Өңірде дәрігер жетіспеушілігі мәселесі әлі де өзекті. Биыл облысымызға 131 маман келгенімен, әлі 144 дәрігердің орны бос тұр. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижановтың айтуынша, қазір өңірде 1 444 дәрігер бар. Оның 52-сі жуырда зейнет жасына жетеді, ал 141-і қазірдің өзінде зейнеткер. Жетіспейтін 144 дәрігердің тең жартысы аудандық ауруханаларға қажет.
“Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес өңірге келген мамандарға 1 млн.-нан 5 млн. теңгеге дейін көтермеақы берілді. Петропавлға жұмысқа жіберілген жалпы практика дәрігеріне 1 млн. теңге мөлшерінде, ал бейінді мамандарға 3,5 млн. теңге мөлшерінде, ауылдық жерлерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмыс істеуге жіберілген жалпы практика дәрігерлеріне 1,5 млн. теңге, сол сияқты ауылға барған бейінді мамандарға 5 млн. теңге көтермеақы қарастырылған. Биыл жыл басынан бері 52 дәрігерге 181 млн. теңге төленді”, – дейді Қаныш Бижанов.
Былтыр өңірге жұмыс істеуге келген 128 дәрігер жалпы сомасы 335 млн. теңге жәрдемақы алған. Басқарма басшысы Петропавлдағы “Дәрігер үйінде” бос тұрғын пәтер болған жағдайда жас маман баспанамен қамтамасыз етілетінін, аудандарда жергілікті атқарушы органдар қызметтік тұрғын үй беретінін айтты. Сондай-ақ, маман пәтерді жалға алған жағдайда 3 жыл бойы қосымша ақы төлеу қарастырылған.
“Қазіргі уақытта облыс әкімдігіне аса тапшы мамандықтардың тізімін бекітуге қатысты жоба жолданды, ол бойынша келген әр маманға 8,5 млн. теңге мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсету көзделген”, – дейді басқарма басшысы.
Маманның айтуынша, биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада оқуға 50 грант бөлініпті. Қазіргі уақытта шарттар жасалып, 34 резидент білім алып жатыр. Жыл басынан бері облысқа 21 резидент дәрігер келген.
Қоғамдық кеңес отырысында қаралған екінші мәселе – азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамсутдинов азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей баяндады.
Маманның айтуынша, сауда орындарына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Тұрақтандыру қорының да көмегі зор. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік арзан бағамен өңірдің барлық дүкендерінде сатылып жатыр.
“Биыл тұрақтандыру қорын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтыруға 2,5 млрд. теңге бөлінді. 19 түрлі өнімнің 15-ін жергілікті шаруашылықтар өндіреді. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы шикізатты сатып алу және өнімді бөлшек сауда желісінде төмендетілген бағамен одан әрі өткізу үшін жергілікті тауар өндірушілерге қарыз береді. Сүт және ет өнімдері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тура сауда орындарына жеткізіледі. Кәсіпкерлермен ұзақ мерзімді келісімдер бар. Ал көкөністерге келер болсақ, шаруашылықтарға “айналым схемасы” және “форвардтық сатып алу” аясында қаржы бөлінген, олар күз-қыс мезгілінде қажетті өніммен қамтиды”, – дейді Қанат Шамсутдинов.
Жуырда сауда орындарымен сауда үстемесінің мөлшерін сақтау туралы меморандум жасалыпты. Өңірде жыл басынан бері 300-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткен. Көтерме сауда кәсіпорындарының, сауда желілерінің, дистрибьютерлер мен дүкен иелерінің қатысуымен делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның отырыстары ұйымдастырылып тұрады. “Десек те, сауда қызметін реттеу заңнамасын бұзатындар бар, биыл 128 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – дейді Қанат Шамсутдинов.
Мониторинг нәтижесінде өткен аптада өңірде пияздың 9,9 пайызға, яғни 101 теңгеден 111 теңгеге дейін және сүзбенің 3,6 пайызға – 1566 теңгеден 1622 теңгеге дейін қымбаттағаны анықталған. Ал жұмыртқа 1,2 пайызға – 483-тен 477 теңгеге, қант 417 теңгеден 407 теңгеге дейін арзандаған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.