Ақтас ауылдық кітапханасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның 70 жасқа толған мерей-тойына арналған іс-шара ұйымдастырылды. Шараға қатысқан мектеп оқушылары жерлесіміздің ғылым жолымен танысып, еңбектері туралы ой бөлісті.
Бүркітбай Ғелманұлы 1954 жылы Есіл ауданындағы Ақтас ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тамамдағаннан кейін жоғары білім беру саласында еңбек етті. Жалындаған жастық шағынан бастап күні бүгінге дейін қолынан қаламы түспеген зерделі ғалымның отандық тарих ғылымына сіңірген еңбегі елеулі. Қазақстан тарихын бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша талдап, баға беруде, өтпелі қоғамдағы саяси жүйенің қалыптасуы мен эволюциясын зерттеуде, бұрын белгісіз құжаттарды ғылыми айналымға қосуда үлкен еңбек сіңірген. Қазақтың кесек тұлғаларының өмірі мен саяси қызметтерін тереңнен зерттеп, ғылыми жұмыстар, сондай-ақ орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазған. Профессор 300-ден астам ғылыми мақала, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, монография, энциклопедиялардың авторы.
Ғұмырын ғылымға арнаған азаматтың мерейтойы оның туған ауылы үшін де елеулі оқиға саналады. Жергілікті кітапханада жастардың қатысуымен аталған шараның өтуі де осының бір көрінісі. Кітапханаға келген мектеп оқушылары қазақ тарихы туралы құнды ақпарат алып, ғалымның өмір белестеріне шолу жасады.
Әлия ҚОСПАНОВА,
Ақтас ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Есіл ауданы.