Биыл “Дауылпаз баба – Қожаберген” атты облыстық шығармашылық байқауы онлайн форматта өтті. Бұл шара қазақ халқының даңқты жырауы әрі батыр Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен мұрасын өскелең ұрпаққа танытуға, олардың әдебиетке, поэзияға деген қызығушылығын оятуға, сонымен қатар мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, көркем сөз өнерін насихаттауға бағытталған.
Байқауға аудандар мен облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептердің 6-11 сынып оқушылары қатысып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Байқау бірнеше аталым бойынша ұйымдастырылып, қатысушылардың жырлау шеберлігі, поэтикалық таланты мен сөз саптауы сынға түсті. Шара онлайн форматта өткізілгендіктен қатысушылар саны едәуір артып, байқау кең ауқымды қамтыды.
Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалады. Олар оқушылардың сөз шеберлігі, дауыс мәнері, өлең құрылымының бірегейлігі мен мазмұндылығына ерекше мән берді. Әр аталым бойынша жүлдегерлер анықталып, үздік шығармалар марапатқа ие болды. Жалпы шараның онлайн форматта өтуі оқушылар арасында заманауи технологияларды қолдану арқылы шығармашылық байқауларға қатысу мәдениетін дамытты.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.