«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қордан бөлген ақшасы қолда кеткен…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Баяғыда біреудің үйі өртеніп жатса, екінші біреу сол өртке қойының басын үйтіп жатыр дейді. “Аңқау елге арамза молда” болып, халықтың қайғысының үстінен пайда тауып жүргендер қазіргі қоғамда да бар. Онсыз да алаяқтарға алданып, тістей-тістей бармағы қажалған аңқау жұрттың бар сенгені қайырымдылық қорлары еді. Бірақ бүгінгі заманды жайлаған пайдакүнемдік бұл саланың да ішіне еніп үлгеріпті. Экран алдында көңіліңді босатып, жүрегіңді жібітетін жылпостардың шын өмірде есебі түгел екенін енді біліп жатырмыз. Таяқ ұстап келгенге тай мінгізетін қазақтың ақкөңіл мінезін пайдаланып, өз ұпайын түгендеп, қайырымдылықтың қаржысын қалтаға басып қалатындарды әулиедей көріп, айтқанына ұйып, сұрағанын беріп, төбеге көтеріп жүріппіз. Ал өзгенің обалына қалуға қорықпайтындар көмек бергендерді бір алдап, мұқтаждарды бір алдап, есебін тауып, екі асауды әбден меңгеріпті.

Соңғы күндері бәрінің ау­зын­да жүрген бір тақырып – қайырымдылықтың атын жа­мылған алаяқтық. Бұған дейін газетімізде бергенін жарияға жар салып, көмек алған жан­дардың деректері мен суретте­рін желіге жариялайтын белсен­ділер туралы жазып едік. Сөйт­сек мұндайлардың жұрттан жа­сырып, бүгіп қалатын әрекет­тері де бар екен. Мәселе біз ой­лағаннан да күрделі болып шық­ты. Соңғы уақыттағы даудың бәрі әлдебір блогердің елдегі көп­ке танымал қор туралы жа­риялаған ақпараттарынан бас­тал­ды. Онда жаңағы қор бас­шыларының күмәнді әрекеттер­ге барып, бұрын ел алдында айыпқа қалған жандармен жа­қын қарым-қатынаста болғаны туралы жазылған. Тіпті қордың әлеуметтік желідегі көмек сұ­райтын посттарына “Мен бір мил­лион аудардым, сіз де қапы қалмаңыз” деген сыңайдағы пі­кірлер жазатын арнайы адам­дар болыпты-мыс. Бұл ретте аталған қор өкілдерінің екі жыл бұрын Қызылжарға келіп, ау­қымды қайырымдылық фору­мын өткізіп, бір отбасын үйлі ет­кенін де айта кеткен жөн. Өңірге келгендер өздерінің бизнеспен айналысатынын, кәсіптен түс­кен пайда міндетті түрде қайы­рымдылыққа жұмсалатынын жа­риялаған. Алайда кәсіпкерлік пен қайырымдылықтың тұтқа­сын қатар ұстағандардың қан­дай құйтырқылыққа баруы мүм­кін екенін жуырда ғана білдік. Танымал блогер Перизат Қай­рат­тың ісі өзін белсенді, ерікті көрсетіп жүргендердің бәрі бір­дей халыққа жанашыр емес еке­нін көрсетті. “Ол көктемгі су тас­қынынан зардап шеккен аза­маттарға көмектесу үшін жи­нал­ған 1,5 млрд. теңгеден ас­там қаражатты жымқырды де­ген күдікке ілікті. Қайырымды­лықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктем­де ол елордадағы автосалон­дардан 88 млн. теңгеге “Merce­des-Benz S450”, 80 млн. теңгеге “Lexus LX-600” және 39 млн. теңгеге “Haval” автокөліктерін сатып алған. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн. теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы “Akbulak Riviera”, “Highvill Ishim Gold”, “Көк Жай­лау” кешендері, сондай-ақ “Vela Village” коттедж қалашығына иелік еткен”, – делінген іс жүргі­зіп жатқан Қаржылық монито­ринг агенттігінің хабарлама­сында.

Онымен қоймай белсенді тасқын суға кеткен халықтың есебінен ел аралап, бес жұл­дызды қонақүйлерде демалған. Бұған әйгілі брендтердің бұйымдары мен әшекейлерін қосыңыз. Ал қылмыстық схема­ны жүзеге асыруға өз жақында­рын тартқан. Арада көп уақыт өтпей еріктінің шетелдегі әске­ри қақ­тығыс зардабын тартқан­дарға жіберілуі керек болған 200 млн. теңгені меншіктеп ал­ға­ны да мәлім болды.

Перизат Қайраттың бұл ісі тек қайырымдылық қорлары­ның ғана емес, өзге де үкіметтік емес ұйымдардың беделіне нұқсан келтіріп отыр. Көктемде белсендінің қасынан табылып, жылу жинасқан жастар ұйым­дары­ның және қайырымдылық ба­ғытта жұмыс істеп отырған өзге де бірлестіктердің “мәу” деп мә­лімдеме жасамай отыр­ғаны қызық.

– Елімізде қайырымдылық қорлары туралы арнайы заң бар. Онда қорлардың төлем құ­ралдары арқылы қаржы жинай алатыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Қайырымдылық субъекті жалған ақпарат тарат­қа­ны үшін жауапкершілік қарас­тырылған. Мемлекет мұндай ұйымдардың құқықтарының қор­ғалуына кепілдік береді. Заңда көрсетілген жағдайларды айт­пағанда, мемлекет қор жұмы­сына заңсыз араласа алмайды. Қайырымдылық қорларының кіріс көлемі, мүлкі, шығындары, қызметкерлер саны мен олар­дың жалақысы коммерциялық құпия болып есептелмейді. Қордың кәсіп жүргізіп, табыс та­буға құқығы бар. Ал кіріс-шығыс туралы есепті кемінде жылына бір рет бұқаралық ақпарат құ­ралдарында жариялау – міндет, – дейді заңгер Азамат Мұ­қаш.

Демек әркімнің өзі ақша жіберген қордан ашықтық талап етіп, ақпарат алуына негіз бар. Алайда жиылған қаржыны тиы­нына дейін көрсетіп, есебін бе­ріп отыратындар аз. Елде мұн­дай ұйымдардың бірыңғай тізі­лі­мі де жоқ. Сондықтан да Қа­зақстанда қанша қор бар екенін дөп басып айту қиын. Тиісті ба­қылау мен көмек көрсеткендер тарапынан талаптың жоқтығы миллиардтаған теңгенің басқа бағытқа жұмсалуына әкеп соқ­ты. Соңғы жайттардан кейін қо­ғам арасында жекелеген ұйым­дардың жұмысын қатаң қадаға­лау, екінің біріне жылу жинауға жол бермеу туралы мәселе тал­қылануда. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігінде заңға өз­герістер енгізу үшін арнайы жұ­мыс тобы құрылған.

– Халықтың қолы ашықты­ғын сараптайтын рейтингте Қа­зақстан биыл 124 елдің ішінде 113 сатыға тұрақтаған. Бізде қайырымдылық қорлары үшін салық жеңілдіктері қарасты­рылған. Бүгінде түрлі ұйымдар да, жекелеген адамдар да ізгі іске ақша жинай алады. Бұл са­ланың үлкен индустрияға айна­лып кеткені сондықтан. Енді ал­дағы өзгерістер қандай болмақ деген сұрақ туындайды. Қайырымдылық қорларына мемле­кеттік бақылауды күшейту олар­дың жұмысын тежеуі мүмкін. Кез келген адамға жылу жинау­ға шектеу қою біздің салты­мыз­ға қарсы. Алда осы мәселенің бәрі жан-жақты қаралып, мұн-дай жағдай қайталанбайтын­дай шешім қабылдау керек. Ал басқаға көмек бергісі келетін­дер алдымен сол қордың сай­тын, есебін қарап, бәріне көзі жет­кеннен кейін ғана қаржы ау­дарса құба-құп, – дейді заңгер.

Қорлардың қаржысына ба­қылау жүргізу туралы бұған дейін де айтылып келді. Наурыз айында өңірде өткен респуб­ли­калық айтыста Мейірбек Сұл­танхан:

…Жымдасқан жемқорлардың кесірінен

Жолға бөлген ақшасы жолда кеткен.

Суға бөлген ақшасы судай сіңіп,

Қордан бөлген ақшасы қол­да кеткен, – деп халықтың ба­сындағы мәселені ашық көтер­ді. Жемқорлықтың небір жолын көрген ел енді қайырымдылық саласындағы былыққа да куә болды.

– Жалпы қайырымдылық ба­ғытында атқарылып жатқан жұ­мыстарда күмәнді жайттар көп. Бірде әлдебір блогер тікелей эфирде ауру баланың еміне ақша жинап отырса, бірде ерік­тілер көшеде жәшік ұстап жүре­ді. Ал Астанада жасөспірімдер қорап ұстап қоғамдық көліктер­де мұқтаждарға көмек сұрай бас­таған. Біреуге қол ұшын созу, созбау әркімнің өз еркін­дегі іс. Бұл ретте белден басып, біреуді мәжбүрлеп, қорқытып-үркітіп, әдейі аяныш сезімін оятуға болмайды деп санай­мын. Нағыз қайырымдылық үн­сіз жасалады. Халі мүшкілдерге қолдан келген дүниесін берсе де үн-түнсіз жүрген қанша аза­мат бар. Аталған саладағы алаяқтық пен көзбояушылық ту­ралы осыған дейін де айтылып келді. Бірақ оған мән берген ешкім болмады. Енді соның зар­дабын халық тартып отыр. 1,5 млрд. теңге деген біздің түсімізге кіріп-шықпайтын ақша. Бұл қар­жыға керек-жарақпен толық жабдықталған бір мектеп салу­ға немесе 70-тен астам отба­сыны үйлі етуге болар еді, – дей­ді қала тұрғыны Гүлзира База­рова.

Аталған оқиғаның көптеген ұйымдар мен белсенді, ерікті­лердің беделіне нұқсан келтіргені анық. Әрине, істің ақ-қара­сын сот анықтайды. Дегенмен жұртшылық осыдан сабақ алып, әр жылт еткен жарнамаға ақша аударуын доғарады деген ойдамыз. Бұл түйткілдің үкімет қабырғасында талқыланып, на­зар­ға алынғаны да құптарлық іс. Енді алдағы уақытта оң шешім шығып, тиісті бақылау орнаты­лып, тегін келген дүниені қал­таға басатындардың әрекетіне тосқауыл қойылады деп сене­міз.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp