– Қойшыбай Жаныбайұлы, сізді өңір халқы сатирик ретінде таниды. Әр әзіліңізге арқау болған ауылдың күйбең тірлігін сізден артық ешкім білмейтін шығар. Әріректе жүргізуші болдыңыз, шаруашылықта еңбек еттіңіз. Қара жұмыстан бас алмай жүріп, әзілдің отын қалай маздаттыңыз?
– Мен мансап иесі болған емеспін, еңбек көрігінде шыңдалған адаммын. Өзің айтқандай, қырық жылдан астам жүргізуші, он жылдай шаруашылық меңгерушісі болдым. Кейде менен: “Сен қандай білім алдың? Дипломың бар ма?”, – деп сұрайды. Көпшілік мені жоғары білімді адам деп ойлайды. Ондай кезде: “Менің екі бірдей дипломым бар. Бірі – жүргізуші туралы куәлік, екінші – неке куәлігі”, – десем, естіген адам ішек-сілесі қатып күледі.
Ал менің өзіме келетін болсақ, бәз біреулер құсап ата-бабамды қозғаудан аулақпын. Бұл таланттың бойға қайдан сіңгенін дөп басып айту мүмкін емес.
Шал ақын ауданының Жаңаталап ауылының тумасымын. Соқыр Тоғжан аталып кеткен ақын Тоғжан Ендібайұлының руы – Ақанбарақ. Біздің аталарымыз Ақанбарақтан тарайды. Ата-бабамыздың өсіп-өнген жері – қазіргі Ақанбарақ ауылы. Тоғжан сол жерде жерленгенімен отарлау саясатының салдарынан ұрпағы ысырылып, бүгінгі Жаңаталап ауылы отырған дөңге тұрақтаған.
Үшінші сынып оқып жүргенімде Тимирязев ауданынан ауылымызға көшіп келген газеттің жанашыры, қоғамдық тілші, белсенді Жұмаш Сейітбеков ағамызға еліктегенімді жасырмаймын. Мәркен Ахметбеков атындағы мектепте әдебиет үйірмесі болды. Сол үйірмеден Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев, Болат Қожахметов, Қошқарбай Жұматаев, Жоламан Шаханов, Амандық Әбжанов, Гүлсім Әубәкіровалар шыңдалып, қаламы төселіп шыққан еді. Бәріміз де “Ленин туы” газетіне жазып, жақсы көрініп жүрген Серік Сәдуақасов, Жазит Тоқтамысов деген ағаларға еліктеп, ауыл тұрмысын мысалға алып, шимай-шатпақтар жазып жүрдік. Содан бері әдебиетке құштармын.
– “Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі” дейтін қағиданың қамал-қабырғасын қақырата сөгіп, алақандай ауылда тұрып-ақ алысқа аты шыққан жансыз. Бұл сөзімізді сатирик Көпен Әмірбектің пікірі дәлелдейді. Дегенмен шеберлікті үнемі шыңдап отыру керек. Оған орта керек емес пе?
– Іздену керек, көп оқу қажет. Ата-бабамыз білім де, ғылым да кітапта екенін айтып кеткен. Мәнді, мағыналы дүниелерді газет-журналдардан табуға болады. Бүгінгі заманның игілігі – интернеттен қол үзіңдер деп айтпаймын. Дегенмен де, газет-журнал, кітап оқысаң, тілің жаттығады. Көркем әдебиет оқуды әдетке айналдырсаң, ісіңде де, сөзіңде де кемшілік болмайды.
Жоғарыда айтқандай, өз басым ешқандай да профессордың алдын көрмедім. Үлкен ағаларымның ақыл-кеңесін тыңдап, өзімді-өзім дамыттым. Менің бар тақырыбым – ауыл өмірі, халықтың тұрмысы, қазіргі өзгерістер, жағдайлар. Ауылдың маңайынан алыстаған жоқпын. Өз көзіммен көргенді сурет салғандай өлеңге қосамын. Оны бірнеше рет тексеремін, қаламыма арқау болған оқиғаның анық-қанығын білген соң ғана жариялаймын.
– Қателеспесем, 2000 жылдардың басында газетіміздің Тимирязев, Шал ақын аудандары бойынша арнаулы тілшісі болдыңыз. Сол арқылы газет таралымын көбейтуге атсалыстыңыз. Бүгінгі таңда ауылда руханият жанашырлары жоқтың қасы. Бұның сыры неде?
– Газет пен халықтың арасындағы байланыс үзіліп қалды десем, артық айтқандық емес. 1990 жылы қарт басылымның 70 жылдығы тойланды. Мен де бардым. Сонда үлкен жиын болып, газет жанашырларының көптігінен облыстық атқару комитетінің акт залына халық лық толып, орын таппай есік алдында тұрдық. Бұндай жанашырлықты кейін көре алмадым.
Газет – елдің қорғаны. Осыны түсінбейтіндер көбейді. Сырт көзге газет ақиқаттан алшақтап кеткендей көрінеді. Осының салдарынан оқырман мен журналистер тіл табыса алмай жүр. Көпшіліктің көзайымына айналу үшін журналист қоғаммен біте қайнасып, елмен бірге ғұмыр кешуге тиіс. Шалғайда жатқан елді мекендердің тұрғындарымен жүздесіп, әңгімелесіп, ойларымен бөлісіп, көкейкесті мәселелердің мәнісін таба білгенде ғана журналист абыройлы болады.
Мысалы, Жаңаталап ауылында тұрғанда көршіміз Сәлтай Ақпанбаев деген соғыс ардагері пошташы болды. Сол ағамыздың сөмкесіне газет сыймай жүретін. Сексен үйдің алпысы “Ленин туына” жазылатынды. Газеттің құндылығы осында жатыр. Сонда “Сенбілік бет” деген айқарма бет шығатын. Соның арқасында Ахметжан Нұртазин, Әшім Меңдібаев, Уахит Темірбеков, Темірғали Қасенов, Мөртай Қосшығұлов, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Ермек Қонарбаев, Герольд Бельгер, Жарасбай Сүлейменовтердің шығармаларымен таныстық.
– Сіздің “Мал қалмады бағымда” деген өлеңіңізді оқығаннан кейін бір ой туып отыр. Қазір ауылдағы ағайын қорасындағы сиырдың емес, дүкеннің сүтін алып ішетін күйге жетті. Жалпы ауылдағылар мал бағып, бау-бақша өсірмесе, қалай күнелтпек?
– Ауылда тұрып мал ұстамаған адамның тұрмысы алға баспайды. Қоғам “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүруге әуес. Билік те соған бейімделіп алды. Ысқақ Ыбыраев ауылының жері алғанның алақанында, жұмғанның жұдырығында кетті. Енді қазір шабындықтың өзі жетіңкіремейді. Қытайлық бір фирма жүгері сеуіп жатыр. Ертеде біздің ағаларымыз да жүгеріші болды емес пе? Ступинка ауылындағы Алексей Брагин жүгеріден жоғары өнім алып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазіргілердің жүгері сепкені не керек, дәрілеп, ақырында онысы кеуіп қалды. Одан қалды ауданымызда 1000 бас сиыр ұстайтынымызды айтып, мақтанамыз. Бірақ май зауытына бір грамм сүт бермейді. Сүтті Ақмола облысындағы “Солнечный” май зауытына өткізеді.
Ауылдықтарға мал ұстауға кәсіпкерлер кедергі жасап отырғанын жасырмаймын. Ауылдың маңайы егіс алқаптары болса, тұрғындар қалай мал ұстайды? “Ыбыраев” шаруа қожалығын Ортақкөлдің азаматы Болат Қозыбайұлы қолына алып, пайымызды жақсы беріп, жағдайымызды жасап отыр. Алайда шабындық жер жоқ.
– Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ежелгі мекені. Қазіргі ауылдардың жайы кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Берекесі кеткен ауылдардың ырысын арттыру мүмкін бе?
– Көп дүниеге көңілім толмайды. Біздің ауданымызда отыз жылда не бір зауыт, не құс фабрикасы, цех салынбады. Өндіріс жоқ. Жалғыз егінмен ауыл шаруашылығы саласы дамымайды. Бұл тұжырымдаманы ғалымдар да растайды. Өзге этнос өкілдері күнін көріп жатыр. Қазаққа келсек, жастары – такси жүргізушісі, кәрілері – молда.
Ысқақ Ыбыраев ауылы – көрікті, таза елді мекен. “Таза ауыл” атағы беріліп, ауданнан 500000 теңге сыйақы алды. Осындай бір реттік көмекпен шектеледі. Ауылды сақтауға, дамытуға жүйелі қолдау жоқ. Үкімет ауылдарды “келешегі бар ауыл, келешегі жоқ ауыл” деп екіге бөліп тастады емес пе? Бұлай бөліп-жару – қазақтың болашағына төнген қасірет. Жайлы қоныс іздеп, үдере көшкен қазақтың барар жері – қала. Дайын баспанасы жоқтың күйі белгілі. Жоқшылықтың қамыты адамды діңкелетпей қоймайды.
Қазіргі таңда Шал ақын аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесімін. Өткен бір отырыста Жаңажол ауылдық округі әкімдігінің маманы барлық елді мекендерге су тартылып жатқанын айтты. Жаңаталапқа да су тартылды. “Енді осы ауылға асфальт төселе ме?” деп сұрағанымда, ауылдың болашағы жоғын айтты. Халық отырған жерге “Келешегі жоқ ауыл” деген сөз қолданылмауы қажет. Егер ауылдың келешегі бұлыңғыр болса, онда неге су тартылады? Кейде құлдырап бара жатқан ауылды құтқарып, дұрыстауға ниетті адам бар ма деген ой мазалайды. Жоғарыдағыларға ауылды дамытқаннан гөрі жаба салу тиімді сияқты. Ауылдарды көркейтуге барын салған Ніл Болатбаев, Есім Шайкин, Мәркен Ахметбеков сынды азаматтардан ғибрат алса, елдің қамын жейтін жігіттер шығар еді. Кез келген жерде қызыл сөзді суша сапыратын білгіштен гөрі істің адамы пайдалы.
– “Сатира – күштілер қаруы” деген қағида бүгінгі заманда өз күшін мүлдем жоя қоймаса да, едәуір әлсіреп қалғаны шындық. Сатира тазалықты талап етеді. Тазалық – руханият. Руханияттан алыстағандар сатираның түбіне жетпей ме?
– Бұрынғы қазақтың әжуасында әр, мазағында мән, келекесінде көркемдік бар еді. Мен соны сағынамын. Бүгінде бұл жанр нәрінен айырылғандай көрінеді. Қазіргі қоғамға сатира керегі жоқ, мақтау мен мадақтау қажет. Себебі күлдіре отырып шындықты айтудан бөлек, оны түсініп, қабылдайтын қоғам керек қой. “Ауруын жасырған – өледі” демекші отыз жыл бойы жылтыраққа әуес болсақ, енді шындықты шырмаудан босату керек сияқты.
Мен басында шығармашылықты поэзиядан бастадым. Сол кезде жазушы-журналист Бақыт Мұстафин: “Қойшыбай, сатираға икемің бар екен. Сатираның жолын ұстан”, – деп жол сілтеп кетті. Жас кезімнен белсенді болдым. Шындық үшін талай таяқ та жедім. Облыстық газетке шыққан “Аузыңа май, астыңа тай” деген туындым үшін қамап та тастады. Қайрола қажы ағамыз бастап, ыбыраевтықтар халық болып көтеріліп, шығарып алды. Бір автобус адам аудан орталығына барып, мені жаладан арашалап қалды. Сатираның оңай жанр емес екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
– Басқа өңірлердің қаламгерлері сый-құрметке бөлеп, төрден орын береді. Солтүстікте қаламгерлерге сый-құрмет түгілі, жөнді қолдау да көрсетіле бермейді. Бұл Қызылжар руханиятының дамуына кері әсерін тигізбей ме?
– Біздің өңірде қаламгерді бағалау, ұлыларды ұлықтау деген жетіспейді. Көкшетауда шығатын “Бұқпа” газетін алып, көршілес жатқан Ақмола облысының ақпаратын саралап, талқылап отырамын. Ол жақ рухани құндылықтарға баса назар аударады. Қызылжарға әдебиет керек. Бірақ әдебиетті бағалауға келгенде өреміз таяз. Аты аталмай жатқаны арқаңа аяздай бататын Қошқарбай Жұматаевтың ақындығы ешкімнен де кем емес. Одан да басқа қаншама таланттарымыз бар.
Сөздің реті келгенде айтайын. Шал ақын ауданының топырағында құндақталған қазақ поэзиясының жезкиігі Кәкімбек Салықовты ардақтап жатқан солтүстікқазақстандықты көргенім жоқ. Ағамыздың аты аталмай қалмасын деген мәселе көтергенде алдыңғы толқын сөзімді құптамады. Қырсығы тиеді деп сақтанған кейбір үлкендерден көңілім қалды. Аудан әкімінің қабылдауында болып, әкімнің артында ел айтып жүрерліктей із қалуы керек екенін түсіндірдім. Әйтеуір сол кездегі аудан әкімі Рахат Смағұлов сөзімді жерде қалдырмады. Аудан орталығындағы қазақ мектебіне Кәкімбек Салықовтың аты берілді.
Өңірде таланттардың бағаланбайтыны өкінішті. Талантты танып, қабілетін ұлттық идеологияға пайдалана білуіміз керек. Руханият төңірегінде жүргендердің әрқайсысы Отанға қызмет етуді көздейді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
ОЙМАҚТАЙ ОЙ
Бұрынғы қазақтың әжуасында әр, мазағында мән, келекесінде көркемдік бар еді. Мен соны сағынамын. Бүгінде бұл жанр нәрінен айырылғандай көрінеді. Қазіргі қоғамға сатира керегі жоқ, мақтау мен мадақтау қажет. Себебі күлдіре отырып шындықты айтудан бөлек, оны түсініп, қабылдайтын қоғам керек қой. “Ауруын жасырған – өледі” демекші отыз жыл бойы жылтыраққа әуес болсақ, енді шындықты шырмаудан босату керек сияқты.
Өмірдерек
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңаталап ауылы.
Туған жылы: 1951 жылдың 18 сәуірі.
Қызметі: Шал ақын ауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Марапаты: Шал ақын ауданының құрметті азаматы.