Өңірімізге жұмыс сапарымен Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков келді. Ол облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Петропавл қаласында орналасқан 6637 әскери бөлімінің жағдайымен танысып, сарбаздардың тамақтанатын ас бөлмелерін тексерді. Сондай-ақ жауынгерлердің жатын орындары мен қолданатын қару-жарақтарының сапасы назарға алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесу өткізді. Кездесу барысында әскери қызметшілер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, сауалдарына жауап алды. Ішкі істер министрінің орынбасары әскерилердің жұмысына сәттілік тілеп, алдағы міндеттерді нақтылады.
Сапар барысында Бас қолбасшы облыс орталығындағы Ұлттық ұлан академиясының жаңа казармасының ашылуына қатысты. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Сакентай Шекарбековте жиналғандарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
– Бұл маңызды шара – әскерилеріміздің қызметі мен өміріне қолайлы жағдай жасауға деген жоғары деңгейдегі қамқорлықтың белгісі. Заманауи казарма ғимаратында жеке құрамның жайлы орналасуына барлық жағдай жасалған. Кең әрі жарық жатын бөлмелер, жаттығу залдары мен демалыс бөлмелері ең жоғары стандарттарға сай жасақталған. Мұның бәрі ұлан сарбаздарының жауынгерлік дайындығын және рухын нығайтуға бағытталған, – деп атап өтті өңір басшысы.
Маржан ТАЛАПКЕР,
Ұлттық ұлан академиясы баспасөз қызметінің бастығы.