Мен бұл мақаламда барлық газет-журналда орны ерекше фотожурналистер жайында ой қозғауды жөн көріп отырмын. Иә, газеттің кез келген нөмірін суретсіз елестетудің өзі қиын. Облыстық басылымда қызмет еткен қырық жылдан астам уақыт ішінде бірнеше фотожурналиспен бірге жұмыс істеудің, олармен сапарлас болудың сәті бұйырды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап Еркебұлан Нұржанов, Геннадий Гельфанд, Василий Шейкин, Иван Пасечный, Илья Катревич сияқты өз ісінің шеберлері – газетіміздің жақсы безендіріліп, мазмұнды жарық көруіне өздерінің қомақты үлестерін қосты. Осындай мықты фотожурналистер қатарына бүгіндері жетпіс деген адам өміріндегі елеулі жасқа толып отырған Амангелді Бекмұратовты да қосуға болады. Есімі газеттің тұрақты оқырмандарына жақсы таныс. Жиырма жылға жуық уақыт облыстың бас басылымның әр санында оның фотосуреттері жарияланды.
Амангелді Рақымжанұлы 1954 жылы Қорған облысының Макушино қаласында туған. Бұл жаққа өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қуғын-сүргін, нәубет кездері аталары қоныс аударған екен. Біздің кейіпкеріміз – әкесі Рақымжан мен анасы Қаришаның сүт кенжесі, он үшінші баласы. Отбасындағы кішкентайы ретінде ол ерке өскен. Бірақ еңбекке ерте араласып, ата-анасының тәрбиесін бойына сіңіре білген. Малсақ әкесінің жанында жүріп, оның тері илеу, одан аяқ киім, түрлі бұйымдар жасау өнерін бойына сіңіре білген. Отбасындағы барлық балалар өнерге жақын. Апасы Сақыпжамал Құсайынова – қазақтың ұлттық дәстүрін насихаттау ісінде толайым жетістіктерге жетіп, есімі облысымыздан тысқары жерлерге мәшһүр болған абзал ана. Оның қолдан жасаған бұйымдары облыстық, республикалық көрмелерде жүлдегер атанған.
Мектепті ойдағыдай тамамдаған соң Әбекең Макушинодағы зооветеринарлық техникумға оқуға түседі. Одан зоотехник мамандығын алып шыққан жас жігіт Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп қайтады. Оның бала кезіннен келе жатқан тағы бір ермегі – суретке түсіру болатын. Жазғы демалыс кезінде жұмыс істеп тапқан ақшасына алған фотоаппараты – оның сенімді серігі еді. Кейін Макушинодағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатына фотограф болып орналасады. Сонда жүріп суретке түсірудің қыр-сырын тереңірек үйренеді.
1978 жылы отбасымен атамекенге қоныс аударады. Елге оралған соң Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарады. Тимирязев ауданындағы “Ленинский” кеңшары директорының орынбасары болғаны бар. 1982 жылы Бескөл ауылындағы “Маяк” газетіне фототілші болып жұмысқа орналасады. Осы басылымда он жыл еңбек етеді, өкінішке қарай қаржылық тапшылыққа байланысты фототілші лауазымы қысқарып қалады. 1997 жылы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің фототілшісі қызметіне жарияланған конкурстан сүрінбей өтіп, қызметке қабылданады. Содан зейнет жасына жеткенше өзінің шығармашылық әлеуетін толық көрсете отырып, басылымға адал еңбек етті. Облыс, қала әкімдерінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өзінің жеке фотокөрмесін ұйымдастырды.
– Амангелді ағаны мен өзімнің ұстазым деп есептеймін. 2005 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін “Soltüstık Qazaqstan” газетіне фотожурналист болып орналасқан соң ол маған көп көмек көрсетті. Суретке түсіру сырт көзге оңай болып көрінгенімен, оның өзіндік әдіс-тәсілдері жетерлік. Менің қол жеткізген жетістігімде оның қосқан үлесі мол деп есептеймін, – дейді бүгіндері Парламент Мәжілісінің фототілшісі болып қызмет істейтін Талғат Тәнібаев.
Амангелді Рақымжанұлы – өзінің адамгершілік қасиеттерімен, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарауымен, еңбекқорлығымен, достыққа адалдығымен, көпшілдігімен ұжым мүшелері арасында құрметке бөлене білген азамат. Оның тағы бір ерекшелігі – сәнқойлығы, үсті-басын таза ұстауға тырысатындығы. Өзіне ғана жарасатын сақал-мұртын бастырып, шашын ұстарамен алдыртып, әдемі киім киіп жүргенді ұнатады. Шалбарының қыры сынбайды, белбеуіне дейін сәнді болатын.
Әбекең зейнетке шықса да еңбектен қол үзген жоқ. Мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын қажылық сапарға барып келді, бес мезгіл намазын қаза қылмайды. Биыл Бескөл ауылында тұрғызған жаңа үйі көктемгі алапат су тасқыны салдарынан тұруға жарамсыз болып қалды. Бірақ оған мойымаған ол соңы жақсылықпен аяқталатына сенді. Сенімі ақталып, облыс орталығының “Бірлік” шағынауданында бой көтерген жеті жүз үйдің біреуі бұйырды. Алдымен тасқыннан аман сақтаған Алла Тағалаға, одан кейін осындай баспана беріп, қиындықтан құтқарғанына билік органдарына алғысы шексіз.
– Қазіргі журналистикада қызмет етіп жүргендер – еліне шын жаны ашитындар және болашақты ойлаған азаматтар деп білемін. Соның ішінде фототілшілердің қазір түсірген суреті бүгінгі қоғам үшін аса маңызды емес шығар, бірақ олар еліміздің өшпес тарих қойнауына енері сөзсіз. Қазір әрбір адамның қолында суретке түсіретін құрал бар, бірақ кәсіби фототілшіні ешкім алмастыра алмайды. Себебі фотоға түсіру – өнер. Керісінше, техника дамыған сайын шебер фототілшілерге деген сұраныс да арта түседі, – дейді өзіне етене жақын кәсіп хақында ой тербеткен кейіпкеріміз.
Айтпақшы, Әбекеңнің ұлы Шыңғысхан бүгіндері әке жолын жалғастырып, газетте фототілші болып қызмет атқарып жүр. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болар.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.