Егемендіктің елең-алаң шағында тапшылық пен жоқшылыққа еріксіз тап болған талай елді мекен тұрғындары тұрмысқа жайлы жер іздеп, үдере көшкені, облыс, аудан орталықтарын, ірі кенттерді сағалағаны белгілі. Бұл кезеңді тәуелсіз мемлекет ретінде ірге көтерген Қазақстанның уақытша қиындығы, ұлттық рухани жаңғыруға бет алған қадамы, қалыптасу жолы деп түсінгендердің бірі – аралағаштықтар қиындыққа қарсы тұра алатын тас-түйін бекемдігінен, бойларына ұйымшылдық, бірлік қасиеттері ұялаған мәрт мінезінен айнымады.
Аумалы-төкпелі уақытты ұлттық даму бағытын таңдап алған кез келген ел басынан өткеретін қалыпты құбылыс ретінде түсініп, Атығайдан тарайтын Жансүгір батырдың ұрпағы бір-бірінен ірге суытқан жоқ. Етек-жеңін жинап, ағайын-туысқа қал-қадірінше жәрдемдесіп, аяқтан тік тұрып кетудің, сөйтіп қасиетті шаңырақты сақтау қалудың қамын бір сәт те естен шығарған емес. Өңірімізге белгілі ұлағатты ұстаз Молдахмет Сұрағанұлы “Ауылым – алтын бесігім” естелік кітабында “Аралағаш кезінде қазақ руханиятының шағын аралы іспеттес болды. Бұл ауылдан Қазақстанның тұңғыш ішкі істер Халық комиссары Зікірия Мұқиұлы, Қазақстан ЛКЖО комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитов, Қаз-КСР Оқу-ағарту министрінің орынбасары Мұстақым Нұрғалиұлы секілді белгілі азаматтар шыққан. Бұлар – сталиндік зұлмат құрбандары”, – деп жазады. Жазушы Сапарғали Бегалин “Замана белестері” шығармасында Зікірияны “Бұл – бір адамның алыбы. Отыз пұт теңді иығына салып жүре береді. Оның жолдастары арасындағы лақап аты – “Қазбек гора”, – деп сипаттайды.
Бұл тізімге техника ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Қайырбек Оразовты, Голливудта алғаш қобыз тартқан қазақ ретінде есімі тарих бетіне хатталып қалған кәсіби маман Ерназар Ыбыраевты, Канн кинофестивалінде “Үздік әйел рөлі” аталымын жеңіп алған Самал Есләмованы, тағы басқаларын қоссақ, құнарлы топырақта кіндік қаны тамған қоғам, мәдениет, өнер тарландарының саны еселене түсері анық. Ең бастысы, тағылымды дәстүрдің тамыры үзілмей, өз жалғастығын тауып келе жатқаны қуантады.
Құтбереке қонған ауыл
Бүгінде Аралағаш – әлеуеті жоғары тірек елді мекендердің бірі. Жалпы аумағы 549 шаршы шақырым аумақты алып жатқан округ құрамына Аралағаш, Рублевка, Амангелді ауылдары кіреді. Ішкі саясат бөліміне біраз жыл жетекшілік еткен Қайрат Бабақовтың округ әкімі қызметіне ауысқанына көп бола қоймаса да, осы ауылдың тумасы ретінде жергілікті жағдайды жақсы білетіні бірден аңғарылады. Келе салысымен әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық мәселелеріне білек сыбана араласып, тұрғындарды толғандырған жайттарды бірінші кезекте шешуді басты мақсат еткен.
“Әлеуметтік мәселелерді жаңғыртуға барынша басымдық беріп отырмыз. Екі білім ошағында 167 оқушы оқиды, мектепке дейінгі ұйымдарға 50 балдырған барады. 2 медициналық пунктке, 150 орындық клубқа күрделі жөндеу жүргізілді. Кітапханадағы кітап қоры 7 мыңға жуық. Шағын футбол алаңы, спорт залы жұмыс істейді”, – деген әкім төрт түлік өсіріп, ата кәсіпті дөңгелетіп отырған отбасылар жайлы жан жадыратар мысалдар келтірді. Мәселен, қамал бұзар жасқа келген Қайрат Нұртазинов 20-30 жылқы, 50-60 қой өсіреді. Мұрат Мәлгаждаров та, оңтүстіктен қоныс аударған Берік Раушанов та – малсақ, еңбекқор.
Дегенмен, атқарылған кешенді шараларға қарамастан үш жыл ішінде округ тұрғындарының саны 1080-нен 972-ге дейін азайып кеткен. Зейнет жасынан асқандар – 152, көпбалалы отбасылар – 17. Еңбекке қабілетті жандардың 123-і – бюджет саласында, 597-і жеке шаруашылықтарда еңбек етсе, 286-ы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыздар – үшеу ғана. Оның бірі – жоғары білімді мұғалім. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 46 агроқұрылымға бекітіліп берілген, “Зенченко”, “Баянды СК”, “Олжа Агро”, “Сейдахметов” секілді серіктестіктердің жетістіктері қыруар.
Әкімнің айтуынша, тұрғындардың қатысуымен өткен кездесулердің қорытындылары шығарылып, алдағы ағымдық міндеттер айқындалған. Көпшіліктің “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына қатысудың пайдасы көп деген ұсыныстары жете ескерілген. Ауылдардың республикалық трассаның бойында орналасуы жол бойындағы сервисті дамытуға өте қолайлы екенін көрсетеді. Дегенмен, мал дәрігері, механизатор, сауыншы, электрик мамандықтарының тапшылығы, табиғи-климаттық өзгерістерге байланысты су ресурстарының жеткіліксіздігі ойландырмай қоймайды. Ауыл шаруашылығы науқандарының маусымдық сипаты ескеріліп, “Ауыл аманаты” жобасы аясында жылдық өсімі 2,5 пайыздық жеңілдікті және тауар түріндегі несие беру, қаржылық институттардың озық бағдарламаларына қатысу, жергілікті қаржылық ресурстар мөлшерін ұлғайту есебінен ауылдарды өркендетудің кешенді іс-қимыл жоспарын өзара үйлестіру жолдары ойластырылған. Осыған орай ауылішілік жолдарды қалпына келтіруге – 7,5 млн., көшелерді жарықтандыруға– 2,7 млн., жаңа жұмыс орындарын құруға – 2 млн., мал өлекселерін сақтайтын полигон құрылысына 7 млн. теңге қарастырылған.
Былтыр еліміздегі ең ірі байланыс операторларының бірі радиокөпір технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетті қосып, нәтижесінде тұрғындар заманауи цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болған. Абоненттердің үйлеріне жабдықты сымсыз сигналмен қамтамасыз ететін базалық станция орнатылып, заманауи телекоммуникация қызметтеріне қол жеткізілген.
Зиратқа жету — бір мұң
Аралағашта жылына 10 мың тонна құс етін өндіретін, жобалық құны 7,4 млрд. теңге болатын кәсіпорын 2022 жылы іске қосылды. Ондағы мақсат – жергілікті нарықта құс етіне сұраныстың кемінде 80 пайызын қанағаттандыру. Тауықтарға күтім жасау үдерісі компьютер арқылы басқарылады. Мамандардың сөзіне қарағанда, шетелдерден әкелінетін балапандар 40-42 күннен кейін сойылып, сатуға жөнелтіледі. Бүгінде Аралағаштың оннан астам тұрғыны осында нәпақа тауып жүр.
Айтпағымыз басқа. Осы ақжолтай хабар жергілікті тұрғындардың қуанышын су сепкендей басып тастаған тәрізді. Редакция табалдырығын аттаған Жомарт Сұрағанов ауылда қайтыс болған қадірменді қарияның мәйітін ата-бабалары мәңгі тыныстап жатқан Бөрібай қорымына жеткізе алмай, әбден сергелдеңге түскендерін қынжыла баяндады.
“Ауылда екі қорым бар. Бірі – жол жиегінде, екіншісі – Бөрібай зираты. Кезінде құс фабрикасының бейітке тым жақын салынып жатқанына наразылық білдіріп, қанша дабыл қақсақ та, ешкім пікірімізді елемеді. Салдарынан бейітке баратын негізгі жолдың дәл үстіне кәсіпорын тұрғызылып, қорымға қатынау пышақ кескендей үзілді. Бұрын оған оң жақ қаптал арқылы баратынбыз. Ол жерге су тартылып, насос орнатылған, мал кіреді деген “сақтықпен” айнала қазылып тасталған. Қазір ор суға толып тұр. Ернеуінен асса, зиратқа қарай құйылуы ғажап емес. Қыста шұңқырларды қар басып қалуы әбден кәдік. Сонда адам не мал мертігіп жатса, кім жауап бермек? Сол жақ қаптал – ми батпақ, жүру еш мүмкін емес”,– деген Жомарт Молдахметұлы кәсіпорын басшылығына бірнеше рет арызданғанын айтты. Алайда жазда жолды қалпына келтіреміз деген уәде сиырқұйымшақтанып, сағызша созылып кеткен.
Астанадан арнайы хабарласқан осы ауылдың тумасы Ербол Ибраевтың айтуына қарағанда, бастапқыда инвестор аралағаштықтармен кездесіп, құс фабрикасын салу ұсынысы қолдауға ие болған.
“Фабриканың жұмыс істеп тұрғанына ешқандай дауымыз жоқ. Бірқатар адамға тұрақты жұмыс тауып берді. Жолдарды тазалауға, көмірді үюге, отын-суға көмектеседі. Бірақ өндіріс орнының қай жерде бой көтеретіні нақты, ашық айтылмағандықтан, жағдайдың бұлай ушығып кететінін біз күткен жоқпыз. Жалпы санитарлық нормалар бойынша кәсіпорын мен бейіттің ара қашықтығы кемі 300 метр болуы шарт. Бұл талап сақталмаған, өрескел бұзылған. 65 адам қол қойып сол кездегі аудан әкіміне жолдаған хатымыз жауапсыз қалды. Кейін инвесторлар өз қателіктерін түсінді білем, қорымға дейінгі екі шақырым жолды асфальттап беруге сөз бергенімен, қоршауды жылжытуға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Сонда біздің әке-шешеміздің басына барып, құран оқытып, дұға бағыштауға, марқұмдардың мүрдесін жерлеуге құқымыз жоқ па? Жолға қиыршық тас жарым-жартылай ғана төселген. Ол қашан тегістеледі? Қалай болса солай шашылып жатыр. Ең сорақысы, фабриканың қалдық заттары жақын маңдағы көлге төгілуде”– деді күйіне сөйлеген жерлесіміз.
Құс фабрикасын салу жобасының жетекшісі Талғат Мақтаев жерді әкімдік бөлгенін, сараптамадан өтіп, ұсыныстың қолдау тапқанын, санитарлық талаптардың бұзылмағанын мәлімдей келіп, зират жақтағы 300 метр жерге ешнәрсе салынбайтынына, тек темір қоршау ғана орнатылатынына сендірген. Олай болса, нысанның белгіленген қызыл сызық ішіне тұрғызылуы, тыйым салынған кеңістікке кіріп кетуі қалай?
Біз де кезінде тұрғындардың өтініш-тілектерін “Солтүстік бройлері” ЖШС директоры Берік Ақмұрзаевтың назарына ұсынғанда мәселенің жеделдетіп шешім табатынын айтқан болатын. Шамасы, биылғы көктемгі су тасқынынан инкубаторға келген материалдық залал, нұқсан еңселерін көтертпей, мұршалары болмай жатыр ма деген ой келеді. “Қараша сұраса, хан түйесін сояды” демекші, қалай десек те, тұрғындардың талабы орынды.
Пошта бөлімшесі жоқ округ
Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жазылу науқанына орай ауданға жұмыс сапары барысында Аралағаш ауылына арнайы ат басын тіреуіміздің бір себебі – жасы 80-ді алқымдап қалған Қырғыз Қаңтарбаев ақсақалдың “маған жолықсаңыз” – деген өтініші еді. Қария – өңірдегі ұлттық басылымның көп жылдан бергі тұрақты оқырманы, сырласы, жанашыры. “Soltüstık Qazaqstan” газетінен бөлек, тағы бірнеше басылымды жаздырып алғанымен, уақтылы қолға тимейтініне қапалы. Округ әкімі де пошта қызметіне көңілі толмайтынын ашық айтты.
“Жасыратыны жоқ, бір аптаның хат-хабарын үйіп-төгіп бірақ әкеледі. Бұл – көп жерде кездесетін және жылда қайталанатын көрініс. Округ аумағында бірде-бір пошта бөлімшесі жоқ. Амалсыздан адамдар Ленинское ауылдық округіне болмаса аудан орталығына сабылып жүреді. Оған кез келгеннің жағдайы келе бермейді. Екіншіден, хат-хабар таратушыларға төленетін жалақы мүлдем мардымсыз. Күн көру түгіл, жол ақысына да жетпейді”, – деді Қайрат Бабақов.
Қырғыз ақсақал осы мәселемен аудандық байланыс торабы басшылығына бірнеше рет барса да, маңдайы тасқа тигендей тауы шағылып оралыпты. Енді хат-хабар, газет-журнал аудан орталығынан елді мекендерге аптасына бір рет қана жеткізіледі деген шешімнің алынғанына сенер-сенбесін білмей дал.
Осыдан бірнеше жыл бұрын “Қазпошта” АҚ-ның сол кездегі бас директоры Бағдат Мусин өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде одан пошта тасымалына қатысты салиқалы әңгіме күткен едік. Ол оның орнына мерзімді басылымдардың елді мекендерге жеткізу мерзімін төрт күннен үш күнге түсіру жөнінде екіжақты келісім жасағаны бәрімізді таңғалдырған. Шалғай ауылдарға тасымалдау ісі жөнге қойылады деген үмітіміз ақталмай, салымыз суға кеткендей күй кешкенбіз. Газет-журнал мен хат-хабар аудан орталықтарына ертеңгі күні жеткізілгенімен, әрі қарай тарату ісін қалай үйлестіруге болады, пошта қызметкерлерінің еңбекақысы қашан өседі, тұрғындар саны аз елді мекендерде байланыс бөлімшелерін сақтап қалудың жолдары қандай, баспасөзге жазылу науқаны кезінде тасымалдаушы кәсіпорын қызмет бағасын өсіріп жіберетіні қалай, қалалардағы көпқабатты үйлерге пошта жәшігін қою ойластырылған ба деген сауалдарға жалпылама жауап берілгенді.
Біз аудандық байланыс торабының бастығы Елена Романенкомен сөйлескенімізде Қырғыз ақсақалдың дүдәмалы расталды. “Шешімді жоғарғы басшылық қабылдайды, біз орындаушымыз”, – деп сөзін келте қайырды.
Аудан аумағындағы 5 ауылдық округ пошта тасымалының жылжымалы әдісіне көшіпті. 28 поштасының жалақысы әрқилы. Негізінен 0,1-0,9 ставка аралығында. Аралағаш, Рублевка, Амангелді ауылдарына қызмет көрсету Ленинское ауылдық округінің құзыретіне берілген.
Аралағашта хат-хабар тасушы болып істейтін Назгүл Кенжебаева 100 үйлі ауылға газет-журналды аптасына бір рет қана таратады. Айлық жалақысы–27-28 мың теңге мөлшерінде. Газет-журналға жазылған оқырмандардан түскен қаржыны рәсімдеп, аптасына екі рет келетін инкассаторларды сарыла күтіп отырғаны. Солар арқылы беріп жіберіп, түбіртекті солар арқылы алдыртады екен. “Өзіңіз үй-үйді аралап, жазылуға үгіттейсіз бе?” деген сауалымызға күмілжи жауап беруіне қарағанда қосымша атқаратын жұмыстары қолбайлау ма деп қалдық.
“Қазпошта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының қызметкері Әсемгүл Демесінованың сөзінше компания талабы бойынша округте халықтың жалпы саны кемінде 2 мың адам болған жағдайда ғана бір стационарлық пошта байланысы бөлімшесі болуы тиіс. Қазір республикада 1985 ауылдық пошта байланысы бөлімшесі бар. Ондай құрылымдар жоқ елді мекендерге 103 жылжымалы пошта байланысы бөлімшелері көмекке асығады. Әбден монополист мекемеге айналып, еркінсіген, соған орай өз тарапынан қызмет көрсету сапасын жақсартудың орнына бағаны өз қалауынша өсіруді ғана білетін республикалық ведомствоға “әй” дер әженің, “қой” дер қожаның” табылмай тұрғаны қынжылтады. Және де негізгі табыс көзі саналатын тасымалға болмаса шетелге сәлем-сауқат жіберуге, қабылдауға әбден кәнігіп кеткені жасырын емес. Соның салдарынан газет-журналға жазылу, қазақ баспасөзіне қолдау көрсету жайы шет қалғанға ұқсайды.
Бүгінде қалалық және ауылдық жерлерде 1300-ден астам газет-журнал таратылады. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, басылымдарды тиісті жерлерге жеткізу басы артық шығын. Өйткені тарату тарифі 2017 жылдан бері көтерілмеген. Ал бөлінген субсидия шығынды толық өтемейді деген уәжді алға тартады. “Қазпошта” АҚ электрондық халықаралық пошта және транзиттік жөнелтімдерді, логистикалық үдерістерді жеңілдету үшін құжаттардың толық пакетін рәсімдеу, көліктік-логистикалық қызметтердің толық спектрін көрсету, электрондық сауданы кедендік рәсімдеу арқылы тауарларды жеткізу қызметтеріне баса көңіл бөліп, БАҚ-тың тиімсіз екенін ашық айтпаса да, емеурінмен ұқтырғандай.
Облыс орталығындағы кейбір пошта байланысына бара қалсаңыз, жазылу каталогын таппайсың, қызмет көрсету сапасының төмендігі қарын аштырады. Мұның бәрі “Қазпошта” АҚ жергілікті құрылымдарының нашар жұмыс істейтінін аңғартады.
Басты проблема оқырмандарға газет-журналдың уақтылы жетпеуіне, пошташылардың мерзімінде апарып бермеуіне келіп тіреледі. Ал 1 қарашадан бастап аудан орталықтарынан елді мекендерге хат-хабар, газет-журнал аптасына бір рет қана жеткізіледі деген шешім төбеден жай түсіргендей болып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.