаса да, емеурінмен ұқ­тырғандай.

Облыс орталығындағы кей­бір пошта байланысына бара қал­саңыз, жазылу каталогын тап­пайсың, қызмет көрсету сапасы­ның төмендігі қарын аштырады. Мұның бәрі “Қазпошта” АҚ жергілікті құрылымдарының нашар жұмыс істейтінін аңғартады.

Басты проблема оқырман­дарға газет-журналдың уақтылы жетпеуіне, пошташылардың мер­зімінде апарып бермеуіне келіп тіреледі. Ал 1 қарашадан бастап аудан орталықтарынан елді мекендерге хат-хабар, газет-жур­нал аптасына бір рет қана жет­кізіледі деген шешім төбеден жай түсіргендей болып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp