«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жеке тұлғаға кірісі мен мүлкін декларациялау міндет емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмалары аясында жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау мәселесі қаралды. Сондай-ақ отырыста еліміздің 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің артықшылығы да күн тәртібіне шықты.

Орынды ұсыныс орайын тапты

Отырыста Қаржы министрі Мəди Тəкиев бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей дек­ларациялау жүйесіне 4,8 млн. адам, оның қатарында мемле­кеттік қызметшілер, коммерция­лық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрыл­тайшылары жəне олардың жұ­байлары енгенін хабарлады. Қал­ған санаттағы азаматтардың (жеке құрылымдар қызметкер­лері, зейнеткерлер, үй шаруа­сындағы əйелдер, студенттер, басқа да тұлғалар) 8 млн.-ға жуық адамның декларация тап­сыру міндеттеріне қатысты Қар­жы министрі деректер базасын цифрландыруды жəне қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамы­туды ескере отырып, аталған са­наттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы дек­ларациялар тапсырудан боса­ту­ды ұсынды. Босату осы са­нат­тағы жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамына əсер етеді. Декларациялауды келесі санат­та­ғы тұлғалар үшін сақтау ұсы­нылады: Қазақстан Республика­сынан тысқары жерлерде актив­те­рі бар; бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн. теңге) сомаға сатып алулар жасаған; дербес салық салынатын табыс алған. Бұл жерде азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы берілетінін айтып өткен жөн.

Премьер-министр аталған ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлт­тық экономика мен Əділет ми­нистрліктеріне үш күн ішінде заң­намаға қажетті түзетулер дайын­дауды, сондай-ақ оларды Парламент қарауына енгізуді тап­сырды.

Бір уақыт белдеуі – жүйелілік жолы

Үкімет отырысында Сауда жəне интеграция министрі Ар­ман Шаққалиев Қазақстанның 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің ар­тықшылығы туралы баяндады. Ол шешім қабылдау кезінде Пар­ламент депутаттары, мемлекет­тік жəне жергілікті орган өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, ин­с­титуттар мен қоғамдық бірлес­тіктер кіретін уақытты есептеу тəртібі бойынша арнайы құрыл­ған ведомствоаралық жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғы­лыми негізделген дəлелдер пайдаланылғанын атап өтті.

Табиғи уақыт жақтаушыла­ры­ның халықаралық альянсы (IANT) Үкіметтің Қазақстанның орталық жəне шығыс облыста­ры үшін географиялық бойлық­қа сəйкес келетін жəне халық үшін оңтайлы шешім болып та­былатын UTC+5 уақыт белдеуін белгілеу туралы шешіміне оң қорытынды берді. “Қазақстанда уақыт есептеу жүйесінің қалып­тасу тарихы алдыңғы уақыт бел­деуі UTC+6 алғаш рет 1930-1931 жылдары декреттік, яғни “бұйрықтық” уақытты (“уақыт белдеуі+бір сағат”) қолдану ар­қылы енгізілгенін көрсетеді. Ау­мақтардың көп бөлігі іс жүзінде 5-ші уақыт белдеуінде жатқанына қарамастан, кеңестік кезеңде Қазақстанда командалық-жос­парлы экономика мүддесі үшін табиғи уақыт белдеуі бұй­рық тəртібімен жалпы 8 рет өз­герді. Нəтижесінде, Қазақстан та­биғи циклге сəйкес келмейтін уақыт белдеулерінде тұрды. Осы­лайша UTC+5 біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, тарихи негізделген уақытқа оралу бо­лып саналады”, – деді Арман Шаққалиев. UTC+5 уақыт бел­деуі елдегі халықтың 76 пайыз­дан астамы тұратын (15 млн. 240 мың адам) Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей жəне Павлодар қалала­рын қоса алғанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықтарды қамтиды. Қазіргі таңда əлемнің 195 елінің 117-сі географиялық уақытты стандартты уақыт белдеуіне мүмкіндігінше жақын етіп таңдады. Өйткені адамның цир­кадты ырғағы табиғи күндізгі ке­зеңмен синхрондалады. Осы­лайша уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғы­лыми негізделген жəне эконо­микалық тұрғыдан орынды са­налатынын айтты министр.

Премьер-министр Сауда жəне интеграция министрі қол­да­ныстағы уақыт белдеуінің пайда­сына барлық жан-жақты дə­лел келтіргеніне тоқталды. “Үкімет бұл шешімді қолдайды. Ел аумағының көп бөлігі 5-ші уа­қыт белдеуінде орналасқан, сон­дықтан ғылыми тұрғыдан бұл дұ­рыс шешім. Сауда жəне ақпарат министрліктеріне неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсыра­мын”, – деді Олжас Бектенов.

Агросектор – экономиканың қозғаушы күші

Отырыста Президенттің биыл­ғы 15 қарашада Астанада өткен Ауыл шаруашылығы қыз­меткерлерінің бірінші форумы барысында берген тапсырмала­рын іске асыру жөніндегі шара­лар талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев форумда АӨК-ті жаңғырту жəне нығайту бойын­ша нақты міндеттер жүктеді. Ба­сым бағыттар қатарында қар­жы­ландырудың қолжетімділігін қам­тамасыз ету, ауыл шаруашылы­ғы ғылымын дамыту, отандық тұ­қымдар мен тыңайтқыштар өн­дірісін арттыру, саланы цифр­лан­дыруды тереңдету бар. Ша­руаларды жеңілдікпен қаржы­лан­дыру мен өнімді тиімді өткізу мəселесіне ерекше назар ау­да­рылды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен “Бəйтерек” хол­дин­гіне тез арада өтінімдер пу­лын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін диқандарды қаржыландыру жұмысына кірісу тапсырылды. Азық-түлік корпо­ра­циясы фермерлерден астық­ты қолайлы бағамен тікелей сатып алуды қамтамасыз етуі ке­рек. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөліне­тін жеңіл қаржыландыру көлемі едəуір ұлғайғаны атап өтілді. Не­сиелеу тетігі есебінен 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауа­рын өндіруші техника паркін жа­ңартуға мүмкіндік алды.

Үкімет басшысы техниканы жыл сайын 8-10 пайыз деңгейінде жаңартып отыру үшін жеңіл­детілген лизингтік қаржылан­дыру көлемін ұлғайтып қана қой­май, құрастыру зауыттарында өндірісті локализациялау дең­гейін арттыру қажеттігіне назар аударды. Тиісті міндет Өнеркə­сіп жəне құрылыс, Ауыл шаруа­шылығы министрліктері мен “Бəй­терек” холдингіне жүктелді. 2027 жылға дейін агросекторда жалпы құны шамамен 2,3 трлн. теңге болатын 700-ден аса жо­баны іске асыру жоспарланған.

Премьер-министр бұл Пре­зи­денттің қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орын­дау­ға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі мен өңір əкімдері тара­пынан осы жобалардың барлы­ғын қатаң бақылауда ұстап, то­лық өндірістік қуатына шыққан­ша сүйемелдеп отыруға тиіс еке­нін айтып, бəсекеге қабілетті­лікті арттыру үшін агрономияны дамы­тудың маңызды екенін еске салды. “Мемлекет басшы­сы 2028 жылы отандық тұқым қо­ры­ның көлемін 80 пайызға, оның ішінде элиталық тұқым кө­ле­мін кемінде 15 пайызға дейін жеткі­зуді тапсырды. Бізде əлеует жет­кілікті. Ғылыми инс­титуттар қа­зірдің өзінде астық­тың өнімділі­гін арттыратын тұ­қым сортта­рын шығарып жатыр. Біз үздік əлемдік тəжірибелерді қолдана отырып, агрономия ғы­лымын одан əрі дамытатын боламыз”, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Ауыл шаруашы­лығы мен Ғылым жəне жоғары білім министрліктеріне атал­ған мəселе бойынша жүйелі ше­шімдер дайындауды тапсырды. Оған қоса, келесі жылы Ұлттық аг­рарлық ғылыми-білім беру орта­лығының Ақтөбе филиалы базасында құрылып жатқан Жылқы шаруашылығы институ­тының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті рəсімдердің бар­лы­ғын жедел аяқтауды жүктеді.

Масылдық көңіл күйден арылу керек

Премьер-министр алдағы “Жұмысшы мамандықтары жылы” ауыл шаруашылығы са­ла­сын дамыту мен ауылға қа­жет­ті мамандарды тартуға қуат­ты ынталандыру бола алаты­нын атап өтті. “Мемлекет бас­шы­сы қоғамда еңбекқорлық пен кəсіби құндылықтарды дəріптеу­дің маңызына тоқталып, масыл­дық көңіл күйден арылу керек екенін атап өтті. Біз нағыз еңбек адамын, қарапайым жұмысшы­ны, еңбек əулетінің өкілін, кəсіп­орындардағы, бизнес пен мем­лекеттік сектордағы тəжірибелі қызметкерлерді қолдауға тиіс­піз. Жұмысшы мамандығын қол­дау жұмысы ақпараттық кеңіс­тікте де жүргізіліп, барлық масс-медиа мен əлеуметтік желіде қозғалуға тиіс. Бұл – Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің, барлық мемлекеттік орган мен əкімдіктің міндеті”, – деді Олжас Бектенов.

(“Egemen Qazaqstan”,

20 қараша 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp