Мағжанның ақындық сапарының ту басында-ақ жарияланған “Орал” (“Қазақстан” газеті, 1911 жыл), “Орал тауы” (“Қазақ” газеті, 1913 жыл, 22 наурыз, №7), “Қазақтың кешегі күйі” (“Қазақстан” газеті, 1912 жыл, 6 наурыз, №8 және 1913 жылы “Қазақстан” газеті шығарған “Ызың” жинағына енгізілген), “Есімде … тек таң атсын!” (“Қазақ” газеті, 1915 жыл, 25 маусым, №134) атты әлеуметтік-философиялық өлеңдерінен оның жанартау текті жалынды, сұңқар текті қанатты, арыстан текті айбатты, ой мен сөз зергері екенін толық тануға болады.
“Орал” толғауының бірінші шумағының мазмұны да төтенше:
Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы,
Бір жағы – күн, бір жағы – Түн баласы.
Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,
Бергі жағы – Түріктің сар даласы.
Жас талапкер, хас суреткер Ұлы Даланың көмескі тарихын күмбірлете сөйлетеді. Планетарлық ойлау дегеніміз осы.
Тарих – тағлимат мектебі, даналық әлемі. Қазақ мемлекеттігінің түп бастауы Түркілердің “Мәңгілік Ел” құндылықтарынан және оның саяси-философиялық негіздерінен өрбіп-өніп қуаттанады. Негізінде, халықтың ұлт дәрежесіне, мемлекет құруына территориясы, тілі, діні, әскери әлеуеті, ұлттық сана деңгейі, қазынасы, саяси-әлеуметтік құрылымы, ел басқару жүйесі, алфавиті, рухы, шығармашылық мәдениеті, философиялық-көркемдік мәдениеті, мемлекеттік стратегиясы болғанына Ұлы Дала дастаны, “Күлтегін” ескерткішіндегі мына бір: “Ілгері – Күн шығысында, оң жақта – Күн ортасында, кейін – Күн батысында, сол жақта – Түн ортасында, осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарады, халықты осынша көп еттім”. Я болмаса: “Биікте Көк Тәңірі, төменде Қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында Адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бұмын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, Иелік еткен. Төрт бұрыштың бәрі соларға қараған, сарбаздарымен аттанып, төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт еткен, бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген. Ілгері – Қадырқан қойнауына дейін, Кері – Темір қақпаға дейін жайлаған. Екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді осылай қоныстандырған” дейтін тасқа қашалған жазулар Түркі Қағанаты территориясының шек-шекарасының қандай екендігіне нақты дәлел.
Бұл шумақтың мән-мағынасы ХХІ ғасырдың 1-ширегінің аяғында ғана түсінікті болғанын батыл айту ләзім. Өйткені жаһандық геосаяси жағдай, дағдарыс, адамзат қоғамының құрдымға жоғалу қаупі, әлемнің әлек-шәлегінің шығуы, бейберекетсіздігі Мағжан шумағында қалайша көрініс тапқан деп қайран қалмасқа шараң жоқ. Расында, ақындық болмыс-жаратылысының өлшеусіз ірілігі, дүниені тану шеберлігі, қабылдауы, түйсігі, рухани ойлау кеңістігі, тарихи-географиялық білімі, замана, қоғам қайшылықтарын білгірлікпен зерделеуі және болжауы да айқын (Мысалы, “Асқар Орал – кәрі Алып күзет тұрған, Күн мен Түн арасында “Қытай қорған”).
Біздер Тәуелсіздік жылдарында ғана “Тұран”, “Ғұн”, “Түркістан”, “Күлтегін” және т.с.с. киелі ұғымдарды естідік. Сұңғыла Мағжан:
Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы,
Өлім – Түн, өмір – гүлді Ғұн даласы – дейді. Сөйтіп, ол Ғұн заманын армандап аңсайды, толғайды. Оның: “айлы, бұлтты, қанды, отты тарихы бар, кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар…” деуі шынайы тарихи дерек екен-ау! (“Автономия кімдікі?” “Кедей сөзі” газеті, 1921 жыл, 12 қаңтар).
“Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер”, “Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге” деп, Мағжанның өзі айтқандай, мыңжылдықтардың күбірін, дүбірін, қасиетін, сырын толғауға әулиелігі “Орал тауы” өлеңінде өткір кестеленген:
…Бір күнде сенің Иең Түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан, тастан Батыр Түрік,
Қойныңда жайыменен кіріп еді…
Ер Түрік ен далаңа көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында,
Іргесі, жел-күн тимей, берік еді.
Түркі Қағанаты дәуірінің салтанаты мен сәулетін, бақ-дәулеті мен берекесін мейірленіп суреттеген.
Отаршылдықтың, құзғындықтың кесапатын, жан түршіктірерлік хайуандық әрекеттерін, тұтастай бір халықты, бір мемлекетті тозаңдай тоздырғанын былайша жеткізеді:
Қарашы төңірекке мойның бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған Түрік.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп.
Оралдай атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне.
Аузы түкті шетелдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне.
Аждаһаның аранынан, азабынан құтылу үшін “Батыр Түрік балалары” намысты таптатпай бірігіңдер дейді.
Жас пері Мағжан Отан тарихы, ел тағдыры, билер мен баһадүрлер институты, “бір сөзі мың ділдалық” Алты Алашқа атақты жыраулар жайында “Қазақтың кешегі күйі” дейтін құрыштан құйылған сымбатты толғауында қан тамырларыңды солқылдатарлық лағыл лебіздерді төгілтеді. Сөйтіп, хан заманының салтанатты өмірі, қазақ елінің көркем де келісті келбетін яғни Қазақстанның территориясын асқақ шабытпен жырлайды.
М.Жұмабаевтың “Есімде … тек таң атсын!” дейтін өлеңінде лирикалық, романтикалық, әлеуметтік, философиялық, түрікшілдік сарындар жеткілікті.
Мағжанның “Орал”, “Орал тауы”, “Қазақтың кешегі күйі”, “Есімде … тек таң атсын!” дейтін төрт құбыласы сай мінсіз өлеңдері Тайбурылдың шабысын еске түсіреді. Интеллектуалдық-шығармашылық деңгейі, тарихи-философиялық көзқарасы, көркемдік ойлау жүйесі, ішкі жан дүниесі, сөзінің киесі қандай!
Бұлардың түп негізін айқындау үшін оның өсу, өркендеу жолдарына, яки білім алу сатыларына, үйретушілеріне, өнегелі ортасына да мән берген жөн.
Мағжан Жұмабаев 1905-1910 жылдарда Ыстамбұл Түрік университетін тәмамдаған татар зиялысы, араб, парсы, түркі тілдері мен түркі халықтарының білімпазы Мұхамеджан Бегішевтің медресесінде оқыған. Ол М.Бегішевтен Шығыс тарихын және Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям, Рудаки, Низами, Науаи шығармашылығынан барынша сусындаған.
Сонан соң 1910-1911 жылдарда Уфадағы “Ғалия” медресесінде білім алған. Медресенің оқу бағдарламалары мейлінше ауқымды, сан сипатты. Негізінде, ислам мәдениеті үш жүздей білім салаларынан (түрлерінен) тұрады. Бұл орайда Қазан шәріндегі “Мұхаммадия” мен “Касимия”, Орынбордағы “Хұсайния”, Троицкідегі “Расулия”, Уфадағы “Ғалия” – академиялық институт санатындағы классикалық медреселер. Толық мұсылмандық білім беру ошақтарын ұйымдастырушылар дін мен қоғам қайраткерлері кәміл ойшылдар, кемел теологтар, зерделі тәлімгерлер еді.
Мәселен, “Ғалия” медресесінде мынадай негізгі пәндер оқытылған: араб тілі мен әдебиеті, татар тілі мен әдебиеті, орыс тілі, жалпы тарих, көне тарих, орта ғасыр тарихы, жаңа тарих, ғұн тарихы, угрофин тарихы, моңғол тарихы, поволжье татарлары тарихы, сібір тарихы, заңтану, алгебра, арифметика, геометрия, физика, химия, педагогика, методика, дене тәрбиесі, география, ресей тарихы, құран, ислам, түркі тарихы, риторика, каллиграфия, гигиена. Мінеки, Мағжан оқыған пәндер, тыңдаған дәріс сабақтар. Әсіресе Ғұн тарихына тереңдеуі. “Көне тарихтың, көмбесін ақтарған алғыр ақыл иесі мемлекеттігіміздің 890 жылы араб картасында “Әл-Қазақия” деп көрсетілгенінен де хабардар болған шығар.
Мағжанның тәлімгер ұстазы, татар халқының әйгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов 1911 жылы оңаша кеңесіп: “Мағжан! Сен еліңе қайт, өйткені, мұнда сен оқитын оқу жоқ. Араб, парсы, түркі тілдерін сен осы тілдердің мұғалімдерінен де артық білесің” депті (Хамза Абдуллин дерегі).
Ғалымжан Ибрагимов Мағжан қолжазбасын Кәрімовтар баспаханасына өткізіп, 1912 жылы “Шолпан” атты жинағын шығарады. Ғ.Ибрагимовтың өзі 1911 жылы басылған “Қазақ қызы” романының эпиграфына Мағжанның бір шумағын келтірген. Иә, Мағжанның ақындық алғырлығына, ілім-біліміне деген құрмет бұл.
Мағжанның телегей теңіз білімі, ұшқыр ойы мен тілі, алапат ақындық рухы, ойшылдық, сыншылдық, сыршылдық қабілет-қарымы, ұлттық әрі жалпыадамзаттық құндылықтарды шеберлікпен қолдана білуі – ұлы дәрежелі қасиеттерге бай “Орал” (1911), “Орал тауы” (1913), “Қазақтың кешегі күйі” (1913), “Есімде … тек таң атсын!” (1915) атты ғасырлық ойларға құрылған өлеңдер туындатуы заңды.
Мағжанның Тұран Елі атынан сөйлеуі де оның ақындық кемеңгерлігінің айғағы, ақыл мен жүрек көзінің қызметінің керемет келісімі.
Мың қырлы, мың сырлы, мың құпиялы Мағжан болмысы мен тұлғасының медреселер мен Омбының мұғалімдер семинариясынан оқып-тоқып үйренген біліміне, зеректігіне (педагогика ғылымына, жетістігіне, тарихшылдығына, әдебиеттанушылығына) мына бір деректі келтірейік: “1921 жылы 31 қаңтарда Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ ұлт зиялысы бас қосады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Елдес Омарұлы, Хайретдин Болғанбай, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллаұлы, Сабыр Айтқожаұлы болды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – қазақ тіліндегі оқулық дайындау еді. Жиылыс соңында 19 бапты қаулы қабылданып, мектепке қажетті 14 оқулық дайындау туралы шешім шығарылады. Бір қызығы, осы 14 оқулықтың 3 оқулығын дайындау жұмысы Мағжанға жүктелген. Бұл қаулылар “Еңбек туы”, “Қазақ тілі”, “Кедей сөзі”, “Ақ жол” газеттерінде жарияланған. Мұның үш газеттегі нұсқасын тауып, салыстырып оқып отырмыз. Сонда Мағжан Жұмабайұлы дайындайтын оқулықтың атауын кейбір газеттер орысша берсе, кейбірі қазақша ұсынған екен. Ақынға тапсырылған 3 оқулық: тәрбие ғылымы (Педагогика), қазақ-қырғыз тарихы, әдебиет ғылымы (“Теория словесности”) (“Қазақ тілі” газеті, 23 наурыз 1921 ж., №125).
Мағжанның “Педагогикасына” Қазақ АССР Оқу Комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың төрағасы Молдағали Жолдыбаев “Педагогика” кітабы – Інжілдей, Мағжан азамат – Айса пайғамбардай болды” деп жоғары бағалайды. Бұл оның тұтастай шығармашылық шабытты еңбегіне, суреткерлік шеберлігіне, терең, байтақ біліміне, ой-парасатына, рух, тіл тазалығына талдау, зерттеу қабілетіне, руханият әлеміндегі ерен құбылыс екендігіне берілген нақты сипаттама деуге болады.
Өрімтал балауса Мағжанның ұстараның жүзіндей, найзағайдың отындай, ой мен сезімнің мұхитындай, қиял кеңістігінің тұңғиығындай, “Қазақия” мемлекеттігінің эпопеясындай шұғыладай өрілген 4 өлеңі – аспандай кең ақындықтың асқақ төріне, ғарыштық ойлаудың асқар шыңына бірден-ақ шығарған.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.