Өңірде жыл басынан бері электрондық цифрлық қолтаңбаны заңсыз қолданудың 119 дерегі анықталды. Соның басым бөлігі Жамбыл ауданында тіркелген.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, биыл 29 қаңтар мен 16 ақпан аралығында ведомство “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл аудандық филиалының тіркеу және жер кадастры бөлімін тексерген. Нәтижесінде демалыстағы қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасын заңсыз қолданудың 96 фактісі анықталыпты. Ал қалған 23 дерекке талдау қорытындысы негізінде қол жеткізілген.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес, департамент биылғы наурыздан қыркүйекке дейінгі кезеңде мемлекеттік қызмет нәтижесіне қол қоятын лауазымды тұлғалардың ЭЦҚ пайдалануына мониторинг жүргізді.
“Қызылжар ауданы Прибрежный ауылдық округі әкімінің аппаратында екі, Тайынша ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде 8 дерек тіркелсе, Тимирязев ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінде 4 факті анықталды. Петропавл мен қалған бірқатар аудандарда да заң бұзушылықтар бар. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметтердің нәтижелеріне басшының орынбасары, басшы ретінде қол қойған, кей жағдайда бірінші басшы емес, оның орнына бас маманның қол қою дерегі анықталды. Осындай 301 факті тіркелді”, – дейді департамент жанындағы мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Нұргүл Жанмұрзина.
Ауылдық әкімдіктерде жұмыс орнында жоқ немесе іссапарға кеткен әкімдердің орнына бас мамандар қол қойып келген. Қашықтан жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша алты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың көпшілігі заң бұзушылықтың жасалғанына 2 айдан артық уақыттың өтіп кетуіне байланысты әкімшілік жазаға тартылмаған.
“Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы” Заңның 10-бабына сәйкес, электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшының өз қолымен жазғанына тең саналады. Бұдан басқа, лауазымды адамдардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын олар болмаған кезде (демалыс, іссапарлар, еңбекке уақытша жарамсыздық және т.б.) заңсыз пайдалану “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Заңның 5-бабы 2-тармағының 1-тармақшасын бұзу болып есептеледі”, – дейді Нұргүл Жанмұрзина.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.