Өңірде өткен демалыс күндері 10 мас жүргізуші ұсталды. Олар 7-8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылмақ.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Петропавлдағы орталық көшелердің қиылысында “ВАЗ-21070” автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 29 жастағы ер адам тізгіндепті. Оны тексерген кезде спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрған, алайда жүргізуші медициналық куәландырудан бас тартқан.
“Тәжірибе көрсеткендей, адамдардың көпшілігі демалыс күндері спирттік ішімдік ішіп, кешке жақын немесе түн ортасында көлік тізгініне отыруды әдетке айналдырған. Дәл осы уақытта полицейлер де жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмысын күшейтеді. Жүргізуші медициналық куәландырудан бас тартқан жағдайда 15 тәулікке қамауға алынып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады”, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
Жалпы биылғы 10 айдың ішінде мас жүргізушілердің кінәсінен 18 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 1 адам мерт болған, 24 адам жарақат алыпты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.