«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қойшыбай ШӘНИЕВ: “БҰРЫНҒЫ САТИРАНЫ САҒЫНАМЫН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Қойшыбай Жаныбайұлы, сізді өңір халқы сатирик ре­тін­де таниды. Әр әзіліңізге ар­қау болған ауылдың күйбең тірлі­гін сізден артық ешкім білмей­тін шығар. Әріректе жүр­гізуші болдыңыз, шаруашы­лық­та ең­бек еттіңіз. Қара жұ­мыстан бас алмай жүріп, әзілдің отын қалай маздаттыңыз?

– Мен мансап иесі болған емеспін, еңбек көрігінде шың­дал­ған адаммын. Өзің айтқан­дай, қырық жылдан астам жүргі­зуші, он жылдай шаруашылық мең­геру­шісі болдым. Кейде ме­нен: “Сен қандай білім алдың? Дип­ломың бар ма?”, – деп сұрай­ды. Көпші­лік мені жоғары білімді адам деп ойлайды. Ондай кезде: “Менің екі бірдей дипломым бар. Бірі – жүргізуші туралы куәлік, екін­ші – неке куәлігі”, – десем, ес­ті­ген адам ішек-сілесі қатып күледі.

Ал менің өзіме келетін бол­сақ, бәз біреу­лер құсап ата-ба­бамды қозғау­дан аулақпын. Бұл таланттың бойға қайдан сіңгенін дөп басып айту мүмкін емес.

Шал ақын ауданының Жаңа­та­лап ауылының ту­масымын. Со­қыр Тоғ­жан аталып кеткен ақын Тоғжан Ендібайұлының руы – Ақанба­рақ. Біздің аталарымыз Ақанбарақтан тарайды. Ата-ба­бамыз­дың өсіп-өнген жері – қа­зіргі Ақанбарақ ауылы. Тоғжан сол жер­де жерленгенімен отарлау саясатының салдарынан ұр­пағы ысырылып, бүгінгі Жаңата­лап ауы­лы отырған дөңге тұрақ­таған.

Үшінші сынып оқып жүрге­нім­де Тимирязев ауданынан ауылы­мызға көшіп келген газеттің жан­ашыры, қоғамдық тілші, белсенді Жұмаш Сейітбеков ағамызға елік­тегенімді жасырмаймын. Мәр­кен Ахметбеков атындағы мек­тепте әдебиет үйірмесі бол­ды. Сол үйірмеден Жарасбай Нұр­қанов, Ермек Қонарбаев, Бо­лат Қожахметов, Қошқарбай Жұ­матаев, Жоламан Шаханов, Аман­дық Әбжанов, Гүлсім Әубә­кіровалар шыңдалып, қаламы тө­селіп шыққан еді. Бәріміз де “Ле­нин туы” газетіне жазып, жақсы көрініп жүрген Серік Сәдуақасов, Жазит Тоқтамысов деген аға­ларға еліктеп, ауыл тұрмысын мысалға алып, шимай-шатпақтар жазып жүрдік. Содан бері әде­биетке құштармын.

– “Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі” дейтін қағиданың қамал-қабырғасын қақырата сөгіп, алақандай ауыл­да тұрып-ақ алысқа аты шыққан жансыз. Бұл сөзімізді сатирик Көпен Әмірбектің пі­кірі дәлелдейді. Дегенмен ше­берлікті үнемі шыңдап отыру керек. Оған орта керек емес пе?

– Іздену керек, көп оқу қажет. Ата-бабамыз білім де, ғылым да кітапта екенін айтып кеткен. Мән­ді, мағыналы дүниелерді газет-журналдардан табуға болады. Бүгінгі заманның игілігі – интер­нет­тен қол үзіңдер деп айтпай­мын. Дегенмен де, газет-журнал, кітап оқысаң, тілің жаттығады. Көркем әдебиет оқуды әдетке айналдырсаң, ісіңде де, сөзіңде де кемшілік болмайды.

Жоғарыда айтқандай, өз ба­сым ешқандай да профессор­дың алдын көрмедім. Үлкен аға­ларымның ақыл-кеңесін тыңдап, өзімді-өзім дамыттым. Менің бар тақырыбым – ауыл өмірі, халық­тың тұрмысы, қазіргі өзгерістер, жағдайлар. Ауылдың маңайы­нан алыстаған жоқпын. Өз көзім­мен көргенді сурет салғандай өлеңге қоса­мын. Оны бірнеше рет тексере­мін, қаламыма арқау болған оқи­ғаның анық-қанығын білген соң ға­на жариялаймын.

– Қателеспесем, 2000 жыл­дардың басында газетіміз­дің Тимирязев, Шал ақын аудан­дары бойынша арнаулы тіл­ші­сі болдыңыз. Сол арқылы га­зет таралымын көбейтуге атса­лыстыңыз. Бүгінгі таңда ауылда руханият жанашыр­ла­ры жоқтың қасы. Бұның сыры неде?

– Газет пен халықтың ара­сын­дағы байланыс үзіліп қалды десем, артық айтқандық емес. 1990 жылы қарт басылымның 70 жылдығы тойланды. Мен де бар­дым. Сонда үлкен жиын болып, газет жанашырларының көптігі­нен облыстық атқару комитетінің акт залына халық лық толып, орын таппай есік алдында тұр­дық. Бұндай жанашырлықты кейін көре алмадым.

Газет – елдің қорғаны. Осыны түсінбейтіндер көбейді. Сырт көз­ге газет ақиқаттан алшақтап кет­кендей көрінеді. Осының сал­да­рынан оқырман мен журналис­тер тіл табыса алмай жүр. Көп­ші­ліктің көзайымына айналу үшін журналист қоғаммен біте қайна­сып, елмен бірге ғұмыр кешуге тиіс. Шалғайда жатқан елді ме­кендердің тұрғындарымен жүз­десіп, әңгімелесіп, ойларымен бөлісіп, көкейкесті мәселелердің мәнісін таба білгенде ғана жур­налист абыройлы болады.

Мысалы, Жаңаталап ауы­лын­да тұрғанда көршіміз Сәлтай Ақпанбаев деген соғыс ардагері пошташы болды. Сол ағамыз­дың сөмкесіне газет сыймай жү­ре­тін. Сексен үйдің алпысы “Ле­нин туына” жазылатынды. Га­зет­тің құндылығы осында жатыр. Сонда “Сенбілік бет” деген ай­қар­ма бет шығатын. Соның арқа­сында Ахметжан Нұртазин, Әшім Меңдібаев, Уахит Темірбеков, Темірғали Қасенов, Мөртай Қос­шығұлов, Зейнел-Ғаби Иман­баев, Ермек Қонарбаев, Герольд Бельгер, Жарасбай Сүлейменов­тердің шығармаларымен та­ныстық.

– Сіздің “Мал қалмады ба­ғымда” деген өлеңіңізді оқы­ғаннан кейін бір ой туып отыр. Қазір ауылдағы аға­йын қора­сын­дағы сиыр­дың емес, дүкен­нің сүтін алып ішетін күйге жетті. Жалпы ауылдағылар мал бағып, бау-бақ­ша өсір­месе, қалай күнелт­пек?

– Ауылда тұрып мал ұстама­ған адамның тұрмысы алға бас­пайды. Қоғам “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүруге әуес. Билік те соған бейімделіп алды. Ысқақ Ыбыраев ауылының жері алғанның алақанында, жұмғанның жұдырығында кетті. Енді қа­зір шабындықтың өзі жетіңкіремейді. Қытайлық бір фирма жү­гері сеуіп жатыр. Ертеде біздің аға­ларымыз да жүгеріші болды емес пе? Ступинка ауылындағы Алексей Брагин жүгеріден жоғары өнім алып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазіргілердің жү­гері сепкені не керек, дәрілеп, ақы­рында онысы кеуіп қалды. Одан қалды ауданымызда 1000 бас сиыр ұстайтынымызды ай­тып, мақтанамыз. Бірақ май зауы­тына бір грамм сүт бермейді. Сүтті Ақмола облысындағы “Сол­нечный” май зауытына өткі­зеді.

Ауылдықтарға мал ұстауға кәсіпкерлер кедергі жасап отыр­ғанын жасырмаймын. Ауылдың маңайы егіс алқаптары болса, тұрғындар қалай мал ұстайды? “Ыбыраев” шаруа қожалығын Ортақкөлдің азаматы Болат Қо­зыбайұлы қолына алып, пайы­мыз­ды жақсы беріп, жағдайы­мызды жасап отыр. Алайда ша­бындық жер жоқ.

– Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ежелгі мекені. Қазіргі ауыл­дардың жайы кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Бере­кесі кеткен ауылдардың ыры­сын арт­тыру мүмкін бе?

– Көп дү­ниеге көңі­лім тол­май­ды. Біздің ау­данымыз­да отыз жылда не бір зауыт, не құс фаб­рикасы, цех салын­ба­ды. Өндіріс жоқ. Жалғыз егінмен ауыл ша­руа­шылығы са­ласы да­мы­май­ды. Бұл тұжы­рым­даманы ғалым­дар да рас­тай­ды. Өзге этнос өкіл­дері күнін көріп жатыр. Қазаққа келсек, жастары – такси жүр­гізушісі, кә­рі­лері – молда.

Ысқақ Ыбыраев ауылы – көрікті, таза елді мекен. “Таза ауыл” атағы беріліп, ауданнан 500000 теңге сыйақы алды. Осын­­­дай бір реттік көмекпен шек­теледі. Ауылды сақтауға, дамытуға жүйелі қолдау жоқ. Үкімет ауылдарды “келешегі бар ауыл, келешегі жоқ ауыл” деп екіге бө­ліп тастады емес пе? Бұ­лай бө­ліп-жару – қазақтың бола­шағына төнген қасірет. Жайлы қоныс іздеп, үдере көшкен қазақ­тың ба­рар жері – қала. Дайын баспа­насы жоқтың күйі белгілі. Жоқшы­лықтың қамыты адамды дің­келетпей қоймайды.

Қазіргі таңда Шал ақын ау­дан­дық қоғамдық кеңесінің мү­шесімін. Өткен бір отырыста Жа­ңажол ауылдық округі әкімдігінің маманы барлық елді мекендерге су тартылып жатқанын айтты. Жа­ңаталапқа да су тартылды. “Енді осы ауылға асфальт төсе­ле ме?” деп сұрағанымда, ауыл­дың болашағы жоғын айтты. Ха­лық отырған жерге “Келешегі жоқ ауыл” деген сөз қолданылмауы қажет. Егер ауылдың келешегі бұлыңғыр болса, онда неге су тар­тылады? Кейде құлдырап ба­ра жатқан ауылды құтқарып, дұрыстауға ниетті адам бар ма деген ой мазалайды. Жоғарыда­ғыларға ауылды дамытқаннан гөрі жаба салу тиімді сияқты. Ауылдарды көркейтуге барын салған Ніл Болатбаев, Есім Шай­кин, Мәркен Ахметбеков сынды азаматтардан ғибрат алса, елдің қамын жейтін жігіттер шығар еді. Кез келген жерде қызыл сөзді суша сапыратын білгіштен гөрі істің адамы пайдалы.

– “Сатира – күштілер қа­руы” деген қағида бүгінгі за­манда өз күшін мүлдем жоя қоймаса да, едәуір әлсіреп қал­ғаны шындық. Сатира та­за­лықты талап етеді. Тазалық – руханият. Руханияттан алыс­­­тағандар сатираның түбі­не жетпей ме?

– Бұрынғы қазақтың әжуа­сын­да әр, мазағында мән, келе­ке­сін­де көркемдік бар еді. Мен соны сағынамын. Бү­гін­де бұл жанр нәрінен айырылған­дай кө­рі­неді. Қазіргі қоғамға са­ти­ра ке­ре­гі жоқ, мақтау мен ма­дақтау­ қажет. Себебі күлдіре оты­рып шындықты айтудан бөлек, оны түсініп, қабылдайтын қоғам керек қой. “Ауруын жасырған – өледі” демекші отыз жыл бойы жылтыраққа әуес болсақ, енді шындықты шырмаудан босату керек сияқты.

Мен басында шығармашы­лықты поэзиядан бастадым. Сол кезде жазушы-журналист Бақыт Мұстафин: “Қойшыбай, сатираға икемің бар екен. Сатираның жо­лын ұстан”, – деп жол сілтеп кет­ті. Жас кезімнен белсенді бол­дым. Шындық үшін талай таяқ та жедім. Облыстық газетке шыққан “Аузыңа май, астыңа тай” деген туындым үшін қамап та тастады. Қайрола қажы ағамыз бастап, ыбы­раевтықтар халық болып кө­те­ріліп, шығарып алды. Бір ав­то­бус адам аудан орталығына ба­рып, мені жаладан арашалап қал­ды. Сатираның оңай жанр емес екенін осыдан-ақ аңғаруға бо­лады.

– Басқа өңірлердің қалам­герлері сый-құрметке бө­леп, төрден орын береді. Солтүстікте қаламгерлерге сый-құрмет түгілі, жөнді қолдау да көр­сетіле бермейді. Бұл Қызыл­жар руханиятының дамуына кері әсерін тигізбей ме?

– Біздің өңірде қаламгерді ба­ғалау, ұлыларды ұлықтау деген жетіспейді. Көкшетауда шы­ғатын “Бұқпа” газетін алып, көршілес жатқан Ақмола облы­сының ақпа­ратын саралап, тал­қы­лап отыра­мын. Ол жақ рухани құндылық­тар­ға баса назар ауда­рады. Қызылжарға әдебиет ке­рек. Бірақ әдебиетті бағалауға кел­генде өреміз таяз. Аты атал­май жат­қаны арқаңа аяздай ба­татын Қош­қарбай Жұматаев­тың ақындығы ешкімнен де кем емес. Одан да басқа қаншама талант­тарымыз бар.

Сөздің реті келгенде айта­йын. Шал ақын ауданының топы­рағында құндақ­талған қазақ поэ­зиясының жез­киігі Кәкімбек Са­лықовты ар­дақ­тап жатқан сол­түстікқазақстандықты көргенім жоқ. Ағамыздың аты аталмай қал­масын деген мә­селе көтергенде алдыңғы тол­қын сөзімді құпта­ма­ды. Қырсығы тиеді деп сақтан­ған кейбір үлкендер­ден көңілім қалды. Аудан әкімінің қабылда­уында болып, әкімнің артында ел айтып жүрерліктей із қалуы керек екенін түсіндірдім. Әйтеуір сол кездегі аудан әкімі Рахат Смағұлов сөзімді жерде қалдыр­мады. Аудан орталығын­дағы қа­зақ мектебіне Кәкімбек Салы­қовтың аты берілді.

Өңірде таланттардың баға­ланбайтыны өкінішті. Талантты та­нып, қабілетін ұлттық идеоло­гияға пайдалана бі­луіміз керек. Руханият төңіре­гін­де жүргендер­дің әрқайсысы Отан­ға қызмет етуді көздейді.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

ОЙМАҚТАЙ ОЙ

Бұрынғы қазақтың әжуасында әр, мазағында мән, келекесінде көркемдік бар еді. Мен соны сағынамын. Бүгінде бұл жанр нәрінен айырылғандай көрінеді. Қазіргі қоғамға сатира керегі жоқ, мақтау мен мадақтау қажет. Себебі күлдіре отырып шындықты айтудан бөлек, оны түсініп, қабылдайтын қоғам керек қой. “Ауруын жасырған – өледі” демекші отыз жыл бойы жылтыраққа әуес болсақ, енді шындықты шырмаудан босату керек сияқты.

Өмірдерек

Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңаталап ауылы.

Туған жылы: 1951 жылдың 18 сәуірі.

Қызметі: Шал ақын ауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Марапаты: Шал ақын ауданының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp