Найзағайдың отындай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжанның ақындық сапарының ту басында-ақ жарияланған “Орал” (“Қазақстан” газеті, 1911 жыл), “Орал тауы” (“Қазақ” газеті, 1913 жыл, 22 наурыз, №7), “Қазақтың кешегі күйі” (“Қазақстан” газеті, 1912 жыл, 6 наурыз, №8 және 1913 жылы “Қазақстан” газеті шығарған “Ызың” жинағына енгізілген), “Есімде … тек таң атсын!” (“Қазақ” газеті, 1915 жыл, 25 маусым, №134) атты әлеуметтік-философиялық өлеңдерінен оның жанартау текті жалынды, сұңқар текті қанатты, арыстан текті айбатты, ой мен сөз зергері екенін толық тануға болады.

“Орал” толғауының бірінші шумағының мазмұны да төтенше:

Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы,

Бір жағы – күн, бір жағы – Түн баласы.

Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,

Бергі жағы – Түріктің сар даласы.

Жас талапкер, хас суреткер Ұлы Даланың көмескі тарихын күмбірлете сөйлетеді. Планетар­лық ойлау дегеніміз осы.

Тарих – тағлимат мектебі, даналық әлемі. Қазақ мемлекеттігінің түп бастауы Түркілердің “Мәң­гілік Ел” құндылықтарынан және оның саяси-философиялық негіздерінен өрбіп-өніп қуат­танады. Негізінде, халықтың ұлт дәрежесіне, мемлекет құруына территориясы, тілі, діні, әскери әлеуеті, ұлттық сана деңгейі, қа­зынасы, саяси-әлеуметтік құры­лымы, ел басқару жүйесі, алфа­виті, рухы, шығармашылық мәдениеті, философиялық-көркем­дік мәдениеті, мемлекеттік стра­тегиясы болғанына Ұлы Дала дастаны, “Күлтегін” ескерткішін­дегі мына бір: “Ілгері – Күн шығы­сында, оң жақта – Күн ортасын­да, кейін – Күн батысында, сол жақ­та – Түн ортасында, осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарады, халықты осынша көп еттім”. Я болмаса: “Биікте Көк Тәңірі, төменде Қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында Адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бұмын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, Иелік еткен. Төрт бұрыштың бәрі соларға қа­раған, сарбаздарымен аттанып, төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт еткен, басты­ны еңкейткен, тізеліні бүктірген. Ілгері – Қадырқан қойнауына дейін, Кері – Темір қақпаға дейін жайлаған. Екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді осылай қо­ныс­тандырған” дейтін тасқа қа­шалған жазулар Түркі Қағанаты территориясының шек-шекарасының қандай екендігіне нақты дәлел.

Бұл шумақтың мән-мағына­сы ХХІ ғасырдың 1-ширегінің ая­ғында ғана түсінікті болғанын ба­тыл айту ләзім. Өйткені жаһан­дық геосаяси жағдай, дағдарыс, адамзат қоғамының құрдымға жоғалу қаупі, әлемнің әлек-шә­легінің шығуы, бейберекетсіздігі Мағжан шумағында қалайша көрініс тапқан деп қайран қал­масқа шараң жоқ. Расында, ақындық болмыс-жаратылысының өлшеусіз ірілігі, дүниені тану шеберлігі, қабылдауы, түйсігі, ру­хани ойлау кеңістігі, тарихи-географиялық білімі, замана, қоғам қайшылықтарын білгір­лікпен зерделеуі және болжауы да айқын (Мысалы, “Асқар Орал – кәрі Алып күзет тұрған, Күн мен Түн арасында “Қытай қорған”).

Біздер Тәуелсіздік жылда­рын­да ғана “Тұран”, “Ғұн”, “Түр­кістан”, “Күлтегін” және т.с.с. киелі ұғымдарды естідік. Сұңғыла Мағжан:

Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы,

Өлім – Түн, өмір – гүлді Ғұн даласы – дейді. Сөйтіп, ол Ғұн заманын армандап аңсайды, толғайды. Оның: “айлы, бұлтты, қанды, отты тарихы бар, кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар…” деуі шынайы тарихи дерек екен-ау! (“Автономия кімдікі?” “Кедей сөзі” газеті, 1921 жыл, 12 қаңтар).

“Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер”, “Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге” деп, Мағжанның өзі айтқандай, мыңжылдықтардың күбірін, дүбірін, қасиетін, сырын толғауға әулиелігі “Орал тауы” өлеңінде өткір кестеленген:

…Бір күнде сенің Иең Түрік еді,

Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.

Қорықпайтын таудан, тастан Батыр Түрік,

Қойныңда жайыменен кіріп еді…

Ер Түрік ен далаңа көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.

Тұрғанда бақыт құсы бастарында,

Іргесі, жел-күн тимей, берік еді.

Түркі Қағанаты дәуірінің сал­танаты мен сәулетін, бақ-дәулеті мен берекесін мейірленіп сурет­теген.

Отаршылдықтың, құзғындық­тың кесапатын, жан түршікті­рер­лік хайуандық әрекеттерін, тұ­тастай бір халықты, бір мем­ле­кетті тозаңдай тоздырғанын бы­лайша жеткізеді:

Қарашы төңірекке мойның бұрып,

Алтай, Орал бойында тұрған Түрік.

Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,

Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп.

Оралдай атамекен жерлеріне,

Қасиетті атаның көрлеріне.

Аузы түкті шетелдер ие болып,

Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне.

Аждаһаның аранынан, аза­бы­нан құтылу үшін “Батыр Түрік балалары” намысты таптатпай бірігіңдер дейді.

Жас пері Мағжан Отан та­рихы, ел тағдыры, билер мен баһадүрлер институты, “бір сөзі мың ділдалық” Алты Алашқа атақты жыраулар жайында “Қа­зақтың кешегі күйі” дейтін құ­рыш­тан құйылған сымбатты тол­ғауында қан тамырларыңды сол­қылдатарлық лағыл лебіздерді төгілтеді. Сөйтіп, хан заманының салтанатты өмірі, қазақ елінің көркем де келісті келбетін яғни Қазақстанның территориясын ас­қақ шабытпен жырлайды.

М.Жұмабаевтың “Есімде … тек таң атсын!” дейтін өлеңінде лирикалық, романтикалық, әлеу­меттік, философиялық, түрікшіл­дік сарындар жеткілікті.

Мағжанның “Орал”, “Орал та­уы”, “Қазақтың кешегі күйі”, “Есімде … тек таң атсын!” дейтін төрт құбыласы сай мінсіз өлең­дері Тайбурылдың шабысын еске түсіреді. Интеллектуалдық-шығармашылық деңгейі, тарихи-философиялық көзқарасы, көр­кемдік ойлау жүйесі, ішкі жан дү­ниесі, сөзінің киесі қандай!

Бұлардың түп негізін айқын­дау үшін оның өсу, өркендеу жол­дарына, яки білім алу саты­ларына, үйретушілеріне, өнегелі ортасына да мән берген жөн.

Мағжан Жұмабаев 1905-1910 жылдарда Ыстамбұл Түрік уни­верситетін тәмамдаған татар зиялысы, араб, парсы, түркі тіл­дері мен түркі халықтарының бі­лімпазы Мұхамеджан Бегішевтің медресесінде оқыған. Ол М.Бе­гішевтен Шығыс тарихын және Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям, Рудаки, Низами, Науаи шығармашылығынан барынша сусындаған.

Сонан соң 1910-1911 жыл­дарда Уфадағы “Ғалия” медре­сесінде білім алған. Медресенің оқу бағдарламалары мейлінше ауқымды, сан сипатты. Негізін­де, ислам мәдениеті үш жүздей білім салаларынан (түрлерінен) тұрады. Бұл орайда Қазан шә­ріндегі “Мұхаммадия” мен “Ка­симия”, Орынбордағы “Хұсай­ния”, Троицкідегі “Расулия”, Уфадағы “Ғалия” – академиялық институт санатындағы классика­лық медреселер. Толық мұсыл­мандық білім беру ошақтарын ұйымдастырушылар дін мен қо­ғам қайраткерлері кәміл ойшыл­дар, кемел теологтар, зерделі тәлімгерлер еді.

Мәселен, “Ғалия” медресе­сінде мынадай негізгі пәндер оқытылған: араб тілі мен әде­биеті, татар тілі мен әдебиеті, орыс тілі, жалпы тарих, көне тарих, орта ғасыр тарихы, жаңа тарих, ғұн тарихы, угрофин та­рихы, моңғол тарихы, поволжье татарлары тарихы, сібір тарихы, заңтану, алгебра, арифметика, геометрия, физика, химия, педа­гогика, методика, дене тәрбиесі, география, ресей тарихы, құран, ислам, түркі тарихы, риторика, каллиграфия, гигиена. Мінеки, Мағжан оқыған пәндер, тыңдаған дәріс сабақтар. Әсіресе Ғұн тарихына тереңдеуі. “Көне та­рихтың, көм­бесін ақтарған алғыр ақыл иесі мемлекеттігіміздің 890 жылы араб картасында “Әл-Қазақия” деп көрсетілгенінен де хабардар болған шығар.

Мағжанның тәлімгер ұстазы, татар халқының әйгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов 1911 жы­лы оңаша кеңесіп: “Мағжан! Сен еліңе қайт, өйткені, мұнда сен оқитын оқу жоқ. Араб, парсы, түркі тілдерін сен осы тілдердің мұғалімдерінен де артық білесің” депті (Хамза Абдуллин дерегі).

Ғалымжан Ибрагимов Мағжан қолжазбасын Кәрімовтар баспаханасына өткізіп, 1912 жы­лы “Шолпан” атты жинағын шы­ғарады. Ғ.Ибрагимовтың өзі 1911 жылы басылған “Қазақ қы­зы” романының эпиграфына Мағ­жанның бір шумағын келтірген. Иә, Мағжанның ақындық алғыр­лығына, ілім-біліміне деген құр­мет бұл.

Мағжанның телегей теңіз білімі, ұшқыр ойы мен тілі, алапат ақындық рухы, ойшылдық, сын­шылдық, сыршылдық қабілет-қарымы, ұлттық әрі жалпыадам­заттық құндылықтарды шебер­лікпен қолдана білуі – ұлы дә­режелі қасиеттерге бай “Орал” (1911), “Орал тауы” (1913), “Қа­зақ­т­ың кешегі күйі” (1913), “Есім­де … тек таң атсын!” (1915) атты ғасырлық ойларға құрылған өлеңдер туындатуы заңды.

Мағжанның Тұран Елі атынан сөйлеуі де оның ақындық кемеңгерлігінің айғағы, ақыл мен жүрек көзінің қызметінің керемет келісімі.

Мың қырлы, мың сырлы, мың құпиялы Мағжан болмысы мен тұлғасының медреселер мен Ом­бының мұғалімдер семинариясынан оқып-тоқып үйренген білі­міне, зеректігіне (педагогика ғы­лымына, жетістігіне, тарихшыл­дығына, әдебиеттанушылығына) мына бір деректі келтірейік: “1921 жылы 31 қаңтарда Орын­бор қаласында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ ұлт зиялысы бас қосады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Елдес Омарұлы, Хай­ретдин Болғанбай, Смағұл Сә­дуақасұлы, Сәкен Сейфул­ла­ұлы, Сабыр Айтқожаұлы болды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – қазақ тіліндегі оқулық дайындау еді. Жиылыс соңында 19 бапты қаулы қабылданып, мектепке қажетті 14 оқулық дайындау туралы шешім шығарылады. Бір қызығы, осы 14 оқулықтың 3 оқу­лығын дайындау жұмысы Мағжанға жүктелген. Бұл қаулылар “Еңбек туы”, “Қазақ тілі”, “Кедей сөзі”, “Ақ жол” газеттерінде жа­рияланған. Мұның үш газеттегі нұсқасын тауып, салыстырып оқып отырмыз. Сонда Мағжан Жұмабайұлы дайындайтын оқулықтың атауын кейбір газеттер орысша берсе, кейбірі қазақша ұсынған екен. Ақынға тапсы­рылған 3 оқулық: тәрбие ғылымы (Педагогика), қазақ-қырғыз та­рихы, әдебиет ғылымы (“Теория словесности”) (“Қазақ тілі” газеті, 23 наурыз 1921 ж., №125).

Мағжанның “Педагогика­сы­на” Қазақ АССР Оқу Комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың төрағасы Мол­дағали Жолдыбаев “Педагогика” кітабы – Інжілдей, Мағжан аза­мат – Айса пайғамбардай болды” деп жоғары бағалайды. Бұл оның тұтастай шығармашылық шабытты еңбегіне, суреткерлік шеберлігіне, терең, байтақ біліміне, ой-парасатына, рух, тіл та­залығына талдау, зерттеу қабі­летіне, руханият әлеміндегі ерен құбылыс екендігіне берілген нақ­ты сипаттама деуге болады.

Өрімтал балауса Мағжанның ұстараның жүзіндей, найзағай­дың отындай, ой мен сезімнің мұ­хитындай, қиял кеңістігінің тұң­ғиығындай, “Қазақия” мемле­кеттігінің эпопеясындай шұғыла­дай өрілген 4 өлеңі – аспандай кең ақындықтың асқақ төріне, ғарыштық ойлаудың асқар шы­ңына бірден-ақ шығарған.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp