Өңірлік коммуникациялар қызметінде Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Аудан әкімі жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Шаруалар жалпы көлемі 300 мың гектарға жуық алқапқа дән сепкен. Аталған салада жалпы 85 серіктестік пен 163 қожалық жұмыс істейді. 10 айдың ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 56 млрд. теңгеге жеткен. Дәнді дақылдардың берекелігі гектарынан 21 центнерден айналып, 446 мың тонна астық жиналған. Ал гектарынан 12 центнерден жиналған майлы дақылдардың көлемі – 67,5 мың тонна. Әртараптандыру нәтижесінде соңғы 10 жылда майлы дақылдардың егіс алқабы 9,1 мың гектарға ұлғайып, 58 мың гектарға жеткен. Биыл 219,5 мың гектардан астам алқапқа 18,3 мың тонна тыңайтқыш енгізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артық.
Мал шаруашылығы саласында 50 серіктестік пен 87 қожалық бар. “Заградовское”, “Ильинское”, “Ебжанов және К” серіктестіктерінде ірі қара саны 400-ден асса, “Грамлих” және “Красный Сибиряк” серіктестіктері жүз басқа шақталған. Нәтижесінде 10 айда 7,1 мың тонна сүт сауылған.
– Биыл тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша 2 жоба жүзеге асты. Корнеевка ауылындағы “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігі голштино-фриз тұқымды 1300 басқа арналған ферманың құрылысын аяқтады. Жоба құны – 11,7 млрд. теңге. Нәтижесінде мұнда жылына 7,5 мың тонна сүт сауылып, 60 адам жұмыспен қамтылады. Тораңғұл ауылындағы “Азия-Тораңғұл” серіктестігі симментал тұқымды 800 бас ірі қараға арналған ферма салды. Мұнда 30 адам еңбек етуде. 4 мың тонна сүт өндіріледі. Биыл негізгі капиталға 19,4 млрд. теңге инвестиция құйылды. Оның жартысынан көбі ауыл шаруашылығы саласына салынған, – деді Мереке Тілеужанұлы.
Аудандағы өндіріс көлемі – 6,2 млрд. теңге. Биыл мұнда “Қызылжар Жолдары KZ” асфальт-бетон зауыты іске қосылған. Құны 800 млн. теңге болатын жобаның жылдық қуаттылығы – 165 мың тонна. Ал 2025-2028 жылдары 27 жел генераторын салу жоспарланған. “Green Era company” серіктестігі жүзеге асыратын жобаның құны – 3 млрд. теңге.
– Есіл ауданында 893 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бөлшек саудадағы қаржы айналымы – 6 млрд. теңге. Биыл 6 кәсіпкерлік нысан ашылды. Келер жылы тағы 3 нысан ашу жоспарланған. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры 11 жобаға жалпы көлемі 1 млрд. теңге қаржы бөлуді мақұлдады. Алдымызда тұрған тағы бір міндет – жолдардың сапасын жақсарту. Аудандағы 505 километр жолдың 138 километрі республикалық маңызға ие. Биыл облыстық және республикалық маңызы бар 60 километр жол жөнделді. 6 ауылдың көшелерінде тиісті жұмыстар жүргізілді, – деген аудан әкімі жолдарды ретке келтіруде жауапсыз мердігерлердің кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Аудан тұрғындары абаттандыруға бір кісідей үлес қосып, 3 мың тонна қоқыс шығарылған. Бұл бағыттағы шараларға 10 техника мен 3 мың адам жұмылдырылған. 4 мың ағаш пен 670 түп тал егілген. Келер жылы Есілдегі гүлзарлардың көлемі екі есеге ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен елді мекендерді абаттандыру бойынша 58 меморандум жасалған.
Есілдегі 53 ауылдың 32-сінде сапалы ауызсу қолжетімді. 2,3 мың адам тұратын 21 ауыл құдық суын пайдаланып отыр. Биыл Новоузенка, Жамбыл, Тонкошуровка, Қарағаш, Қаратал ауылдарында кешенді блок модуль орнатуға 44 млн. теңге бөлінген. Аудан әкімдігі құны 7,1 млрд. теңге болатын “Преснов” топтық су құбырын жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындаған. Егер қаржы бөлінсе тағы 13 елді мекенге ауызсу тартылады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.