Өңірдің білім саласының “Алтын қорында” ұстаздар әулеті ретінде 40 отбасы тіркелген. Мұғалімдік жолды атадан балаға мирас етіп, бұл үрдісті бірнеше буыннан бері үзбей келе жатқандардың бірі – Рамазановтар әулеті. Бір шаңырақтан шыққан ұстаздардың саны 20-дан асады. Ал ортақ еңбек өтілі – 230 жыл шамасында.
Ұстаз болуды қастерлі міндет санайтын әулеттің өкілі Сапар Рамазановтың бірінші мамандығы – техник-механик. Туған жері Жамбыл ауданы Үлгі ауылында 90-шы жылдардың басына дейін осы кәсіп бойынша еңбек еткен. “Қайта құру” заманы келіп, кәсіпорындар, шаруашылықтар жабыла бастағаннан кейін Сапар Бектұрғанұлына да заманға сай бейімделуге тура келген.
“Мұғалімдік жұмысты кішкентайымнан көріп өскендіктен осы салаға бет бұрдым. “Машина тану” пәні менің бұрынғы жұмысыммен байланысты болды. Кейін әкем тарихшы болғандықтан, мен де осы пәнді таңдап, білім алдым. 2000 жылдары жоғары оқу орнына түсіп, “Тарих-география пәнінің мұғалімі” мамандығын игердім. Бүгінде мұғалімдік еңбек өтілім – 31 жыл. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде, қазақ-түрік лицейінде еңбек еттім. Қазір Петропавлдағы Жұмабек Тәшенов атындағы 20-шы орта мектепте география пәнінен сабақ беремін, педагог-зерттеушімін”, – дейді ұстаз.
Рамазановтар әулетінде мұғалімдік жолды Құрмаш Рамазанұлы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастаған. Ол – Сапар Бектұрғанұлының атасы. 1903 жылы туған, көрші ауылдағы молдадан хат таныған жан. Ал он бес жасынан бастап, яғни кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұжымдастыру ісіне араласты. 1934 жылдан бастап Ортақшыл, Үлгі мектептерінде бастауыш мұғалімі болып 30 жыл қызмет атқарды. Соғыс ардагері. “Құрмет белгісі” ордені және “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталған. 1963 жылы 60 жасқа келіп өмірден өткен.
“Әкем Бектұрған Петропавл педагогикалық училищесін бітіріп, Үлгі сегіз жылдық мектебінде 16 жыл мұғалім, 5 жыл оқу ісінің меңгерушісі, 25 жыл мектеп директоры қызметін атқарды. Жылдар бойы ауыл мәдениетін көтеруге, жастарды адамгершілігі мол, рухы биік тұлға етіп тәрбиелеуге үлесін қосты. Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі үшін “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” атағы берілді, “ҚР білім беру ісінің озық қызметкері” төсбелгісімен марапатталды. Білім саласында 46 жыл қызмет атқарды, қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста”, – деген Сапар Бектұрғанұлы үлкен әулетте білім саласы бойынша еңбек еткен жандарды атап шықты.
Қазір төртінші буын мұғалімдік қызметті жалғастырып жатыр. Соның бірі – қызы Ақерке. Ол Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, облыстық білім басқармасында 3 жыл әдіскер болып қызмет атқарған.
Ұстаздың пікірінше, соңғы жылдары мұғалімдік әйелдердің мамандығына айналып барады. Негізінен ер адамдар өнеркәсіпті, мемлекеттік қызметті таңдайды, осылайша биік мансапқа жетуді ойлайды. Бұл бір себебі болса, екіншіден баламен жұмыс істеу, әсіресе қазіргі уақытта тілін тауып, білім-тәрбие беру оңай емес. Бұл – қиын, әрі зор жауапкершілік артатын мамандықтардың бірі.
“Қазір мен еңбек етіп жатқан мектепте 30-дан астам мұғалім болса, соның жетеуі ғана ер адам. Осыдан 5-10 жыл бұрынғы балалар мен қазіргі балалардың айырмашылығы жер мен көктей. Бүгінгі балалардың дүниетанымы ғана емес, тәрбиесі де бөлек және оқушылардың көбінің оқуға деген құштарлығы төмен. Бұрын бала нашар баға алса соны жоюға тырысатын, намыстанатын. Қазір оқушыны нашар бағамен “қорқыта” алмайсың. Әрі бұрынғы бағдарламамен салыстырғанда қазіргі мектеп бағдарламасы оқушы үшін күрделі деп есептеймін. Ал жалпы оқи алмайтын оқушы болмайды, оны оқыта алмайтын мұғалім болуы мүмкін”, – дейді ол.
Сапар Бектұрғанұлы өмірде де, ұстаздық жолда да әкесін үлгі тұтады. Себебі ата-анасы үнемі жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. “Балаңды тәрбиелемес бұрын, өзіңді тәрбиеле” деген тәмсіл бар. Кейіпкеріміздің “Бұл сөз әкеме қарата айтылғандай”, – дегені тағылымды ұстаз, өнеге берер асқар тау бола білген жанның құрметін асырғандай. Әр ісімен, жүріс-тұрысымен үлгі болған ол ұстаздық жолды таңдаған балаларына да түзу жолды көрсетті. Мектептегі алғашқы ұстазы – нағашы апасы Айсұлу Мағзұмқызының да есімі әркез есінде.
Сапар Рамазановты көпшілік әнші ретінде де жақсы таниды. Ол “Жігіт сұлтаны” байқауына қатысып, облыстық кезеңнің жеңімпазы атанғанын біреу білер, біреу білмес.
“Әке-шешем де ән айтады. “Жігіттің жақсысы нағашыдан” дейді ғой, нағашыларым да шетінен өнерпаз. Мектепте оқып жүргенде домбыра ансамблі болды, соған қатыстым. Домбыра шертуді үйреткен әкем. Ал нағашым, анамның інісі клуб меңгерушісі болды. Сол кісінің жанында әскерге дейін, барып келгеннен кейін көп жүрдім. Түрлі байқауларға қатысатынбыз. 1996 жылы ауданда “Жігіт сұлтаны” байқауы болды. Сонда бірінші орын алдым. Кейін облыстық кезеңге қатысып, бас бәйгені жеңіп алдым. Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Сол байқауда жұртты таңғалдыр деген тапсырма болды. Қажымұқан атамыз сияқты күшімді көрсетейін деп “Волга” көлігіне 5 қызды отырғызып, тісіммен сүйредім. Республикалық тур Шымкентте өтті. Бірінші кезеңнен өткеніммен, екіншісіне қатыса алмадым. Ыстық ауа райына шыдамай, қан қысымым көтеріліп, ауырып қалдым” – дейді Сапар Бектұрғанұлы.
Мектепте сабақтан тыс жұмыс көп. Түрлі байқаулар, кештер ұйымдастырылады. Сол кезде бойдағы өнер оқушыларға ән айтып, сценарий жазуға, қойылым қоюға көмек. Жалпы бала сабақ қызықты өтсе ғана есте сақтайды. Әрі қазіргідей түрлі технология дамыған заманда оқушыны қызықтыру өте қиын. Сол себепті мұғалімдер барынша түрлендіруге тырысады. “Осындайда өнер керек-ақ, кейде тақырыпты ұғындыру үшін өлең шығарамын. Көштен қалмау үшін үнемі ізденісте болып, білімді жетілдіріп отыру қажет”, – деп ойын түйіндеді Сапар Рамазанов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.