Родион Фридрих– болашағын С.М.Киров атындағы зауытпен байланыстырған жас мамандардың бірі.
Ол Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжін электр жабдықтары саласы бойынша бітіргеннен кейін кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өткен. Озық технологияларға негізделген өндірістік жұмыс ерекшеліктерімен тереңірек танысып, кәсіби шеберлігін арттырған соң осында қалуға шешім қабылдады. Оның ұсынысын зауыт басшылығы қуана қабылдады.
Бүгінде ол азаматтық өнімдер өндірісі үдерісіне терең бойлай отырып, өзіне бекітіліп берілген тәлімгерлердің ақыл-кеңестерін бұлжытпай орындайды. Білімге құштар жас екінші мамандықты қоса игеруде. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдау, сауықтыру және корпоративтік іс-шараларға қатысу мүмкіндігін де қалт жібермейді.
Родионның техникаға деген қызығушылығы мен әуестігі мектеп қабырғасында жүргенде оянған. Мұғалімдер оның бұл қабілетін байқап, бала қиялының арманнан ақиқатқа айналуына жәрдемдескен.
Бүгінде сирек кәсіпке маманданып, зауытта тағылымдамадан өтуінің арқасында өзіне деген сенімі молайып, кәсіпорынның белді қызметкері болуды мақсат етіп отыр.
Ринат ШАМШУТДИНОВ.