«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНКАРАДАН АЛТЫНМЕН ОРАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

9-16 қараша аралығында Түркияның астанасы Анкара қаласында асық спортынан әлем кубогы өткен болатын. Ел құрамасы сапында өнер көрсетіп, жеңіске жеткен солтүстікқазақстандық бес асықшы Камила Сексембайды жерлестері мен жақындары пойыздан күтіп алды.

Камила 1997 жылы Аққайың ау­даны, Дайындық ауылында туған. 2016 жылдан бері бірнеше рет чемпион атанып, еліміздің құрама командасына алынды. Қазір ол Шал ақын ауданының Жалтыр ауы­лында тұрып жатыр. Жергілікті мектепте бастауыш сынып мұға­лімі болып қызмет етеді.

– Бес асықпен мен мектеп ке­зінен айналысып келемін. Дайын­дық негізгі мектебінің дене шынық­тыру пәнінің мұғалімі Серік Бекжа­нов – алғашқы жаттықтырушым. Ол кісіге алғысым шексіз. Қазіргі таң­да Ағжан Сұрағановтың қара­мағында жаттығамын. Отбасы­мыз­бен ұлт­тық спорттарға жақын­быз. Әкем кү­рес­пен айналысқан, інім то­ғызқұ­малақтан жарыстарға қаты­сып жүр, – дейді Камила Сек­сембай.

Әлем кубогына команда бір ай көлемінде дайындалған. Жарысқа 10 елден 60-қа жуық спортшы қа­тысқан. Жалпыкомандалық есеп­те және жекелей сында отандаста­ры­мыз бірінші орынды жеңіп ал­ды. Екінші орынды Қырғыз елінің спортшылары иеленсе, үздік үштікті Түркия түйіндеді.

– Сайысқа Түркия, Франция, Испания, Қырғызстан, Чехия елде­рінен командалар қатысты. Түркия мен Қырғызстан спортшылары лайықты қарсылық танытты. Жа­рыс өте жоғары деңгейде өтті. Де­генмен Қазақстанда өтетін жарыс­тарда жеңіске жету қиынырақ деп айтар едім. Себебі елімізде асық ойнайтындар өте көп, бәсеке­лес­тік жоғары, – дейді спортшы.

Әлем кубогына Камила жолда­сы және бір жасар баласымен бірге аттанған. Себебі емшектегі баланы қалдырып кете алмаған. Жаттықтырушысы Ағжан Сұраға­новтың айтуынша, енді ел чемпио­натына дайындықты бастамақ. Ол 20-24 қараша аралығында Көкше­тау қаласында өтеді.

– Мен 2014 жылдан бастап жастарды жаттықтырып келемін. Әр жаттықтырушы үшін шәкіртінің жеңіске жеткені – қуаныш. Қанша уақыттан бері жасап жатқан еңбе­гіңнің нәтижесін көру – ең үлкен бақыт. Қыркүйек айында тағы бір шәкіртім Сәния Әскер Дүниежүзі­лік көшпенділер ойындарының чем­пионы атанған болатын. Енді Камила Сексембай әлем кубогын­да ең биік шыңға шықты. Әлемдік деңгейдегі жарысқа қатысу үшін Қазақстан құрама командасының ішінде іріктеуден өтудің өзі оңай емес. 40 шақты спортшы бар, со­ның ішінен 3 қыз іріктеліп алынды, – дейді Ағжан Сұрағанов.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp