9-16 қараша аралығында Түркияның астанасы Анкара қаласында асық спортынан әлем кубогы өткен болатын. Ел құрамасы сапында өнер көрсетіп, жеңіске жеткен солтүстікқазақстандық бес асықшы Камила Сексембайды жерлестері мен жақындары пойыздан күтіп алды.
Камила 1997 жылы Аққайың ауданы, Дайындық ауылында туған. 2016 жылдан бері бірнеше рет чемпион атанып, еліміздің құрама командасына алынды. Қазір ол Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында тұрып жатыр. Жергілікті мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді.
– Бес асықпен мен мектеп кезінен айналысып келемін. Дайындық негізгі мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Бекжанов – алғашқы жаттықтырушым. Ол кісіге алғысым шексіз. Қазіргі таңда Ағжан Сұрағановтың қарамағында жаттығамын. Отбасымызбен ұлттық спорттарға жақынбыз. Әкем күреспен айналысқан, інім тоғызқұмалақтан жарыстарға қатысып жүр, – дейді Камила Сексембай.
Әлем кубогына команда бір ай көлемінде дайындалған. Жарысқа 10 елден 60-қа жуық спортшы қатысқан. Жалпыкомандалық есепте және жекелей сында отандастарымыз бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қырғыз елінің спортшылары иеленсе, үздік үштікті Түркия түйіндеді.
– Сайысқа Түркия, Франция, Испания, Қырғызстан, Чехия елдерінен командалар қатысты. Түркия мен Қырғызстан спортшылары лайықты қарсылық танытты. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Дегенмен Қазақстанда өтетін жарыстарда жеңіске жету қиынырақ деп айтар едім. Себебі елімізде асық ойнайтындар өте көп, бәсекелестік жоғары, – дейді спортшы.
Әлем кубогына Камила жолдасы және бір жасар баласымен бірге аттанған. Себебі емшектегі баланы қалдырып кете алмаған. Жаттықтырушысы Ағжан Сұрағановтың айтуынша, енді ел чемпионатына дайындықты бастамақ. Ол 20-24 қараша аралығында Көкшетау қаласында өтеді.
– Мен 2014 жылдан бастап жастарды жаттықтырып келемін. Әр жаттықтырушы үшін шәкіртінің жеңіске жеткені – қуаныш. Қанша уақыттан бері жасап жатқан еңбегіңнің нәтижесін көру – ең үлкен бақыт. Қыркүйек айында тағы бір шәкіртім Сәния Әскер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанған болатын. Енді Камила Сексембай әлем кубогында ең биік шыңға шықты. Әлемдік деңгейдегі жарысқа қатысу үшін Қазақстан құрама командасының ішінде іріктеуден өтудің өзі оңай емес. 40 шақты спортшы бар, соның ішінен 3 қыз іріктеліп алынды, – дейді Ағжан Сұрағанов.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.