Адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы XXI ғасыр білім мен интеллект дәуірі болатындығын әлдеқашан айқындап қойған. Яғни, біз өмір сүріп отырған ғасырда мемлекеттің экономикасын, әлеуметтік әлеуетін, саясатын қоғамның болашақ дамуын интеллектуалды адами капитал айқындайтын болады.
Мәселен, қазіргі таңда компания құны кәсіпорын қызметкерлерінің адами капиталының әлеуетімен өлшенеді. Мына ғажайып фактіге көңіл аударыңыз, компания құнының 75 пайызы оның қызметкерлерінің білімі мен интеллектісіне тәуелді екен. Экономика саласы сарапшыларының пікірінше, білімге жұмсалған инвестиция болашақта орта есеппен жылына 12-14 пайыз табыс әкеледі екен. Сондықтан да адами ресурсқа, білікті мамандарға сұраныс жылдан-жылға артып, мемлекеттер, әлемдік трансұлттық алпауыт компаниялар арасындағы бәсекелестік үнемі шиеленісе түсуде. Елімізде соңғы жылдары экономиканы әртараптандырудың стратегиялық бағдарламалары жүзеге асырыла бастады. Міне, осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, дарынды балалар – мемлекеттің зияткерлік әлеуеті. Бүгінгі таңда дарынды балаларды анықтауда қолданылатын бағдарламалар мен ғылыми-әдістемелік нұсқаулықтардың сан алуан түрлері кездескенімен, оларды тиімді қолдануда қиыншылықтар көптеп кездесуде. Дарынды балалар кез келген мемлекеттің ғылыми-экономикалық әлеуетін құрайтын аса құнды “адами капитал” болғандықтан, әлем елдері арасында бұл таусылмайтын қазына қорына қызығушылық жылдан-жылға арта түсуде.
Дарынды балаларды анықтау – ұзақ және үздіксіз жалғасуы тиіс үдеріс. Баланың дарынын анықтап қана қоймай осы бағытта нәтижелі жұмыс істеуде түрлі олимпиадалар мен конкурстарға қатыстырудың тиімділігі зор. Осы жауапты міндетті жүзеге асыру үшін өткен жылы өңірімізде “Қызылжар дарыны” орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты – дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау бағытында ұстаздардың ынтымақтастығы және тәжірибе алмасуына қолдау көрсету. Орталықта отызға жуық маман жұмыс істейді. Арада аз уақыт өтсе де, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, тың бастамаларымызға қоғамның назарын аударта алдық. Орталық мамандары болашақта атқарылатын жұмыстарды ескере отыра, осы жылға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Осы ретте зияткерлік қабілеті жоғары балаларды анықтау, қолдау және дамыту жүйесін жетілдіруге басымдық берілген. Яғни алдымызға зор міндеттер қойылып отыр. Олар – оқушылардың зияткерлік дарындылығын аймақтық деңгейде анықтау, дамыту және қолдау үшін жағдай жасау, облыстың зияткер балаларын анықтау, іріктеу және дамыту әдістемесін әзірлеу. Сонымен қатар дарынды балалардың деректер банкін құру, өңірлік зияткерлік олимпиадаларды, жарыстарды, түрлі бағыттар бойынша конкурстарды ұйымдастыру және өткізу, зияткерлік жарыстар мен конкурстар өткізу бойынша нормативтік-құқықтық құжаттаманы әзірлеу, республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысу үшін облыстық құрама командалардың мүшелерін даярлау. Облыстың білім беру ұйымдары оқушыларының дарындылығын дамытудың негізгі көрсеткіштері бойынша талдамалық ақпарат дайындау, оқушылардың зияткерлік дарындылығын дамыту мәселелері бойынша білім беру қызметкерлеріне ғылыми-әдістемелік семинарлар, кеңестер өткізуге практикалық көмек көрсету жұмыстарының тиімділігін арттыру. Осы ауқымды міндетті орындау үшін жұмыс жүйелі жүргізілуі қажет.
Дарынды балалардың түрлі олимпиадаларға және интеллектуалдық байқауларға қатысуы аса маңызды. Интеллектуалдық сайыстар білім алу үдерісіне және өмірде де қажетті функционалдық сауаттылық дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Бұл бағытта нақты жетістіктеріміз де баршылық. Өңір оқушылары өз білімдерін облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда дәлелдеп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Мәселен Егор Глухих лингвистикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде жүлделі 1 орынды, Халықаралық Тынық мұхиты олимпиадасында 2 орынды иеленді. Ауыл мектептеріне арналған олимпиадада “Ең үздік олимпиадалық команда – 2024” аталымында біздің оқушылар III деңгейлі дипломмен марапатталды. Мақсат Өмірболатов жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық – “Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2024” олимпиадасының жүлдегері атанды.
2-7 сынып оқушыларына арналған “Зерде” республикалық ғылыми-зерттеу байқауында 19, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауында 14 жүлделі орынды иеленді. Х халықаралық Жәутіков атындағы математика пәні олимпиадасында 2 орынды Данил Аксёнов жеңіп алса, физика пәнінен 3 орынды Роман Остафейчук иеленді. Информатика пәні бойынша Еуразиялық олимпиадада Данил Аксенов, Даниал Сейіт, Максим Тараннан құралған облыс командасы 3 орынды иеленді. Бұл – осы күнге дейін қол жеткізген жетістігіміз.
Қазыналы халқымыздың бойында табиғаттың тылсым құпияларын зерттеу қасиеті бар. Адамзаттың ұстазы атанған әл-Фарабиден бастап, “Диуани хикмет” кітабын жазған Ахмет Ясауи өз ғұмырын даналықтың кілтін іздеумен өткізген. Болашақта “Қызылжар дарыны” орталығы осы қасиетті топырақтан шыққан Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ебіней Бөкетов сияқты даналардың шығуына үлес қосатынына сенеміз.
Бахыт ҒАБДУЛЛИНА,
“Қызылжар дарыны” орталығының директоры.